Жарнама
Қоғам

Талайлар тамсанған Гурьев еді…

 Атырау қаласының 376 жылдық тарихы бар. Яғни, 1640 жылы Ярослав көпесі Гурий Назаров Сарай-шықтағы Ноғай ханына алым-салық төлеп, ұлдарымен бірге Жайық өзенінің оң жақ жағалауының сағасына ағаштан жасалған балық аулайтын үйшік салып, көшіп келеді. Содан бері көптеген балық аулайтын шаруалар келіп, тұрақтай бастаған. Атырау туралы алғашқы деректер көптеген зерттеушілердің еңбектерінде кездеседі. Сонымен, көне қала тарихы жайында зерттеушілер не дейді?

   1886 жылы зерттеуші В.Е. Фоссаның «Гурьев –қалашық» атты кітабы жарық көрді. Ол: «… Гурьев ұзындығы 1,5 шақырымды, ені жарты шақырымды қамтиды… Жерден, құммен тіпті кейде көңмен қам кірпіш жасайды; қам кірпіштен жасалған үйлердің өлшемі кішкентай, олардың шатырлары жазық… Әулие Николайдың жалғыз шіркеуі, бір ғана ағаш мешіт болды. Үкіметтік сегіз ғимарат бар, атап айтқанда: қала бастығының пәтері және кеңсесі, абақты, өртті бақылап тұратын мұнара, үш нан дүкені, аурухана және дәріхана, халықтық мектеп, мектеп жанындағы шағын кітапхана. Гурьевте қоғамдық өмір және көңіл көтеру орындары тіптен жоқ… Гурьевтіктер әр жылды қажырлы еңбекпен және жұмыспен өткізеді», — деп жазды.

   1717 жылы 4 сәуірде Гурьевке I Петрдің тапсырмасымен географ, зерттеуші, саяхатшы Александр Бекович Черкасскийдің басшылығымен Хиуаға бағытталған ресейлік экспедиция келді. 1769 жылдың тамызында атақты жаратылыстанушы, саяхатшы, академик Петр Симон Паллас Ресей ғылым Академиясын бастап Гурьев қаласында болған. Ол: «Көктем – балықтың көп жиналатын уақыты. Көп шоғырланғаны сонша, балықтың қысымымен үйшік құлауы мүмкін. Қалада коменданттар үйінен басқа жақсы құрылыс жоқ. Тек тастан жасалған оқ-дәрі дүкені… Гурьевтің батыс жағында екі шақырымдай жерде шағын гипстік таулар. Бұрындары Пешной аралында Гоголь мүйісі арқылы өтіп итбалық ұстайтын болған», — деп жазды.

  1836 жылы жазда Гурьевтен Карелиннің басқаруымен Каспийдің батыс және оңтүстік батыс жағалауын зерттеуге экспедиция аттанды. Олар шығанақтарды, өзен сағаларын, аралдарды және Индер көлін картаға түсірді.

   1833 жылы Гурьевте «Түсіндірме сөздіктің» авторы В.И.Даль болды. Ол қазақ тілін жақсы білген, қазақтың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін бақылады, қазақ мақалдарын жазып және оларды аударды.

   1845 жылы И.И.Железнов Жайық пен Каспийдің балықшыларының ауыр өмірі мен қиын жұмысы туралы өзінің «Балық кәсіпшілігінің картиналары», «Василий Струняшев» атты әңгімелері мен очерктерін жариялауды бастады. Жазушы Гурьевте дүниеге келген.

  1841 жылы Оралдағы әскери училищені тәмамдап, туған қаласына қайтып келді, бұл жерде балық кәсібін үйренді, этнографиялық және тарихи материалдарды жинақтады.

  1850 жылы 14 қазанда Гурьевте Маңғыстаудың Новопетровско бекінісіне (Форт-Шевченко) жер аударылып жіберілген украин ақыны Тарас Шевченко болды. Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов: «Шевченко қазақтың қиын өмірін, ұлттық тұрмыс-тіршілігін бақылады. Ол көп сурет салатын, далада жүріп суретші секілді даланы түсіріп алатын», — деген екен.

  1852 жылы Г.С.Карелин Гурьевке қоныстанып 20 жыл бойына зоологиялық коллекциялар жинаумен айналысты.

  1872 жылы Гурьевте күшті өрт болып, оның жинаған көп материалы жойылып кетті. Соншама еңбектің жоғалғанына қамыққан коллекционер қатты ауырады.

   1872 жылы 17 желтоқсанда дүниеден озып, Гурьевте жерленді. 1852 жылы 1 мамырда қалаға белгілі жазушы, журналист Н.Ф.Савичев келді, үш күннен кейін Т.Г.Шевченкомен кездесу үшін кемемен Новопетровск бекінісіне жүріп кетті. 1860 жылдың сәуірінен 1862 жылдың қазанына дейін Гурьев қаласында зоогеографияның негізін қалаушы ботаник, этнограф және саяхатшы Н.А.Северцов болды. Ембі ауданын зерттеу кезінде ол Ембі өзенінің сағасына дейін барып, бұл жерде мұнай бар екенін тапты. Оның «Жайық суындағы қызыл балықтардың өмірі», «Жайық маңындағы аңдар» атты жұмысын Ресей ғалымдары жоғары бағалады. Р.Л.Золотницкая өзінің «Н.А.Северцов» атты кітабында: «Ол Ғылым Академиясы үшін 3500 дана аң мен құстан тұратын Н.А.Карелиннің өте бай коллекциясын әкелді», — деген. 1888 жылы Гурьев арқылы полковник Г.Е.Грумм-Гржимайлоның экспедициясы, құрамында екі гвардия офицері, ағайынды Леман, барон Донельмайер және профессор Лебедевтан тұратын экспедиция жолға шықты. Олар Ембідегі мұнайдың шығуына назар аударды және қазақтардың малдың қотырын мұнаймен қалай емдегенін алғаш рет көрген.

  1891 жылы полковник Г.Е.Грумм- Гржимайло мен оның серіктері патшаға Ембі ауданындағы барлық мұнайды іздеп табуға құқық беру туралы арыз береді. Патша оларға қызметтері үшін даланы және жер қойнауын мәңгі пайдалануға береді. Олар 750 мың рубль ақшамен «Ағайынды Леман» қоғамын құрады. Басқарушысы А.С.Иванов болып бекітіледі. 1893 жылдан 1898 жылға дейін Доссор, Мақат, Ескене, Қаратон, Қара Шүңгіл аудандарына барлау мақсатында қолмен бұрғылау жұмыстары жүргізіледі.

Дайындаған: Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button