ТҰРҒЫНДАР ТІЛЕГІНЕ – СЕРГЕКТІКПЕН
«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында өткен қабылдауға келушілердің дені тұрғын үй жағдайын шешу, жұмыспен қамтамасыз ету жайын, құқық қорғау органдарының заңсыз әрекеттерін алға тартты.
Айталық, Алдамжар Жанғалиев баласының өліміне байланысты істі жүргізіп жатқан облыстық Ішкі істер департаменті қызметкерлерінің әрекетіне наразылық білдірді. Ол өз сөзінде осыдан бес жыл бұрын Асхат есімді ұлының өліміне полиция қызметкерлерінің қатысы барын айтады. Алайда, қылмыстық іс әлі күнге дейін ашылмай келеді. Тұрғынның мәселесімен танысқан С.Дьяченко өз атына арыз жазу керектігін, мәселені қайта қарауға ықпал ететінін айтса, Ресей жерінен қоныс аударған Қазанғап Қуанышевқа арызы бойынша биыл Ақжар елді мекенінің инфрақұрылымы толық жүргізілген аймағынан жер телімін алуға қолдау көрсетілетін болды.
Мақат ауданы, Доссор поселкесінің тұрғыны Гүлзира Жәумітова — көпбалалы ана. Балалары облыстың намысын қорғап, бірнеше дүркін әлем чемпионатына қатысып, жүлдемен оралған. Алдағы уақытта спорттық жарыстарға қатысу және оқу ақысын төлеу үшін қаржылай көмек сұраған анаға мәжілісмен Асхат Бекенов демеушілік танытатынын айтты.
Сондай-ақ, балаларын жұмысқа орналастыру жөніндегі Г.Жәумітованың арызы бойынша бір ұлы Доссор поселкесінен ашылатын жасөспірімдерге арналған спорт мектебіне қызметке алынатын болды. Басқа балаларының об-лыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына келіп, жұмыссыздар есебіне тіркелу керектігі айтылды.
Инженер-құрылысшы мамандығы бойынша екі қолға бір күрек таппай жүрген Сергей Магдеевтің жұмыс мәселесі де шешімін таппақ. Бұл мәселені облыс әкімі өз қадағалауына алатынын жеткізді.
Бүгінгі күні балаларын балабақшаға орналастыра алмай, кезек санын күткен ата-аналар аз емес. Осы орайда Гауһар Құсайыновамен Шолпан Қонысбаеваның III және II топ мүгедектігі ескеріліп, арыздары қанағаттандырылатын болды.