Атырау облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешовтың төрағалығымен зиялы қауым өкілдері қатысқан мәжіліс өтті. Жиынның күн тәртібінде Түркияның Анкара қаласында қазақ күйінің анасы Дина Нұрпейісоваға арнап ашылған саябақта орнатылатын ескерткіш жобалары туралы пікірлер талқыға салынды.
Ағымдағы жылдың басында «ТҮРІКСОЙ» халықаралық ұйымының төрағасы Дүйсен Қасейіновке Атырау облысы әкімі Анкара қаласындағы Дина Нұрпейісоваға арнап ашылған саябаққа күй анасының кеуде мүсінін орнату жөнінде ұсыныс берген еді.
Міне, шешуші сәт те келіп жетті. Түркия мүсіншісінің эскизі мен атыраулық мүсінші эскизі сарапқа салынды. Бұл жөнінде Атырау облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысы Саламат Сабыр таныстырды. Қазақстан Суретшілер Одағының мүшелері Бақтыгерей Телеубаев пен Әділқайыр Жантасов түрік бауырлар ұсынған үлгіні құптады. Әлбетте, ұсынылған үлгі кемшіліксіз емес. Сондай-ақ, жаулық орау стилі де Дина әжеміздің стиліне сәйкес еместігі қаперге берілді. Өлкетанушы, жазушы Өтепберген Әлімгереевтің сөзімен айтқанда, мүсіндегі аз-кем қателіктерді «тазаласа» болғаны.
Атырау облысы әкімінің орынбасары Нұрсәуле Сайлауова пікірлерді хатқа түсіруге және Дина Нұрпейісованың суреттері мен бейнетаспадағы бейнесін Түркияға жеткізуге, басқа да мәселелерді шешуге тапсырма берді.
Гүлзада Ниетқалиева