Жарнама
Қоғам

ТҰТЫНУШЫ, ҚҰҚЫҒЫҢДЫ БІЛІП ЖҮР!

Сұрақ: Атырау қаласындағы бір дүңгіршектен кеудеше сатып алғанмын. Үйге келіп киіп көргенімде  өлшемі келмей қалды. Сатушыға қайтып алып барған едім, ол қабылдаудан бас тартты. Өйткені, «Тауар қайтып қабылданбайды» деген маңдайша ілініп тұр екен.

Әсел,

Атырау қаласының тұрғыны.

Жауап: Сатушының бұл шарты заңсыз. Өйткені, Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау» туралы №274/4. 04.05.2010 жылғы Заңының 14-бап 1,2-тармағына сәйкес, тұтынушылардың тиісті сападағы тауарды айырбастау немесе қайтарып беру құқығы бойынша тұтынушы азық-түліктік емес тауар өзіне берілген кезден бастап он төрт күн ішінде, егер сатушы (дайындаушы) бұдан да ұзақ мерзім жарияламаған болса, оның бағасында айырма болған жағдайда сатушымен  қажетті қайта есеп айырыса отырып, мөлшері, нысаны, ауқымы, пішіні, түсі, жиынтықталымы жағынан басқа, соған ұқсас тауарға айырбастап алуға құқылы.

Сатушыда айырбастауға қажетті тауар болмаған жағдайда сатып алушы сатып алынған тауарды оған қайтарып беруге және оған төленген ақшалай соманы қайтарып алуға құқылы.

Айырбастау осы Заңның 30-бабынасәйкес жүргізіледі. Егер тиісті сападағы азық-түліктік емес тауар пайдаланылмаса, оның тауарлық түрі, тұтынушылық қасиеттері, пломбалары, заттаңбалары, сондай-ақ, тауарды сатып алу фактісін растайтын құжат сақталса, егер шартта неғұрлым ұзақ мерзім белгіленбесе, тауар сатып алынған күннен бастап күнтізбелік он төрт күн ішінде сатушы (дайындаушы) оны айырбастауды немесе қайтаруды қамтамасыз етуге міндетті.

 

Сұрақ: Жақында жаңа тостер сатып алдым. Сынап көрейін деп қосып едім, қолымда тұрған күйінде өртене бастады. Үйдің ішіндегі жарық сөніп, ас үй жиһазы күйіп кетті. Шығынның материалдық өтемін талап ете аламын ба?

 Лариса,

Атырау қаласының тұрғыны.

Жауап: Қазақстан Республикасы «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау» туралы Заңының 31-бап 1, 2-тармағына сәйкес, сатушының (дайындаушының, орындаушының) тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) кемшіліктері салдарынан тұтынушының өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне келтірілген залалды (зиянды) толық көлемде өтеу жөніндегі міндеттері бойынша:

— Сатушы (дайындаушы, орындаушы) тауардағы (жұмыстағы, көрсетілетін қызметтегі) құрастыру, рецептілік немесе өзге де кемшіліктер салдарынан не тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет) туралы толық емес немесе уақытылы берілмеген ақпарат салдарынан тұтынушының өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне келтірілген зиянды толық көлемде өтеуге міндетті. Сондай-ақ, талап берілген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде тұтынушыға зиянды өтеу туралы жауап беруге не тұтынушының талаптарын қанағаттандыру үшін тиісті шаралар қолдануға тиіс;

Тауардағы  кемшілік фактісі расталған жағдайда сатушы (дайындаушы, орындаушы) тауарға (жұмысқа, көрсетілген қызметке) сараптама жүргізумен байланысты тұтынушыға, тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктеріне, қауымдастықтарға (одақтарға) келтірілген шығыстарды толық көлемде өтеуге міндетті; 

 Сұрақ: Жақын арада сатып алынған планшетім істен шықты, қазіргі уақытта ол сервис орталығында жөндеуден өтіп жатыр. Білгім келгені –жөндеу өтіп жатқан уақытта кепіл мерзімі ұзара ма?

 Талғат,

 Құлсары қаласының тұрғыны,

Жылыой ауданы.

Жауап: Қазақстан Республикасы «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау» туралы Заңының 30-бабының 2,3-тармағында сатушының тиісті сападағы да, тиісті емес сападағы да тауарды сату кезіндегі міндеттері анық көрсетілген.

Тұтынушы тауардан кемшіліктер тапқан және оны ауыстыру туралы талап қойған жағдайда сатушы оны дереу ауыстыруға, ал, сатушының тауар сапасын қосымша тексеруі қажет болған кезде тиісті талап қойылған сәттен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде ауыстыруға міндетті. Тауарды (жиынтықтаушы бұйымды) ауыстыру кезінде, егер шартта өзгеше көзделмесе, кепілді мерзім оны тұтынушыға берген күнінен бастап қайта есептеледі.

Егер шартта басқа мерзім белгіленбесе, тұтынушының келісімі бойынша сатушы  тауардан табылған кемшіліктерді тиісті талап қойылған кезден бастап күнтізбелік он күн ішінде жоюға тиіс. Тауардағы кемшіліктер жойылған жағдайда кепілді мерзім тауар пайдаланылмаған мерзім ішіндегі уақытқа ұзартылады. Көрсетілген уақытта тұтынушы кемшіліктерді жою туралы талаппен жүгінген күннен бастап тұтынушының талабы орындалған кезге дейін есептеледі. 

Сұрақ: Жазда демалыс аймағына бару үшін турагенттік арқылы жолдама сатып алып, ғаламтордан тұратын қонақ үйді көрдім. Қонақ үй көңілімнен мүлдем шықпады. Туроператормен келісім-шартты бұзуға шешім қабылдағанымда олар жолдама «Жедел жолдамалар» қатарынан екенін айтты.

Светлана,

Атырау қаласының тұрғыны.

 

Жауап: Қазақстан Республикасы «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау» туралы Заңының 10-бабының 1, 2-тармағында бұл мәселені шешу заңды негізде көрсетілген.

Тұтынушының тауар және сатушы  жөнінде осы Заңының 25-бабына сәйкес толық, дұрыс және уақытылы ақпарат алуға құқығы бар.

Егер бұл талаптардың орындалмауы салдарынан тұтынушы сапасыз тауарды  сатып алса, ол шартты бұзуға және өзіне келтірілген залалды өтеуді талап етуге құқылы. Сондай-ақ, сатып алынған тауарды мақсатына сай пайдалану мүмкіндігінің болмауына әкеп соқса, тұтынушы тауарды сатып алған (жұмыс орындалған, қызмет көрсетілген) күннен бастап күнтізбелік үш күн ішінде тиісті ақпарат беруді талап етуге құқылы. Егер көрсетілген мерзімде ақпарат берілмесе, тұтынушы шартты бұзуға және өзіне келтірілген залалды өтеуді талап етуге құқылы.

 

Сұрақ: Іш киім сатып алған едім. Үйге келіп, киіп қарасам маған шақ болмай шықты. Сатушылар да кері ауыстырмай қойды. Осы орайда менің тұтынушы ретінде қандай құқығым бар?

Галина,

Атырау қаласының тұрғыны.

 

Жауап: Қазақстан Республикасы «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау» туралы Заңының 30-бап, 1-тармағында сатушының  тиісті сападағы тауарды сату кезіндегі міндеттеріне сәйкес, дәрігерлік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды, іш киімді, шұлық бұйымдарын, жануарлар мен өсімдіктерді, метрлеп сатылатын тауарларды (атап айтқанда, барлық түрдегі талшықтардан жасалған маталарды, тоқыма және перделік кенеп матаны, жасанды теріні, кілем бұйымдарын, тоқыма емес материалдарды, ленталарды, шілтерді, таспаны, сымдарды, бауларды, кәбірлерді, линолеумды, багетті, пленканы қоспағанда) сатып алған күннен бастап күнтізбелік он төрт күн ішінде сатушы оны айырбастауды немесе қайтаруды қамтамасыз етуге міндетті.

Белгіленген жағдайда құқық бұзушылық жоқ.

Дайындаған  Айгүл  ЕРТІЛЕУ.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button