Жарнама
Қоғам

Таңдайдың тақтай көпірі темірден қайта салынды

Таңдай ауылының оңтүстік шығысындағы «Боқсақ» өзегінен өтетін көпір салуды қолға алған Оңайбай Көшеков ағамыз болатын. Жуан томарлардан (бөрене) құрастыру жолымен көпір салынып, көп мәселе оңтайлы шешіліп еді.

Таңдайда көпір салынды

Уақытында облыс орталығынан тасымалданатын құрылыс материалдары, жанар-жағармайлар, жем-шөп пен өзге де қажеттіліктер осы көпір арқылы жеткізілетін. Тіпті, егіс учаскелеріне төтелей қатынаудың басты бағыты да осы көпір болғанын көзіміз көрді. Оған қоса, ауыл тұрғындарының иелігіндегі ірілі-ұсақты малы осы көпір арқылы өріске шығарылатын. Көпірден өткеннен соңғы сан тарау жолдардың бірі Сарайшық ауылының тұсынан «Атырау-Орал» тас жолына келіп тірелетін.

Кезінде халықтың игілігіне қыруар пайдасын тигізген ағаш көпір  90-жылдардың  басында әбден ескірді. Тек мал өтетіндей ғана күйге жетті. Астындағы, жан жағындағы тіреулері шіріп, беткі тақтайлары сөгілді. Міне, осы мәселені тұрғындар бірнеше рет  көтергенімен шешімін таппады. Ал, былтыр Бақсай ауылдық округіне әкім болып Қайыржан Мәжиев тағайындалғанда, таңдайлықтар осы проблеманы қайта қозғады.

Биыл аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев аталмыш көпірдің жайымен  әдейі танысқан болатын. Сөйтіп, сең қозғалды. Аудан әкімінің қолдауымен Махамбетте Жайық өзенінің үстінен көпір құрылысын салып жатқан «Энергомост» ЖШС мен «АтырауСушар» РМК-ның Махамбеттегі филиалы бұл іске білек сыбана кірісті. Бірі топырағын тасыды, екіншісі көпір бетін бетондады. Астына плита төсеп, тұрбаларын салды. Шіліңгір шілдеде басталған жұмыстың біраз бөлігі атқарылмай да қалған еді.

Ауыл тұрғындары «Батыс Альянс Строй» ЖШС-нің басшысы, облыстық мәслихаттың депутаты Әділ Жұбановқа осы іске қолдау көрсету жөнінде жазбаша өтініш жасады. Уағдаласқан уақытта Әділ Орынбасарұлы  жіберген құрылысшылар көпірдің екі бетін бетондау жұмыстарын үш күн ішінде тап-тұйнақтай бітіріп берді.

Қадыржан ҚАЗЫМБЕКҰЛЫ,

Махамбет ауданы.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button