ТӘРБИЕ ҚҰРАЛЫНА ДА ТӘРБИЕ КЕРЕК
Бірақ, бір өкініштісі, бүгінде саңырауқұлақтай қаптап кеткен жергілікті радиоарналарын тыңдасаң, көңілің су сепкендей басылады. Жаттанды да құнарсыз сөз, орынсыз күлкі, талғамсыз зарлаған ән, анайы әзіл жүрегіңді айнытады. Мысалы, жақында сол жергілікті радиоарналардың бірінен 18 жасқа толған бір қызды ағайындары құттықтап жатты. Оған өз тілегін қосқан радио тілшісі «біз де 18-ге толған құрбымызға 18 түрлі бақыт тілейміз» деді. 18 түрлі бақыт деген не сөз? Шындығында, біз бақыт деген ұғымды барлық жақсылықтың жиынтығы деп түсінеміз, ол түрге бөлінбейді емес пе?! Енді бірде «Отызыншы маршрутта келе жатқан отағасыма арнап ән берсеңіз екен, біз үйде түстікті ішпей күтіп отырмыз» дейді радиоға хабарласқан адам. Оған радио тілшіміз «Я, отағасы тез жетіңіз, шайыңыз суып қалды» деп қарап тұр. Тәрбиенің ең өтімді құралы атанған радионы осыншама ойыншыққа айналдыруға бола ма?
Жергілікті радиоарналардың екінші бір кемшілігі — газеттерге шығып, теледидардан әлдеқашан көрсетіліп кеткен хабарларды айтып отырады. Керісінше, олар газеттен де, теледидардан да алда жүруі қажет. Кез келген оқиға немесе жаңалық сол бойда радиодан беріліп жатуы тиіс емес пе?!
Тағы бір айтатын жай, радио тілші не диктор белгілі бір деңгейде дайындықтан өткен, қай тілге болмасын өте сауатты, жайлы дауыс ырғағы қалыптасқан, елді тыңдата білетін байыпты маман болуы тиіс. Өкінішке орай, радионы құлаққа түрпідей тиетін шаңқылдаған немесе күркіреген жағымсыз дауыс, орынсыз, қалай болса солай айтылған сөз, ерсі еліктеушілік жайлап алды. Тіпті, олар «Шалқар», Қазақ радиосындағы әріптестерін де мүлдем тыңдамайтын, олардан үлгі алмайтын сияқты.
Осының бәрі «бұл саланың бақылаусыз қалып, кездейсоқ адамдардың қолында кеткені ме?» деген ой туғызады. Басқаны білмейміз, ал, эфирге осынша жауапсыз қарау ол қоғамға өте қауіпті. Себебі, таралып жатқан кез келген хабар шығармашылық сүзгіден өтіп, оның мәдениеті мен талабын қатаң сақтауы тиіс. Әрине, барлық радиоарнаға Әнуарбек Байжанбаев, Сауық Жақанова сияқты адамдарды табу керек деген талап қою дұрыс болмас, дегенмен іздесе жағымды даусымен жаныңды баурайтын сауатты жастар көп қой…
Мұны жазып отырғандағы мақсатымыз, радиодағы әріптестерімізді сынап, мінеу емес, жанымыз ашығандықтан сөз еттік. Жалпы, радионың мақсаты хабар, әуен тарату ғана емес, ол – ең бастысы, басқа ақпарат құралдары сияқты тәрбиенің қайнар көзі. Оны жас та, кәрі де тыңдайды, әрі ол жұрттың бәріне қолжетімді, қазір көлігінде де, үйінде де – сол радио. Ендеше, өзгеге тәрбие беру үшін ең бірінші өзіміз тәрбиелі болуымыз шарт. Осыны естен шығармасақ екен.
Нұрлан ҚАБЫЛОВ.