АЛМАҚТЫҢ ДА САЛМАҒЫ БАР

несиеге ұмтылушылар соны ұққаны жөн
ҚР Ұлттық банкі Атырау филиалының директоры Қозыбақ Құлбарақов журналистермен кезекті кездесуінде осы мәселеге баса назар аударды. Оның айтуынша, ағымдағы жылдың тоғыз айында екінші деңгейдегі банкілердің облыстағы филиалдары сұраушыларға 188,5 млрд. теңге несие берген. Демек, былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 38,2 пайызға немесе 52,1 млрд. теңгеге көп.

Әрине, заңды тұлғалар өндірісін өсіріп, кәсібін кеңейтуге қарыз сұраса, оны түсінуге болады. Ал, жай азаматтар борышқа неге белшесінен батып жатыр? Мәселен, биылғы қаңтар-қыркүйекте жеке тұлғалар 67,6 млрд. теңге несие алыпты. Осыншама мол қаражатты жерлестеріміз қайда жұмсады екен?
Ұлттық банкінің облыстағы өкілі мұны да саралап өтті. Сөйтсек, той-томалақтан өзге атыраулықтар сырты жылтыраған қымбат заттарға үйір екен. Әсіресе, құнына қарамай ұялы телефондарды, үй бұйымдарын, шетелдік көліктерді, т.б. жиі сатып алады. Ал, осы нәрселерге ие болу үшін банкілер берген қарызынан әупірімдеп әрең құтылғанда олары модадан қалып, ескіріп те үлгереді. Енді бұларды жаңарту үшін тағы да банкілерді жағалауға тура келеді. Сөйтіп, өмір бойы несиенің шырмауынан шыға алмай жүргендер де бар.
Сонда да тоқтайтын түріміз жоқ. Өйткені, биылғы қыркүйекте ғана алдыңғы аймен салыстырғанда несиелендіру көлемі 20,5 пайызға артып, 24,6 млрд. теңгені құраған. Алайда, «алмақтың да салмағы бар» деген қағиданы ұмытқандардың банкілерге берешегі үстіміздегі жылғы бірінші қазандағы есеппен былтырғы осындай уақытпен бағамдағанда 29,7 пайызға өсіп, 147,3 млрд. теңгені құраған. Оның ішінде мерзімі өтіп кеткен қарыз да жеткілікті. Демек, әркімнің көрпесіне қарай көсілгені жөн еді.
Кәсібі үшін десек те, заңды тұлғалардың да банкілер алдындағы борышы өсіп отырғандығы ойландырады. Биылғы қаңтар-қыркүйекте бизнес иелері 21,4 млрд. теңге несие алған. Демек, өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 16,3 пайызға артық. Ал, бұл нысандардың берешегі былтырғы осындай уақытпен бағамдағанда 23,5 пайызға өсіп, 96,3 млрд. теңгеге жетіпті. Оның едәуір бөлігінің мерзімі асып кеткен.
Мұның қауіпті құбылыс екендігін Елбасының өзі де ескертіп отыр. Өйткені, банкілерге қайтарылмаған қарыз қаржы институттарын тығырыққа тіреп, әбден тұралатуы ықтимал. Мұндай жай бұдан үш-төрт жыл бұрын болғанын да ұмытпалық. Сонда банкілер мемлекеттің көмегімен ғана аман қалған-ды.
Ұлттық банк Атырау филиалының директоры Қозыбақ Құлбарақов теңгенің құнсызданбайтынын да атап өтті. Алғаш айналымға шаққанына тура 20 жыл толғалы тұрған ұлттық валютамыз талай сыннан өтіп, өміршеңдігін дәлелдеді. Әйтсе де, бірқатар ауқатты адамдар банкілерге теңгемен салған депозиттерін долларға ауыстыра бастаған. Еуроға еліктеушілер де бар.
Есепті мерзімде доллар сатып алу көлемі республикада үш пайызға төмендесе, бізде керісінше, соншама өскен. Еуроның да көбейгені байқалады. Мұны мамандар атыраулықтардың алыс шет елдерге жиі шығуымен түсіндіреді. Әрине, әлемдік деңгейдегі жобалар жүзеге асырылып, инвесторлар тоғысқан өңірге бұл қалыпты құбылыс. Жерлестеріміздің ресейлік рубльді сатып алуы сәйкес кезеңде 2,3 есеге артыпты. Оны көрші елдің іргелес Астрахан, Орынбор тәрізді облыстарына сапарлау нәтижесі ретінде ұққан дұрыс.
Ұлттық банкінің Атыраудағы өкілі мұнайлы мекен тұрғындарының төлем кәртешкелерін негізінен жалақы алуға ғана пайдаланатындығын да айтты. Ал, онымен сауда жасауға, коммуналдық төлемдерді төлеуге, өзге де күнделікті шығындарды өтеуге ұмтылыс әлі жеткіліксіз. Банкілерге салым салуда да салақтық байқалады. Республика бойынша орташа жалақысы жоғары өңір саналғанымен, жерлестеріміз ертеңгі күнін ойлап, ақшаларын сенімді сақтауды ұға алмай келеді.
Филиал директоры Қозыбақ Құлбарақов теңгенің 20 жылдығына орай шығарылған жаңа монеталармен де таныстырды. Олардың бірқатары халықаралық байқауларда жүлде алып та үлгеріпті. Биыл Талдықорған, Тараз бен Қостанай қалаларына арналған тың теңгелер өмірге келді. Ал, Атыраудың монетасы бұдан екі жыл бұрын басылып, көпшіліктің көңілінен шықты.
Бұл жолғы БАҚ өкілдерімен басқосудың бір ерекшелігі – оның филиал ұйымдастырған «Ашық есік» күнімен тұстас келуі. Бұл күні Атыраудағы аграрлы-техникалық пен бизнес және құқық колледждерінің экономика бөлімінің оқушылары біраз мағлұмат алды. Әсіресе, келешек қаржыгерлер төл теңгеміздің тұрақтылығына, экономикамыздың беріктігіне көз жеткізді.

Меңдібай CҮМЕСІНОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз