ТАЛАП ТА, ТӘРТІП ТЕ ЗОР
Тарқатып айтқанда, бүгінге дейін қолданыста болған кодексте 5 бөлім, 44 тарау, 733 бап көзделген болса, жаңа құжат 5 бөлім, 53 тарау және 920 бапқа бөлінген. Жаңа кодекс бойынша атқарушылық іс жүргізу саласындағы сот орындаушылары мен борышкерлерге қатысты қолданылатын баптары да өзгертілген. Яғни, атқарушылық саласындағы сот орындаушылары ескі кодекс бойынша 521 баппен борышкерге қатысты әкімшілік хаттама толтыруға құқылы болса, жаңа кодекс редакциясында 521 бап 665 бапқа өзгертіліп, әкімшілік хаттама толтыру құқығы ішкі істер полиция қызметкерлеріне берілген.
Жаңа кодекстің 804-бабының 56-тармағына сай мемлекеттік сот орындаушыларының жаңа кодексінің 663, 666, 669, 673-баптарымен борышкерлерге қатысты әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы хаттамалар жасауға құқығы бар. Жаңа кодекстің 663-бабы бойынша кәмелетке толмаған айыпталушының (күдіктінің) келуін қамтамасыз ету туралы міндеттемені бұзғаны үшін ата-ана, қорғаншы, қамқоршы немесе арнаулы жабық балалар мекемесі әкімшілігі өкіліне қатысты әкімшілік хаттама толтыру құқығы мемлекеттік сот орындаушыларына беріліп отыр. Айта кету керек, мұндай құқық ескі кодекс бойынша сот орындаушыларының құзырында болмаған.
Сонымен қатар, жаңа кодекс «Әкімшілік жаза қолдану туралы қаулыны орындаудың ескіруі» туралы баппен толықтырылған. Яғни, жаңа кодекстің 890-бабының 1-тармағында «Әкімшілік жаза қолдану туралы қаулы, егер ол заңды күшіне енген күннен бастап бір жыл ішінде, ал салық салу және Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасы саласындағы құқық бұзушылықтар үшін ол заңды күшіне енген күннен бастап бес жыл ішінде орындалмаса, орындауға жатпайды» делінген.
Ләззат БЕРДИЕВА,
Атырау облысы әділет департаменті атқару өндірісін есепке алу және бақылау бөлімінің басшысы.