Жарнама
Қоғам

ТҰЩЫҚҰДЫҚТАҒЫ ТАҒЫЛЫМДЫ ТОЙ

Иә, бүгін той. Басқа басқосуларға ұқсамайтын үлкен мәдени шара. Тұщықұдық ауылдық кеңесінің құрылғанына 75 жыл толуына және «Тұщықұдық ауылы шежіресі» кітабының шығарылуына орай ұйымдастырылған «Тұщықұдық — сағынышым менің» атты ауыл тойы, дала думаны.
Маңдайларына «Сәт ата ұрпақтары», «Ұстаздар ауылы», «Дуаберген ауылы», «Бегайдар ауылы», «Тұщықұдық ауылы» деген атауларын жазып қойған қаздай тізілген ақ шаңқан үйлер үлкен бір ауылды құрап, сонадайдан көз тартады. Үй сыртынан сыздықтай шыққан ошақ түтіні мен қоңырсыған бауырсақ иісі айналаны одан әрі әрлендіріп, береке-бірліктің нышанын келтіре түскендей. Ауыздықпен алысып, тұяқтарымен жер қарпыған сәйгүліктер құдіретті күй әуені мен шырқалған асқақ ән әуезі исі қазақтың делебесін қоздырып, мерекелік әсерге бөлегендей.
Ауыл шежіресі туралы алғашқы сөзді Исатай аудандық мәслихатының хатшысы Жұмажан Қадимов алды. Одан кейін облыс әкімі атынан облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Алтынбек Нысанғалиев, еңбек ардагері Мәдина Ғабдісәлімова сөйлеп, барша халықты бүгінгі төл мерекелерімен құттықтап, шараны ұйымдастырған ауыл азаматы, осы топырақта дүниеге келіп, бүгінгі күні кіндік қаны тамған жерге перзенттік парызының өтеуін жасап жатқан, өңірге белгілі өнерпаз Сайпеден Сидағалиев бастаған ауыл азаматтарына ақжарма тілектері мен ақ ниеттен алғыстарын жеткізді.
Шараға арнайы келген Қазақ энциклопедиясы бас директоры-бас редакторы, ақиық ақын Бауыржан Жақып шексіз де, шетсіз созылып жатқан марғау даланың қиырына көз салып тұрып, сиясы кеуіп үлгермеген, бәйгеге түскен құлагерлердің адуынды шабысынан шабыт алған әсерден туындаған жаңа өлеңін оқыды. Қазақ елінің айбыны мен айбарын келтіріп жүрген көпшілікке белгілі «Көк тудың желбірегені» әнінің авторы, белгілі ақын Алмас Ахметбекұлы, көршілес Маңғыстау облысынан келген «Маңғыстау медиа» ақпараттық мекемесінің төрағасы Ғалымжан Мелдешовтер де тағылымды шараға деген тілектерін ортаға салды.
Мінбеге көтерілген облыстық мәслихаттың депутаты Гүлнәр Сәдуақасова туған жер баурайында өтіп жатқан осы бір шараның маңыздылығына тоқталып, тебірене сөз сөйледі. Бұл топырақтан қазақтың талай марқасқалары шыққандығын айта келіп, Ұлттық бірыңғай тестілеуден босатылған Аққыстау орта мектебінің оқушысы Балерке Бақберген, Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектебін бітіруші Әйгерім Сапарова, Х.Наубетов атындағы орта мектебін бітіруші Бектас Хабидоллаевтарға сыйлықтар тапсырды.
Ежелден жүрегі жұмсақ, жетімін жылатпаған, жоқ-жітімін қаңғытпаған дарқан көңіл халқымыздың алпыс екі тамырына біткен қайырымдылықты бүгінгідей үлкен шара үстінде естен шығармаған Сайпеден бауырымыз тағы бір сауапты іс жасап, ата-анасы жұмыссыз бес мүгедек бүлдіршінге жиырма мың теңгеден қаржылай көмек берді. Аудан әкімінің орынбасары Мәди Өтеғалиев те аудан көлемінде болып жатқан осы бір шараның маңыздылығына тоқталып, көл-көсір көңіл күйде жүрген халыққа құттықтауын жеткізді.
Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Алтынбек Нысанғалиев пен Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, атақты күйші Айгүл Үлкенбаева «Тұщықұдық ауылы шежіресі» кітабының тұсауын кесті.
Қаршыға Ахмедьяров, Әзидолла Есқалиев, Нариман Үлкенбайұлы, Ғатау Ібішов, Серік Харесов, Айгүл Үлкенбаева сынды дәулескер күйшілер шыққан, атақты Дина келін болып түскен, күй дарыған бұл қасиетті топырақтың киесі қолдағандай айналаны дүр сілкінткен өнерпаздар өнеріне тойға жиналғандар құшырлана қол соқты. Айгүл Үлкенбаеваның өнеріне, «Нарын» оркестрінің орындаған шығармаларына ризашылықтарын білдірді. Әнші Руслан Бермағамбетовтің орындауындағы, шара қонағы, белгілі сазгер, осы топырақтың перзенті Мақсым Менкешовтің «Балауса» әні, «Әжелер» ансамблінің орындауындағы әндер көп көңілінен шығып жатты. Әсіресе, «Құлыншақ» балабақшасы бүлдіршіндерінің құттықтауларына көрермен үлкен ілтипат білдірді. Сап түзеген Х.Мырзағалиев атындағы мектепті бітіруші қырық бір түлек мереке сәнін одан әрі аша түскендей.
Дала төсін дүркіретіп аламан бәйге басталды. Ат жарысы дегенде, ішкен асын жерге қоятын қайран қазағым, жер апшысын қуырып келе жатқан сәйгүліктерге қиқулап үн қосып, дем бергендей шадыман күйде. Бұл бәйгеге Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау облыстарынан 23 ат қатысты. Бас жүлде — жеке кәсіпкер, осы шараның демеушілерінің бірі Еркін Тінәлиевтің тіккен «Лада» автокөлігі. 3 жасар «Шәй күрең» есімді ат осы бас жүлдені иемденді. Ат иесі — Жанбала Жандарбек, шабандозы он алты жасар Жансерік Мамытбеков. Бірінші орын — 300 мың теңге махамбеттік Жасұлан Хайруллин, екінші орын — 200 мың теңге Маңғыстау облысынан Әбілсейіт Ақшабаев, үшінші орын — 150 мың теңге ақтөбелік Медет Ерғалиевке бұйырды. Топ бәйгеге он ат шапты. Бірінші орын — 300 мың теңгені ақтөбелік Медет Ерғали, екінші орын — 150 мың теңгені Жылыой ауданынан келген Қайрат Қабдешов, үшінші орын — 100 мың теңгені Жандарбек Жанбала иемденді.
Той қызығы толастар емес. 30 жастан жоғарылар арасындағы 5 шақырым қашықтықта өткен жаяу жарыста Құрманғазы ауданының желаяғы Қайыржан Бимырзаев, атыраулық Асқар Қазиев жеңіске жетсе, 30 жасқа дейінгілер арасындағы жарыста Шахмерген Кенжеғалиев пен Аманжан Манатов мәре сызығына бірінші болып жетті. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ересектер мен жастар арасындағы күресте Оралбеков Мұхамедрахим, Ғалымұлы Аманжол, Нұрланов Ерлан, Ғалымов Халимұқан, Маркс Аманжан, Ғалымов Азамат жеңімпаз деп танылды.
Бұл күні ардагерлерге де зор құрмет көрсетілді. Арнайы автокөлік ұйымдастырылып, Атырау қаласынан шақырылған ардагерлер шара төрінен орын алды. Көршілес аудандардан да ардагер ақсақалдар мен ақжаулықты аналарымыз қатысты. Топ ішінен Исатай ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қызметкер Абдолова Нұржиян апайды әңгімеге тарттық.
«Мен бүгін ерекше бір әсерде отырмын. Қуанышымда шек жоқ. «Елу жылда ел жаңа» деген. Ел мен жердің жаңарып, халықтың осындай жетістікке жеткеніне, дәл осындай думанды той жасайтын ауылымыздың еңбекқор, елін сүйіп, жерін қастерлейтін ұлдарының болғандығына қуанып отырмын. Бұл аудан менің екінші туған жерім десем де болады. Аудандық партия комитетінің хатшысы болып талай жыл еңбек еттім. Осы жерде шопандар тойын жасайтынбыз. Ол кезде аудан орталығы Аққыстау 2 жарым мың ғана тұрғыны бар шағын мекен болатын. Халықтың тұрмысы қазіргідей болған жоқ. Бірақ, бұл жердің жұртының бойында жігер-қайрат, жаңалық пен жақсылыққа жақындық, бір-біріне деген қамқор-ниет көп болатын. Сол қасиеттер ұрпақтарына дарып, бүгінгі күні мынадай ұлан-ғайыр той жасап жатыр. Қай жаққа қарасаң да көз қуанатындай көріністер жаныңды жадыратады. Алғысым шексіз. Бұрыннан бақ дарыған құтты мекен бұл. Лайым, елде той болғай деп тілеймін». Ардагер ана толғанысқа толы ойын осылайша білдірді.
Атырау облысының Құрметті азаматы, Атырау қаласы, Махамбет аудандарының Құрметті азаматы Мәдина Ғабдісәлімова өз ойын былайша бөлісті: «Шынымды айтсам, бір керемет тебіреністе тұрмын. «Өткен өмір ұмытылмайтындығымен құнды» деген сөз бар қазақта. Мына «Тұщықұдық ауылы шежіресі» кітабының әр бетін ашқан сайын кеудемді қуаныш кернеп, жастық жігерге толы сол бір жылдарды еріксіз есіме алдым. Екі аудан қосылған жылдары мен бірнеше жыл бойы аудандық комсомол комитетін басқардым. Сол кездердегі комсомол активтері, ауылдық кеңестерді басқарған, совхоз директорлары болған белсенділер, бүгінгі күнгі ардагерлер мен олардың ұрпақтарының есімдері осы энциклопедияға енген. Бір ауылдың өзінен қаншама мықтылар шыққан деп мақтан етемін.
Бұл кітаптың жарық көруі өте ұлағатты іс болды. Бұл — мансапқорлық емес, сол елдің тарихын кейінгі ұрпақ жадында қалдыратын тәрбие құралы. Керемет кітап. Әр суреті көзіңе оттай басылады. Әр ауыл абзал азаматымен, ерен тұлғасымен мақтанады. Кейінгі ұрпаққа мұра болатындай мұндай игілікті іс әр ауылға да керек деп ойлаймын. Сайпеден елдің тарихын зерттеп, үлкен еңбек етті. Сөйтіп, ел азаматтарының есімдерін мәңгілікке жазып, тарих беттеріне өз қолтаңбасын қалдырды».
«Әркімнің туған жері — Мысыр шаһары» деген, бұл — менің де кіндік қаным тамған қасиетті мекенім. Бір ауылдың ғана тарихын толғаған кітап шығарып, бүгінгідей ұлан-асыр той жасап жатқан Сайпеден інімнің азаматтығына ризамын. «Көп көңілі — көл» деген ғой,бүгінгі жерлестерінің айтқан алғыстары, ақсақалдардың алақан жайып берген ақ баталары оны әркез демеп, қолдап жүреді. Өйткені, өз мүддесі үшін емес, елі, туған жері үшін жасаған мысқалдай болса да еңбек еш уақытта елеусіз қалмайды.
Бұл — киелі өңір. Талай еңбек ерлері шыққан құтты мекен. Сонау ел басына күн туған қанды соғыс кезінде де толарсақтан қан кешіп, майдан өтіне аттанғандар қаншама?! Ерен еңбектің жалынды үлгісін көрсетіп, өңірлеріне жоғары марапат таққан еңбеккерлеріміз де бұл топырақтан аз шыққан жоқ. Бұл топырақта өмірге келген ақиық ақын Фариза, Нарынның наркескені Нұралы ақын жырға қосқан, Қаршыға, Нариман, Әзидоллалар күйге бөлеген аймақтан өсіп-өнген дәрігер де, мұғалім, сазгер де, спортшы, қай саланың маманы керек — бәрі бар. Мен бүгін халқымның мәртебесі биіктеп, осындай бақытқа кенеліп отырғанына қуанамын, мақтан етемін». Бұл пікірді қосқан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері, Индер ауданының Құрметті азаматы Қатимолла Ризуанов ағамыз болатын.
«Бүгін бір жасап қалып жатқан жайымыз бар, қарағым. Көптен кездеспеген ағайын-туыс, таныс-жұрағаттармен жүздесіп, әңгіме-дүкен құрып, өткенді еске алып, бір рахаттанып қалдық. Еңбектеген баладан біз сияқты қарияларға дейін осы жерде. Облыс орталықтарында, аудан орталықтарында өтіп жүрген мерекелерді көріп жүрміз ғой. Бірақ бұл — ауыл тойы, өз тойымыз. Бұрыннан қаймағы бұзылмаған киелі мекеніміздің мәртебесі қашанда биік болатын. Сол үрдісті ұстанған балаларымыз туған халқына мынандай мереке сыйлап жатыр. Алла разы болсын. Алғысымыз шексіз» деп сексеннің сеңгірінен асқан ақ жаулықты Тәрбие, Рахима аналар аппақ ниеттен шыққан шынайы сезімдерін білдірді.
«Қосай-Сүйіндік» ауылының ақсақалы, ардагер ұстаз Хамза Ғабдолла да ақ шаңқан үйде қонақтарын күтіп, аталы сөз айтып, үлкен істің басына басшылық жасап, кейінгі ұрпаққа тағылымын қалдырар салиқалы ой толғады. Ол — ұзақ жылдар білім беру саласында басшылық қызметтер атқарған, ел құрметіне бөленген белгілі қайраткер. Хамза ағамыз да «Тұщықұдық ауылы шежіресі» кітабын дайындауға өзіндік үлесін қосқан екен. Туған жерінің тарихынан, оның танымал тұлғаларының тағдырынан тағылымды әңгімелер айтты. Қазына-қарттың көсемдігі де, шешендігі де айқын көрініп тұрды.
Исатай, Махамбет және Индер аудандарының Құрметті азаматы, осы өңірге еңбегі сіңген белгілі қоғам қайраткері Жанай Беркалиев, Алматыдан арнайы келген осы топырақтың тумасы, көп жылдар облысымызда басшылық қызметтер атқарған Мәрия Әмірова, КСРО Денсаулық сақтау ісінің үздігі, белгілі дәрігер Басаролла Харасов, Жылыой ауданының Құрметті азаматы Нұрмұхамбет Есенәлиев, ішкі істер саласының ардагері Қабдиев Сайполла сынды аға-апаларымыз да бақ пен дәулет дарыған, төріне өнер киесі қонақтаған Тұщықұдық ауылының кешегісі мен бүгінгісі туралы тұшымды пікірлер айтып, өздерінің мерекелік көңіл-күйлерімен бөлісті.
Әдетте, жақсының жақсылығын айту — парыз. Біз, сөз арнасын осы шараның ұйымдастырушысы, бастама авторы және шара демеушісі, «Тұщықұдық ауылы шежіресі» кітабының авторы Сайпеден Сидағалиевке бұрғанды жөн көрдік. Қашанда жақсылықтың жаршысы болуға асығатын Сайпеден — мамандығы басқа болса да, толғауы тоқсан туған тілдің құдіретін бойына сіңірген тума талант иесі. Ақ көкірек, сәлемі түзу, үлкеннің алдында ізетті, кішіге қамқор, қамкөңілді жұбата білер ауылдың жігерлі азаматы. Перзенттік парызын өтеп, халқына осындай қуаныш сыйлаған Сайпеден әдетінше жұмсақ жымиып, қарапайым қалпында: «Осы бір момақан ауылдың баласымын ғой. Туған халқымның қуанышын көруден асқан бақыт жоқ маған. Менің бастамамды қолдап, демеушілік жасаған Сабыров Рашид, Ахметжанов Мереке, Өтепов Марат, Дәулетов Нұрберген, Жанаев Руслан, Төреғалиев Дәрмен, Зубариев Зелимхан, Өнербек Жанбала, Тәниев Еркін сынды атпал азаматтарға айтар алғысым шексіз. Бұл — көппен бітетін шара. Көпшілік қолдады, сөйтіп, туған халқымызға жақсы мереке сыйладық деп ойлаймын» деп өзі атап өткен қашанда ел-халқы үшін бүйректері бұрып тұратын жігіттерге деген ыстық ықыласын білдірді.
«Едіге талы» мекені… Ауданнан шыққан тұңғыш су маманы гидротехник-инженер Едіге Мамаев 50-жылдардың басында осы талдарды алғаш еккізген екен. Бүгінгі күні жайқалып, нулы орманға айналған бұл мекенді жергілікті халық мақтан етеді. Осы тойдың бастамасында ел жақсылары мен ұрпақтары осы жерге «Орманды алқаптың негізін қалаған гидротехник-инженер Едіге Мамаев» деген белгі орнатыпты. Бұл да – тарих. Ауыл шежіресіне енер құнды мұрағат.
…Той аяқтала бергенде бұрқ етіп шаң көтерілді де, соңы себелеген жаңбырға ұласты. Табиғат-ана да осылайша нұрын жаудырып, өзінің ақжарма ниетін білдірейін дегендей-ау…

Ағиба ҚАТЕШОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button