ТҰТЫНУШЫ ҚҰҚЫҒЫ – МАҢЫЗДЫ ФАКТОР
— Өмірзақ Зиноллаұлы, жаңа агенттік құруға не себеп болды? Әңгімемізді осыдан бастасақ.
— Бұл құрылымдық өзгерістерге байланысты 2014 жылдың қаңтар айында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті және оның Атырау қалалық, аудандық басқармалары тұтынушылардың құқықтарын қорғау органдары ретінде қайта мемлекеттік тіркеуден өтті. Ал, жаңа агенттік құруға себеп болған жағдайларды саралаған кезде, біріншіден, бәріңізге белгілі, біздің еліміз Кеден одағы жағдайында жұмыс жасайды, Ресейден және Белоруссиядан халық тұтынатын тауарлар, оның ішінде тамақ өнімдері кедергісіз әкелінеді. Таяу уақыттарда аталған одаққа мүше елдердің саны артуы мүмкін. Оған қоса таяу мерзімде Еуразиялық экономикалық одақ құрылады деп күтілуде. Ал, ағымдағы жылдың аяғына дейін Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке өту мүмкіндігі қарастырылуда. Аталған дамудың жаңа сауда-экономикалық жағдайында еліміздің аумағына көптеген тауарлар кедергісіз әкелінетін болады.
Екіншіден, мемлекетіміздің кәсіпкерлік қызметін қорғауға бағытталған саясатына байланысты мемлекеттік қадағалау органдарының бақылау-қадағалау функциясы шектелді. Сондықтан, тауарлар, жұмыстар мен қызмет көрсетулердің түрлеріне қатысты тұтынушылардың құқықтарын қорғау маңызды мәселелердің бірі екені сөзсіз.
— Осы орайда елімізде тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың заңнамалық негіздері қандай екенін анықтап өтсеңіз. Жалпы, «тұтынушылардың құқықтарын қорғау» ұғымы қандай мағынаны білдіреді?
— Негізінен елімізде тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың заңнамалық негіздері ҚР Азаматтық Кодексі және ҚР «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңы екенін айта кеткіміз келеді.
Ал, бүгінгі күні қолданыстағы заңнамада тұтынушылардың құқықтарын қорғау ұғымы жоқ. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау дегеніміз – бұл мемлекетпен іске асырылатын және тұтынушылар мен кәсіпкерлік субъектілері қызметін – дайындаушы, орындаушы және сатушы арасында туындайтын қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған шаралар кешені. Агенттік мамандарымен шетелдік тәжірибені талдаған кезде тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың төрт негізгі үлгісі зерделенді. Мәселен, Франция мен Литвада әкімшілік жүйе қалыптасқан. Яғни, мемлекет тұтынушылық саясатты толық үйлестіреді және оған қатысты барлық шешімді соттың қарауынсыз мемлекеттік билік қабылдайды. Екінші үлгі – мәселе тек қана сот тәртіптеріне негізделеді. Үшінші, реттеуші – парламентпен тағайындалған, мемлекетке тәуелді емес, экономикалық соттар, қаржылық омбудсмен сынды арнайы органдар нарықтық салада тұтынушылар саясатына және бәсекелестікке жауапты болады. Төртіншісі – аралас үлгі. Бұл саладағы қолданыстағы заңнаманы есепке ала отырып, Қазақстан үшін тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың аралас үлгісі ыңғайлы деп таңдалды.
Қазіргі уақытта тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың бірнеше үлгісі әзірленуде. Барлық сұрақтар мемлекет, яғни біз, уәкілетті орган арқылы, бизнес (кәсіпкерлер) және азаматтық қоғам (бірлестіктер, ассоциациялар, одақтар) секілді үш қатынасушы арқылы шешіледі.
— Осы тұста қандай жағдайда тұтынушылар сотқа жүгіне алатынын анығырақ айтып кетсеңіз.
— Тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша қолданыстағы заңнама дауларды қоғамдық бірлестіктер арқылы соттан тыс тәртіпте шешуді де қарастырады, яғни тұтынушы қоғамдық бірлестікке шағымдануына болады, қоғамдық бірлестік өз кезегінде сатушыға, жеткізушіге немесе дайындаушыға кінә қойып өтініш білдіреді, одан кейін кінәрат-талап қанағаттандырылмаған жағдайда сотқа талап-арыз жолдайды. Сонымен қатар тұтынушы сотқа өзі талап арыз жолдауға құқығы бар. Ал, қоғамдық бірлестіктермен берілген талап арыздарға мемлекеттік баж алымы алынбайды, ал тұтынушы мемлекеттік баж алымын төлеуден босатылмайды.
— Өмірзақ Зиноллаұлы, тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың жаңа үлгісі әзірленіп, саладағы заңнамалық актілерге өзгерістер дайындалуда. Осы орайда сіздің орган нақты немен айналысады?
-Бүгінгі күні мемлекеттік органның негізгі жұмысы осы салада бақылау-қадағалау функциясының және әкімшілік шаралар қолдану құқының болмауына байланысты қолданыстағы заңнамаларды есепке ала отырып тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша бірнеше қызмет түрін атқарады.
ҚР Үкіметі мақұлдаған жағдайда автоматтандырылған басқару жүйесінің құрамында әзірленетін ақпараттық тұтынушылық интернет-портал ашылады деп күтілуде. Мұнда өтініштер түсетін болады, консультациялар беріліп, талқылауға арналған форумдар өткізіледі, оған қоса өнімдер, тауарлар туралы да ақпараттар орналастырылады. «Қауырт желі» телефондары жұмыс жасап, тұтынушылар құқықтарын қорғау жөнінде тиісті кеңестер берілетін болады.
— Тұтынушылар үшін ең бастысы өнімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Агенттік пен сіздің департаменттің осы бағыттағы жұмысы қалай құрылатын болады?
-ҚР Тұтынушылардың құқықтарын қорғау агенттігінің басым міндеттерінің бірі республика аумағында өнімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Өнімдердің қауіпсіздігіне қойылатын міндетті талаптар техникалық регламенттермен реттеледі. Бүгінгі күні республикада 88 ұлттық техникалық регламент қолданылады. Кеден одағы шеңберінде 34 техникалық регламент бекітілген.
Ағымдағы жылдың наурыз айында Астана қаласында жүргізілген санитарлық-эпидемиологиялық сараптама нәтижесі бойынша санитарлық талаптар мен техникалық регламенттерге сәйкес келмейтін өнім анықталды, осыған байланысты ҚР Бас Мемлекеттік санитарлық дәрігерінің Ресей Федерациясы және Беларусь Республикасының кәсіпорындарында өндірілген тауық етін ел аумағында өткізуді тоқтату туралы қаулысы шығарылды, оған қоса «Роспотребнадзордың» ресми ақпаратына сәйкес ел аумағына Украинада өндірілген ірімшікті әкелу тоқтатылды.
Мамыр айында австралиялық «Рибай Черного Ангуса» сауда белгісінің мұздатылған сиыр еті сынамасынан адам денсаулығына зиянды әсер ететін «тренболон ацетат» ветеринарлық препаратының анықталуына байланысты ҚР Бас Мемлекеттік санитарлық дәрігерінің «Қауіпті ет өнімдерін өткізуге тыйым салу туралы» қаулысы қабылданды. Сол секілді, «Роспотребнадзордың» ақпараты негізінде «метомил пестицидінің» қалыпты деңгейден 10 есе асуы себебінен, Перуде өндірілген «Жүзімдерді әкелуге және өткізуге тыйым салу туралы» қаулы, Кеден одағының «тамақ өнімдері, оның таңбалануы бөлігінде» және «қаптаманың қауіпсіздігі туралы» техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейтін Адыгейде өндірілген ысталған чечил ірімшігін өткізуге тыйым салу туралы» қаулы қабылданды. Бұл жағдайда мемлекеттік тілде жазылған белгісі жоқ, ал жапсырылған таңбалануында өнімді дайындаушының мекен-жайы көрсетілмеуіне байланысты тыйым салынды. Өнімдерде шошқа ДНК-сы анықталуына байланысты РФ-ның «Орелпродукт» белгісіндегі «сиырдың бауырынан жасалған жұмсақ паштет» консервілерін өткізуге тыйым салынды. Сондай-ақ, ҚР Техникалық шарттардың талаптарына сәйкес келмейтін Италия, Франция, Шотландия, РФ және Беларусь елдерінде шығарылған алкогольді өнімдерді әкелуге тыйым салынды.
— Жаңа агенттіктің негізгі функцияларының бірі халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету болып табылады. Бірақ, жоғарыда атап өткеніміздей, шағын және орта бизнес субъектілерін тексеру тоқтатылмақ. Осы жағдайларда халық тұтынатын тауарларды, тамақ өнімдерін өткізумен айналысатын субъектілерді санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау қалай жүзеге асырылады?
-Бүгінгі күнге дейін санэпидқадағалаудың мемлекеттік жүйесі екі бағыттан тұратыны белгілі: санитарлық-эпидемиологиялық нормалау және санитарлық ережелер талаптарының сақталуын бақылау, қадағалау. Соңғысы рұқсат құжаттарын, яғни санитарлық-эпидемиологиялық қорытындылар беру, тексерулер жүргізу арқылы іске асырылады.
Тексерулер санэпидқадағалау органдарымен жоспарлы және жоспардан тыс жүзеге асырылып келді. Ал, бүгінгі күні санитарлық ережелердің сақталуына бақылауды рұқсат құжаттарын (СЭҚ) беру, жауапкершілікті сақтандыру, тәуекелді бағалау негізінде тексеру жүргізу арқылы жүзеге асыру ұсынылуда.
Азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру екі кезеңмен жүргізіледі. Бірінші кезеңде субъектінің өтініші бойынша аудиторлық компания санитарлық аудит жүргізеді, оның қорытындысы бойынша объектінің сыныптылығы бекітілген санитарлық-гигиеналық паспорт беріледі. Екінші кезеңде субъектінің санитарлық-гигиеналық паспортты ұсынуы бойынша сақтандыру компаниясы объектінің сыныптылығына байланысты жауапкершілікті сақтандыру жағдайларын қарастырады, оның қорытындысы бойынша сақтандыру шарты жасалады. Санитарлық аудит жүргізудің жаңа схемасы мемлекеттік органның кейбір функцияларын бәсекелес ортаға беруді ұсынады. Жақын келешекте санитарлық аудитті жүргізу санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталықтарына жүктелетін болады, орташа және ұзақ мерзімді келешекте бәсекелес ортаға беру жоспарлануда.
— «Жалпы алғанда кәсіпкерлік нысандарын тексеру туралы мораторий бизнесті дамытқанымен, азаматтардың денсаулығы мен өмірінің қауіпсіздігін қамту мәселелері әлсіреп қалмайды ма?» деген сауал туындап отырғаны…
— Ойыңыз орынды. Кейбір жосықсыз немесе теріс пиғылды кәсіпкерлер көп табыс табу мақсатында аз қаражат жұмсап, бекітілген санитарлық талаптарды бұзады, ең соңында мұның бәрі тұтынушылардың, яғни сіз бен біздің денсаулығымызға әсер етуі мүмкін. Біз кәсіпкерлермен, облыстың кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағы басшылығымен сөйлескен болатынбыз. Қауіпсіздікке қатысты мәселелерде бәрінің пікірлері бір жерден шығып отыр, ешқандай жеңілдіктер болмауы тиіс.
Осыған байланысты рұқсат беру рәсімдері мен тексерулер қысқартылса, санитарлық нормаларды жүйелі түрде бұзушылықтар үшін жауапкершілік күшейтілетін болады.
— Әңгімеңізге рахмет! Жұмысыңызға сәттілік тілейміз!
Гүлжан ӘМІРОВА.