Таң намазындағы тілек
Күллі мұсылман қауымы үшін айлардың сұлтаны саналатын қасиетті Рамазан айы да аяқталды. Кеше ұлық та қастерлі Ораза айт мейрамы басталды.
Қасиетті Рамазан айының аяқталғанын білдіретін Ораза айт – мейірімділіктің, игіліктің, бірліктің, ізеттіліктің, қайырымдылықтың мерекесі. Бұл мейрам барша халықты ізгілікке ұйытады. Бұл күні таңғы сағат жеті болмай барша ораза тұтқан жамағат Ораза айт намазына қатысу үшін Атыраудағы «Иманғали» мешітіне жиналды. Алдымен орталық мешіттің бас имамы Батыржан Мансұров көпшілік қауымды айтулы мейраммен құттықтады. Ол жамағатқа қасиетті Рамазан айы мен Ораза айт мерекесі жайлы уағыз айтып, керекті кеңестермен бөлісті. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың құттықтауын жұртшылыққа оның орынбасары Әлібек Нәутиев жеткізді.
— Әрбір отбасына амандық, жақсылық, дендеріңізге саулық, жұмыстарыңызға береке тілеймін! Раббымыз баршамызды Рамазаннан Рамазанға дейін аман-есен жеткізе берсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, тәуелсіздігіміз баянды болғай! — деп тілегін білдірді.
Бақытжан ХАМИТҰЛЫ.