ТАПСЫРМА СӨЗСІЗ ІСКЕ АСАДЫ
Жалпы, теңге бағамының ауытқуы – заман талабы, экономика өсімінің кепілі. Бұл бағыттағы түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатқанымен, халықтың абдырап қалғаны анық. Үкіметтің арнайы өткізген жиынында Елбасы бұл жайтты кең талқылай келе: «Теңгенің айырбастау бағасының түзетілуі ғана экономика өсімінің 6 пайыз төңірегінде болуына мүмкіндік береді. Халыққа түсінікті болуы үшін айтайын. Экономиканың өсімі – бюджет түсімдерінің ұлғаюы. Бұл қаражат халыққа жалақы, зейнетақы кірістері түрінде беріледі» деп атап айтты.
Халықты әлеуметтік қолдау жөнінде кешенді шаралар қабылдау қажеттігін атап өткен ел Президенті тұрғындардың табыстарын қолдау мақсатындағы алты халықтық тапсырманы айрықша атап өтті. Соның ішінде 2014 жылдан зейнетақы төлемдерін тоғыз пайызға және мемлекеттік әлеуметтік төлемдерді жеті пайызға арттыруды есепке ала отырып, оларды тағы бес пайызға көбейту, яғни сәйкесінше, 14 және 12 пайызға дейін жоғарылату мәселесін қарастыруды тапсырды. Макроэкономикалық және әлеуметтік тұрақтылықты сақтау бойынша Президент жүктеген жеті халықтық шараның қатарында да зейнетақы төлемдерін бес, мемлекеттік әлеуметтік төлемақыларды жеті, атаулы әлеуметтік көмекті жеті, шәкіртақыны он пайызға өсіру жайы қамтылған. Байқап отырғанымыздай, бұл үстемеақылар халықтың осал тобын қолдауға бағытталып отыр. Бұл да – өз кезегінде Елбасының ең алдымен бұқара жайын ойлайтындығының айқын көрінісі. Сайып келгенде, мұның барлығы еліміздің әрбір азаматы өзін қоғамның бір мүшесі ретінде толыққанды сезінуіне мүмкіндік туғызып, Елбасы мен Үкіметтің қолдауын айқын аңғаруына жетелейді.