«Таблиғи жамағат» тақсіреті
Жақында «экстремистік бағыттағы «Таблиғи жамағат» ұйымына қатысы бар» деген күдікпен Астана қаласының тұрғыны Мұрат Такаумов тоғыз айға дейін бас бостандығынан айрылды. Бұған дейін, дәл осы ұйымға қатысы бар бес адам жыл басында сотталған болатын.
2013 жылы экстремистік деп танылып, қызметіне мүлдем тыйым салынған таблиғшылардың басты мақсаты – Орта Азия елдерінде, соның ішінде Қазақстанда да халифат құру. Дінтанушы Марлен Муслимовтың айтуынша, «Таблиғи жамағат» ұйымының басты идеологиялық құралы «Фазаиль ‘Амали» кітабы болып табылады. «Өз аумағында бұл ұйымның қызметіне тыйым салған Өзбекстан, Түркіменстан және Тәжікстан елдері, Ресей Федерациясы «Таблиғи жамағат» ұйымының экстремистікке жанама түрде қатысы бар деген күдіктерін білдіреді. Оларды лаңкестік жолға дайындайтын бастауыш мектеп ретінде санап, ұйым мүшелерін әр уақыт құзыретті органдар бақылауға алып отыр» деп түсіндіреді теолог. Бұл күдік негізсіз деуге де болмайды. Себебі, таблиғшылар Пәкістан еліне ерекше белсенділерін оқуға жіберген уақытта, онда азаматтарға нені, қандай жағдайда және қалай үйрететіндігі бақылаудан тыс қалады. «Дінге бет бұрып жүрген жас мұсылмандардың басым көпшілігінің діни санасының радикалдануының алғашқы қадамы «Таблиғи жамағат» қатарына қосылудан басталады. Француздық басылымдардың бағалауынша, ислам атын жамылған экстремистердің 80 пайызы осы ұйым қатарынан шыққан» дейді дінтанушы Марлен Муслимов. Жақында ақпарат құралдарында бір ғана Қазақстанда салафит ағымын ұстанатындардың саны 15 мыңға жеткені туралы мәлімет тарады. Ақтөбе жерінде ылаң салған лаң-кестердің де «халифат құрамыз» деген желеумен бейбіт күнде қан төккенін ескерсек, зомбилық деңгейге жеткен радикалдардың алғашқы «әліппені» дәл осы «Таблиғи жамағаттан» үйренбегеніне ешкім де кепілдік бере алмайды. Оның үстіне, радикалдармен күресте ұзақ жылдық тәжірибесі бар Ресей, Пәкістан сынды елдер «Таблиғи жамағатты» лаңкестік жолға дайындайтын бастауыш мектеп ретінде бағалап отыр. Қантөгістен көз ашпаған Араб елдеріндегі жағдайлар да бізді ойландыруы тиіс. Демек, дін атын жамылған қаскөйлерден исламды арашалап алатын да кез жетті.
Б.АТАЙМАНҚЫЗЫ.
*1926 жылы Үндістанда құрылған бұл ұйымның идеологиясы уақыт өте келе көрші Пәкістан, Бангладеш, кейіннен Сирия, Иордания, Палестина, Ливан, Мысыр, Судан, Ирак, Араб елдеріне тарады. Бұдан әрі Еуропаға және ТМД елдерінде етек жайып, соңынан біздің елге де келген; *«Таблиғи жамағат» ұйымы оқшауланған қозғалыс болып табылады. Оның негізгі орталықтары Үндістанда, Пәкістан мен Бангладеште орналасқан. Және бір ескерерлігі, «Таблиғи жамағат» ұйымының мүшелері қызмет барысында белсенділіктерін көбіне өзге сенімдегілер мен атеистерге емес, «этникалық мұсылмандарға» бағыттап отыр. Қазақстандағы «экстремистік мазмұн» хронологиясы:
БІРІНШІ КЕЗЕҢ – 1991-2000 жылдар. Сала мамандары бұл кезеңді «радикалдық идеялар «импорты» деп атайды. Яғни, бұл жылдары Қазақстан территориясына шетелдік экстремистік ұйымдар Ресей, Қытай, Өзбекстан және Қырғызстан елдерінен ағыла бастады.
ЕКІНШІ КЕЗЕҢ – 2000-2011 жылдар, радикалдық құрылымдардың қызметінде «қазақстандық мазмұн» пайда болды. Яғни, 90-шы жылдары діни білім алуға кеткендер Түркия, Пәкістан, Сауд Арабиясы, Египет сынды елдерден оралып, радикалдық идеяларын елімізге кеңінен тарата бастады. Осы кезде күштік құрылымдар шетелдік террористік ұйымдарға біздің азаматтарымыздың да қатысы бар екенін ашық түрде мойындады.
ҮШІНШІ КЕЗЕҢ – 2011 жылдан бері жалғасып келе жатыр. Оның ерекшелігі, жергілікті радикалдық топтардың қалыптасып, белсенді жұмыс істеуінде. 2011-2012 жылдары елімізде орын алған лаңкестік оқиғаларға Қазақстан азаматтары ғана қатысты. Күні кеше Ақтөбе жерінде орын алған террористік акті де радикалдардың белгілі бір деңгейде «пісіп-жетіл-генін» көрсетеді.