ТАБЫСТЫ ДАМУЫМЫЗДЫҢ НЕГІЗІ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Конституцияны қатаң ұстану – бұл мемлекеттіліктің табысты дамуының және қоғамдағы азаматтық келісімнің негізі. Ол бойынша өмір сүру – бұл демократияның ең жоғарғы мектебі. Бұл мектептен барлығымыз өтуге тиіспіз. Біздің міндет – Конституцияға аса ұқыптылықпен қарау» деген болатын.

Сөз жоқ, кез келген мемлекеттің ұстанымын, ұлтының құндылығын айқындайтын басты құжат ол – Конституция. Ендеше, Ата заңды киелідей аялап, қастерлеу – ұлттың ұлы парызы. Сол себепті Ата заңымыздың 20 жылдығына орай газет бетінде ой өрбіткенді жөн санадық.

Тарихқа көз жүгіртсек, қазақ даласындағы «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» секілді заң жүйелері Қазақ елі Конституциясының ертеректе қаланған іргетасы іспеттес. Ол заңдылықтардың ел басқарудағы маңызы зор болса, бүгінгі Қазақ елінің Ата заңы тәуелсіздік пен тұрақтылық кепілі саналады. 1995 жылдың 30 тамызында референдум арқылы Конституцияның қабылдануы Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихында маңызды әрі шешуші оқиға болды. Мемлекеттің негізі болғандықтан, ол жайдан жай құрала салған жоқ.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың айтқанындай,  біз үшін дамудың әртүрлі сатыларында тұрған, сан алуан әлеуметтік-мәдени, ұлттық және басқа да ерекшеліктері, әртүрлі құқықтық жүйесі бар елдердің Конституциясы басты мәселені – тұрақтылықты нығайтудағы, халықтың әл-ауқатын жақсартудағы және демократияны дамытудағы қол жеткен табыстарын ұғыну маңызды болды.

«Ізденіс географиясы да ауқымды болатын – ол Еуропаны, Азияны, Солтүстік және Латын Америкасын қамтыды. Мен өз басым тікелей әлемдегі жиырма елдің конституциясын талдап, олардан конспекті жасап алдым. Нәтижесінде, жаңа Конституцияның қажеттігі туралы шешім қабылдамас бұрын бізде бес жылдық жинақталған тәжірибе болды. Біз содан негізгі басымдықтарды, мақсаттарды ажыратып, оларға жетудің құралдарын үйрендік» дейді Елбасы.

Осылайша, дүниеге келген Конституция тәуелсіз мемлекет ретінде дамуымызға даңғыл болып, елдің бетке алған бағдарының тұтастай бөлігін қамтып келеді.

Бас құжат елдегі барлық азаматтарға шыққан тегіне, дініне, саяси көзқарасына қарамастан бірдей құқықтық кепілдік беріп, азаматтық қоғам қалыптастыру үшін біздің міндеттерімізді нақты айқындап берді. Ата заңның негізінде адамды қастерлеу, құрметтеу, адамгершілік сезімдеріне баса маңыз берілді. Әркімнің өзінің жеке басының бостандығы заң жүзінде қор-ғалған және оның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды.

Конституцияда жеке, азаматтық және саяси құқықтарға, осы құқықтардың кепілдігіне айтарлықтай көңіл бөлінеді.

Атап айтқанда, Конституцияның 39-бабының 3-тармағына сәйкес, азаматтардың құқықтарын, яғни азаматтық құқығы, өмір сүру құқығы, жеке өміріне, өзінің және жанұясының құпиясына қол сұғылмауына, мемлекеттік органдары мен лауазым иелерінің кінәсінен шыққан зиянды қайтарып алуына және басқа да құқықтарын, тіпті ең төтенше жағдайлардың өзінде шектеуге рұқсат бермейтіні көрсетілген.

Сондай-ақ, адамдардың құқықтары мен бостандықтарына қоғамдық тәртіпті, халықтың денсаулығын қорғау мақсатында ғана шектеу қойылуы мүмкін екендігі көрсетілген. Қазақстан Республикасы азаматтарының заңды түрде алған қандай да болсын мүлкін жеке меншігінде ұстауында, оны мұраға қалдыруына конституциялық кепілдік берілген.

Бұдан басқа 13-бапта әр адамның өзінің бостандығы мен құқығын сот арқылы қорғай алатынын да ерекше атап көрсеткен жөн. Әр адамның заң мамандарынан көмек алуға, үкімді Жоғарғы сотқа қайта қаратуға, жазаны жеңілдетуді сұрауға құқығы бар.

Азаматтардың медициналық көмек алуына, мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алуына кепілдік беріледі. Ал, орта білім алу Конституция бойынша міндетті деп табылған.

Қазақстанда Конституция негізінде құқықтық мемлекет құру мен қоғамды демократияландыру – бұл ұзақ та күрделі процесс. Бұл біздің жас мемлекетіміздің аяғынан қаз тұру жолынан байқалады. Тоталитарлық жүйеден демократиялық қоғам өміріне өту қажеттілігі айқын болған күннен бастап Қазақстан халқының алдында ең алдымен Қазақ мемлекетінің егемендігі мен тәуелсіздігін қорғау міндеті тұр.

Республикадағы мемлекеттік биліктің жалғыз қайнар көзі саналатын бас құжаттың 83 бабына сәйкес, бүгінде прокуратура органдарының атқарар қызметі орасан. Ел аумағында заңдардың, Президент Жарлықтарының және өзге де нормативтiк- құқықтық актiлердiң дәлме-дәл әрi бiркелкi қолданылуын, жедел-iздестiру қызметiнiң, анықтау мен тергеудiң, әкiмшiлiк және орындаушылық iс жүргiзудiң заңдылығын жоғары қадағалауды жүзеге асырады. Кез келген заңдылықтың бұзылуын анықтау мен жою жөнiнде шаралар қолданады.

Сондай-ақ, Республика Конституциясы мен заңдарына қайшы келетiн заңдар мен басқа да құқықтық актiлерге наразылық бiлдiредi. Прокуратура да, сот та мемлекет мүддесiн қорғайды.

Республика Прокуратурасы төменгi прокурорларды жоғары тұрған прокурорларға және елдің Бас прокурорына бағындыра отырып, бiрыңғай орталықтандырылған жүйе құрайды. Ол өз өкiлеттiгiн басқа мемлекеттiк органдардан, лауазымды адамдардан тәуелсiз жүзеге асырады және Президентке ғана есеп бередi.

Қазақстанның әрбір азаматының өмір бойғы басты міндеті – Қазақстан Тәуелсіздігінің тірегіне айналған Конституцияны қатаң ұстану және оны қорғау. Ендеше, әр қазақстандық оның маңыздылығын жоғалтпай сақтап, құрметтей білсе, сол игі.

Алтынбек ЖҰМАБЕКОВ, Индер ауданының прокуроры.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз