Жарнама
Қоғам

Талайдың тағдырын тәрк еткен…

Осыдан отыз сегіз жыл бұрын Украинаның Чернобыль қаласында атом электр станциясының төртінші блогы жарылған болатын. Алапат апат Украина мен Ресейдің Брянск, Калуга облыстарының аумағын радиоактивтермен ластап,  бүкіл жер-жаһанға үлкен қауіп төндірді. Бүгінде бұл күн тарихтың қатпарларында қалса да, радиацияның ортасында болып, жарылыс салдарын жоюға қатысқандар үшін Чернобыль апатының жүректерге салған жарасы жазылар емес.

Иә, олар соғыста қан төккен жоқ. Алайда, адам өмірін жалмаған апатты жерде болды. 26 сәуір – Чернобыль апаты зардабының салдарын жою күні қарсаңында «мылтықсыз» майдан сарбаздарының айтарын тыңдадық…

 Серік МЫРЗАҒАЛИЕВ,

Чернобыль ардагері, «Атырау облысы бойынша Чернобыль ардагерлері одағы» қоғамдық бірлестігі төрағасы: 

«Тапсырма берілді және оны орындау керек»

   – Тарихтан белгілі, апаттан кейін жарылған 4 блоктың реакторынан небәрі 8 минутта шыққан 140 тонна радиоактивті отын ауаға тарап, оның зияны АҚШ-тың Хиросима мен Нагасаки қалаларына тастаған екі атом бомбасының қуатына тең болды. Улы сәуле шабуылы Украинаның Киев, Житомир, Белоруссияның Гомель, Могилев, Ресейдің Брянск облыстарына толығымен тараған.

Ол кезде мен әскери борышын өтеген, жасым отызға таяған жігіт ағасы едім. Құрылысшы болып еңбек етіп жүргенмін. «Чернобыльдықтарға үй саласыңдар» дегесін, өзім құрылысшымын, айтқанға сендім. Чернобыльға 50 адам болып поезбен аттандық. Жол үстінде ғана апат алаңына бара жатқанымызды ашып айтты. Поезға мінгенде адам лық толы болатын, кейін бізден басқа адам қалмады. Елді мекендер елсіз, бос қалған.

Діттеген орынға жеткен соң, маған насоспен бетон құю жүктелді. Арасында жоғары көтеріліп, 15 минутқа ішке кіруге рұқсат берілді. Қорғаныс құралдарынан қолымызда тек респиратор ғана.

Ол жерде үш ай болдым, өте қиын жағдайда жұмыс жасадық. Ұшқан қарға жоқ. Бұл көріністің өзі қорқынышты еді.

Сол кезде ешкім қауіп туралы ойлаған жоқ. Адамдардың АЭС-те қандай да бір жұмысты орындаудан бас тартуы туралы бірде-бір жағдай болған емес. Барлығы да берілген тапсырманы орындау керектігін білді.

Еңбек еш кетпеді, бірнеше Алғыс хат, төсбелгілермен марапатталдым. Менің қолымда реактор жарылған 4 энергетикалық блокқа кірген рұқсат қағазым да бар. Взвод командирі естелік ретінде беріп жіберген. Мұндай құжат ешкімде жоқ-ау…

 Аманбай БӘКЕСОВ,

Чернобыль ардагері:

«Тал-теректер қып-қызыл болып тұратын»

– Мен 1976-78 жылдары Семей ядролық сынақ полигоны зардабын жоюға қатысып қайтқан едім. 1987 жылы Чернобыль апатын заласыздандыруға жіберді. Әскерде болғандар дайын жауынгер саналатын. Сондықтан әскери комиссариат шақырды, біз бардық. Бұл өзі соғыс сияқты болды ғой. Қазақстан атынан аттанған бірден Украинаға жеттік. Үстімізде әскери киім. Киевте бізді әскерилер күтіп алып, әскери округке апарып, әр топқа бөлді. Ол кезде қайда баратынымызды да білген жоқпыз. Кейін радиациясы бар жерге жіберілетінімізді айтып, қай жерді баспау, не істеу керектігі жөнінде нұсқау берілді.

   Жарылыс ошағынан 60 шақырым жердегі казармаға орналастырған соң, арнайы әскери киім берді. Ол жерде оншақты бөлім болатын. Төртінші блокты білесіз, сол жерде дәнекерлеуші болып жұмыс жасадық. Берілген 2-3 минутта тапсырылған тапсырманы орындап шығуымыз керек. Кезекпен жібереді. Жалпы, радиация аймағында 4-5 сағаттан артық жұмыс жасауға болмайтын. Біз радиация деңгейін төмендетуге және оның таралуына кедергі келтіретін жағдайлар жасауға бағытталған іс-әрекеттерді орындадық. Атқарылған жұмыс көлемі орасан зор болды. 15 күн сол жақта, 15 күн әскери бөлімде жұмыс істедік.

Тал-теректер қып-қызыл болып тұратын. Жемістері піскен. Жиһаздарымен бос қалған үйлер, қабырғаға ілінген фотосуреттер… Бәрі көз алдымда. Жаспыз, рұқсат етілмесе де, қызықтап қарайтынбыз. Радиациялық сәулені мөлшерден көп алған болуым керек, үш айдан соң елге жіберді. Бүгінде үш ер балам, үш қызым бар. Кішкентай немерелерімнің атасымын. Өкініштісі, немерем сал ауруына шалдыққан. Осы радиацияның салдары, апаттың зардабынан болған деп ойлаймын.  Денеге сіңген сәуле ұрпақтан ұрпаққа таралатыны туралы айтылып та, жазылып та жүр. Өзі санаулы қалған Чернобыль апатының қатысушыларына мемлекеттен көңіл бөлінсе, қалған ғұмырымызды кең, жарық пәтерде өткізсек деген тілегім бар.

Хасан ҚАРАМАНОВ,

Чернобыль ардагері:

«Жадымда қалды жаңғырып…»

Бұл – тарихтағы және бүкіл әлемге белгілі ең жойқын  ядролық апаттардың бірі. Ол күллі адамзаттың қасіретіне айналды. Орны толмас қасірет әкелген Чернобыль оқиғасы болған кезде Мақаттағы Локомотив депосында еңбек етіп жүргенмін. Апат зардабын жоюға  аудандық әскери комиссариаттан шақырылдым. Арматурщик маман ретінде қатыстым. Дегенмен, апаттан кейінгі үйінділерді тазарту жұмыстарына да атсалыстық. Айналдырған 20 минутта берілген тапсырманы орындауға тырыстық. Өйтпегенде, радиацияны бойымызға сіңіріп алуымыз ықтимал еді. Ол кезде жаспыз, «мылтықсыз майданның»  салдарынан сан соғатынымызды кейін ұқтық қой. Елге келіп, денсаулық сыр беріп, мүгедектер қатарын толықтырғанда ғана қандай қатерге бас тіккенімізді түсіндік. Жантүршігерлік апат зардабы ұрпақтан ұрпаққа жалғасатыны қынжылтады.

  Жыл санап қатарымыздың азайып бара жатқаны көңілге кірбің түсіреді. Нағыз ұрпақ қызығын көріп, бақытына бөленер тұста талайдың дәм-тұздары таусылып жатыр. Ол бойды жайлаған радиациялық сәуленің салдары екені айтпаса да түсінікті. Тірі қалғандары сәуле күйіктерін алып, айықпас дертке шалдыққан.

Шындығы сол, Чернобыль апаты талайдың тағдырын тәрк етті. 

Дайындаған  Рита ӨТЕУҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button