САЛАУАТТЫЛЫҚТЫ СЕРІК ЕТКЕН

Өнегелі құндылықтарды жаңғырту, отбасы мен некенің жағымды үлгісін тарату,  ата-аналардың балаларды тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыру және отбасы мәртебесін жоғарылату – «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының басты мақсаты. Былтырғы облыстағы іріктеу сайысында Исатай ауданының намысын аққыстаулық  Әміржан  Қабделовтің отбасы  қорғаған  еді.

 

Отағасы – Әміржан 1984 жылдан бері «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының ұңғыларды жерасты жай жөндеу цехының шебері болып жұмыс жасайды. Еңбектегі жетістіктері үшін 1995, 2013 жылдары «Өз мамандығының үздігі» атағын алды. Ол «Қазақ мұнайына – 100 жыл» ескерткіш медалімен марапатталып, спорт саласындағы табыстары үшін «ҚазақОйл-Ембі» ААҚ қызметкерлерінің спартакиадасында, аймақтық ойындар бәсекесінде бірінші орынды қанжығасына байлап, басқарма бойынша «Үздік спортшы» атанды.

Әміржанның Айгүл Таниевамен отау құрғанына да ширек ғасырдан асты. Шаңырақта төрт ұл-қыз тәрбиелеген олар екі ұлын үйлендіріп, үш немере сүйген, өрістерін кеңейтіп, құда-құдағайлы болды, ата-ене атанды. Айгүл де ауданның қоғамдық өміріне, түрлі өнер және спорттық сайыстарға белсене қатысады. Отбасында адалдықты, қарапайымдылықты, еңбекқорлықты басты мұраттарына айналдырған жарасымды отбасы тірлігіне осы шаңырақта болған біз де куә болғанбыз.

Кешкілік жұмыстан оралған ата-енелерін жайдары жүзбен қарсы алған келіндерінің ізеттілігі, үлкенге деген сый-құрметін сырт көздің сезінбеуі мүмкін емес. Ұлдары Ерлан мен Ержанның сыңарлары – қос келіні Мөлдір мен Арайлым да күні бойғы қауырт та  жауапты жұмыстан келген ата-енелеріне немерелерін ұсынып, иіскетіп, құшақтарына беріп, мауқын бастыруды да ұмытпауын қарашы. Шаңырақтағы үлкен ұл  Ерлан – Алматыдағы Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін мұнай-газ ісі мамандығы бойынша бітірген, жақсы футболшы, аудандық, облыстық жарыстарға қатысып, салауаттылықты серік еткен жігіт. Қазір Теңіз мұнай кен алаңында қызмет атқарса, Ержаны Алматыдағы Қазақ  спорт  және туризм академиясын тәмамдады. Ол өзінің спорттағы жетістіктерімен көпшілікке танылған, самбо мен дзюдо күресінен спорт шебері, қара белбеу иегері, Монғолияда, Францияда, Өзбекстанда, Ресейде өткен халықаралық сайыстардың жүлдегері.

Қыздары Айза – Оралдың М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті, болашақ ұстаз. Кенже ұлдары Әли – Аққыстау орта мектебінің оқушысы, самбо күресімен айналысады, жетістіктері де жоқ емес. Ержан ағасындай балуан болып, қазақтың атын шығарсам дейді.

Кешкі астан соң Әміржан кішкентай Қасымханын көтеріп, төргі бөлмеге беттеді. Ал, Айгүл қолы  босай қалған сәттегі бір  хоббиі – үйдің  кең  де  жарық  холлындағы түрлі гүлдерді күтуге кірісті. Төрт жасар немересі Айшабибіні қасына алып, үйдің сәнін келтіріп, көркін ашып тұрған гүлдеріне су құйып, жапырақтарын сүртіп, күтімін қарап жатқаны. 

Шымырлықпен шыңдалған шатты шаңырақтың басты ұстанымы –  қоғамға адал еңбек ету, ата-ананы, үлкендерді сыйлау, кішіге қамқор болып, салауаттылықты жандарына серік ету арқылы спорттың бұқаралық сипатқа ие болуына өзіндік үлестерін қосу.

Иә, осындай ынтымақ-бірлігі жарасқан, шаңырақта сыйластық пен татулық  орнаған әулеттің өткен жылы облыстық «Мерейлі отбасы» сайысында қазылар алқасының шешімімен «Салауатты отбасы» номинациясы бойынша үздік деп танылуы да жайдан-жай емес.  

Бақытжан ЖҰМАТ,

Исатай ауданы.

Суретте: мұнайшы Қабделовтер отбасы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз