Қаңғыбас иттен қауіп көп

745564 Қоғам

«Тойдың боларынан боладысы қызық» дегендей, облысқа Әділет вице-министрі Алма Мұқанованың келетінін естіген атыраулықтар қордаланған мәселелерін тізіп, кездесуге асықты. Өйтпегенде ше, бірінің жеке сот орындаушыға өкпесі қара қазандай, енді бірі несие берешектерінің кесірінен жұмыс жасауға зауқы болмай жүргенін баяндағысы келеді.

Балалар түгілі, ересектерді талап жатқан қаңғыбас иттер туралы қоғамда жиі айтылып жүр. Ит иелерінің жауапкершіліктен жалтаруы да талай рет талқыланды. «Қоғам қаңғыбас иттерден зардап шегіп жатыр. Ал, ит талаған балалардың саны артқанын ескерсек, жағдай тіпті ушыға түскенін бағамдау қиын емес. Осы орайда, адамның емес, алабай, төбеттердің сойылын соққан заңды өзгерту қажет» деп сөзін қорытқан қоғам белсенділері қабаған иттен төнген қауіптен құтқаруды сұрады.

Басқаны қайдам, қоғамда белсенді болып жүрген талайлар таланған балалардың тағдырына алаңдағаннан гөрі, қаңғыбас иттердің өміріне бас ауыртатындай көрінеді. Оны әлеуметтік желідегі жазбалардан да, жиындардағы айқай-шудан да аңғардық. Кездесу кезінде қала тұрғындары пәтер иелері кооперативінен мүлік иелерінің бірлестігіне көшу туралы сұрақ қойды.

Вице-министр қазіргі уақытта бұл жұмыстар аяқталуға жақын екенін, министрлік оны цифрландыру бойынша іс-шаралар жүргізіп жатқанын атап өтті. Әрі қарай әкімшілік заңнаманы жетілдіру тәсілдері бойынша да баяндаған Әділет вице-министрі Алма Мұқанова қазіргі уақытта Әділет министрлігі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әкімшілік әділет саласын жетілдіру және кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын әзірлеу бойынша жұмысты бастағанын да жеткізді.

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз