ТАМАША ТӘЛІМГЕР
Дина оркестрі 1990 жылы қайта құрылып, жұмыс істей бастаған сәтте екінші дирижер болып Жұмагелді Нәжімеденов келді. Ол оркестр репертуарының тек төкпе күй емес, шертпе күймен, атап айтқанда Қаратау, Жетісу, Алтай, Арқа күйлерімен толығуына күш салды. Бірақ, ол ғылыми ізденіске бет бұрғанда, Рекең оның орнына мені шақырды. Екі рет әңгімелесті, мен келіспедім. Үшіншісінде «Тынышбай, сізге бұйрық беріліп жатыр. Іске кірісіңіз. Мен сіздің мүмкіндігіңізге сенемін» деп бар жауапкершілікті мойныма артып салды. Содан соң «Біз өз өлкеміздің, ұжымымыздың патриоты болуымыз керек. Мәселен, сен Жылыой өңірінің тумасысың ғой. Т.Құлтумиевтің «Комсомол» күйі оркестр репертуарынан түспеуі керек. Теңіз, Исатай, Индер аудандарына барғанда Құрманғазы мен Дина, Түркеш, Баламайсаң, Қызылқоғада Есбай күйлері міндетті түрде орындалатын болсын. Шертпе күйлерді де ұмытпа», — деп болашақта істелетін жұмыстарды белгілеп тастады.
Араға үш-төрт ай салғанда Рекең балаша қуанып: «Тынышбай, сенің алғашқы қадамыңды жұрт жақсы бағалауда. Осы қалпыңнан тайма!» деп мәз болғаны бар.
Рекең өзі құрап, аяғынан тұрғызған оркестрін жанындай жақсы көретін, бар тілеуі соның үстінде болатын және оны ылғи да биіктен көргісі келетін. Соған сай оркестр мүшелеріне әрдайым «Сіздер (ол кішкене балаға да, басқаға да тек қана «Сіз» деп сөйлейтін) осы ұжымның жанашыр, қамқоршысысыздар. Сәл сәттіліктің өзін дабырайтып көрсетсе, дардай болады. Үндемесең, үйдей жетістігің де көрінбейді. Бұл – өкініш. Жаныңдағы жолдасыңды әрдайым зор санаңдар» дейтін. Ол өзінің орындау шеберлігі, оркестр мүмкіндігін өсіру арқылы қазақтың күй өнерін тым биікке көтерді. Сол арқылы өзі де өзгелер жетпеген биікке көтерілді. Сондықтан, оны туған халқы да, тәрбиесін көріп, тәлімін алған шәкірттері де шырқау биіктегі шынайы дарын деп санайды.
Тынышбек ЕСТАЕВ,
Жылыой аудандық халық ұлт аспаптар оркестрінің бас дирижері.
Құрманғазы атындағы
ІІ республикалық
конкурстың лауреаты.