ТАБЫСТЫ ҚЫЗМЕТ ТАҒЫЛЫМЫ
Шараны облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы ұйымдастырды. Шеберлік сабағына қатысуға ниет білдірген бір топ студент АРЕС колледжіне жиналды. Онда ірі халықаралық компанияда өзін-өзі ұстау ережелері, жұмыс ұсынушы тараппен қалай сөйлесу керек, табысты қызметке тұрудың осы және өзге де жолдары кеңінен баяндалды. «Фиркрофт инжиниринг Сервисез» мекемесінің кадрлық іріктеу бойынша жетекші маманы Бибігүл Рысқалиева өз тәжірибесімен бөлісті.
Түйіндемеге қосымша жалғанатын хат дегеніміз не, жұмыс берушілер назар аударатын басты қағидаттар қандай, жүздеген түйіндеме ішінен айрықша тартып тұратыны қайсысы, осы мәселелер бойынша мамандар тарапынан кең түсінік берілді. Мұнай-газ саласындағы мекемелерге жас мамандарды жұмысқа орналастырып жүрген тағы бір маман Әлия Мақсотова халықаралық тілдердің тым болмаса біреуін білу қажеттігін алға тартты. «Жеке басым, Америка Құрама Штаттарында шет тілдерін оқып-үйрендім. Кадр саласында алғашқы еңбек жолымды осы мекемеде бастадым. Автоматикалық басқару жүйелері, өндіріс ошақтарын эксплуатациялау, құбыр жүйесі, техникалық және механикалық бағыттағы жұмыстарға қабілетті жастарды тартып келемін. Қолымнан келгенше кандидаттың түйіндемесін қабылдап алғаннан бастап жұмысқа тұрып кетуіне дейін бар жағдайды жасап, жұмыс барысымен толық таныстыруға тырысамын. Жастардан сұралатыны тек бір-ақ нәрсе, өздерін әр қырынан танытып, бар мүмкіндіктерін ашық көрсетуі керек. Осылайша, олар қолдарынан іс келетінін дәлелдеп, еңбек нарығындағы лайықты орындарын таба алады. Әңгімелесуге келген жұмыс іздеушінің әр қимылы, қолданған сөздері, киім киіс, жүріс-тұрысына дейін өзі туралы көп ақпар беріп тұрады. Сондықтан, бойындағы қабілеті мен мүмкіндігіне сенімді адам ешқашан далада қалмайды. Тек таланты мен талпынысын дер кезінде жариялай білгені жөн. Өз болашағын атышулы мекемелердің жұмыс кестесімен байланыстырғысы келетін жастарға білім жинаумен бірге, қай істе де белсенді болуды тілер едім» дейді ол.
Жоғары табысты жұмыстарға қандай мамандар алынады, бұл бағыттағы психологиялық әдістер, күнделікті өмірден алынатын ситуациялық мысалдар жөнінде қонақтар егжей-тегжейлі баяндап берді. Шеберлік сыныбы барысында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойса, арнайы және жоғары оқу орындарының түлектері спикерлерге өз түйіндемелерін ұсынумен болды. Мамандардың айтуынша, белгілі бір оқу орнын аяқтаған жас түлек тағы бір оқу курсынан өтуге қорықпауы керек. Қосымша мамандықты игеріп шығудан бас тартпауы тиіс. Өйткені, білім мен білік ешқашан артық етпейді. Ең бастысы, түйіндеме толтыруға жеңіл-желпі қарауға болмайды. Жұмысқа тұрушы өз қабілеттерін сауатты түрде жарнамалай білсе, қойылған сауалдарға нақты жауап бере алса, қалғаны қиын емес. Осыдан кейін табысты вакансиялар тізімін жариялап отырған ғаламтор жүйесіндегі белгілі сайттар тізімі ұсынылды. Соңында қатысушыларға сауатты түйіндеме мен лауазымдық хаттарды толтыру үлгісі көрсетіліп, құнды құжат қағаздары таныстырылды.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.