ЗАМАНАУИ ШЕШІМДЕР – УАҚЫТ ТАЛАБЫ

Атырауда  өткен  халықаралық  конференцияның басты  тақырыбы  болды

Биылдан бастап күшіне енген Еуразиялық экономикалық одақ аясында оған мүше елдердің мүддесіне бағытталған игілікті қадамдар жасалынып, ауқымды жұмыстар атқарылуда. Солардың  бірі  ретінде жақында Атырауда бесінші халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияны атауға болар еді.

Турасын айтсақ, «Мұнай-газ өнеркәсібінде қолданылатын тұрба құбырлары мен технологиялық жабдықтардың құрылысына, жөнделуіне және сервистік қызметпен қамтылуына қажетті заманауи инжинирингілік шешімдер» тақырыбында ұйымдастырылған бұл конференция мұнай-газ компанияларының, мердігер ұйымдар және инновациялық шешімдерді ұсынушы тараптардың өкілдері үшін тәжірибе алмасу, кәсіби біліктілік деңгейін байқау, өзара ынтымақтастық көкжиегін кеңейту алаңына айналды.

Бұл үрдісте ТМД елдерімен тығыз байланыс, іскерлік қарым-қатынас орнатып, табысты қадамдарға қол жеткізіп, көп істе серіктестері мен әріптестеріне үлгі танылып жүрген ресейлік компаниялардың алар орны бөлек екендігін айтқанымыз ләзім. Сол себептен де болса керек, конференцияны «Интра Тул» компаниялар тобы (Ресей Федерациясы) директорлар кеңесінің төрағасы Сергей Терентьев кіріспе сөзбен ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Білгеніміздей, ондаған салалас кәсіпорынның басын біріктіретін құрылымда қазіргі заманғы инжинирингілік шешімдер қабылданып, іргелі жобалау жұмыстары жүргізіледі, жабдықтармен кешенді жарақтандыру шаралары жүзеге асырылады. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, оның ТМД-ның бірқатар елдерінде, соның ішінде Қазақстанда да филиалдары ашылған.

Осы «Интра Тулдың» құрамына кіретін компаниялардың бірі «Интралайн» деп аталады. Бас кәсіпорынмен ынтымақтастықта игі бастамаларға ұйытқы болып келе жатқан бұл компания да негізінен мұнай мен газ өндіру және тасымалдау нысандарында заманауи технологияларды енгізу, осы мақсаттағы жобаларды жүзеге асыру жөнінен айтарлықтай тәжірибе жинақтаған. Екінші болып сөз кезегін еншілеген компанияның бас директоры Александр Шараповтың әңгімесіне осы жайлар арқау болды. Келесі кезекте «Мұнай-газ кешені және энергетика нысандарында жөндеу жұмыстарын жүргізу тәсілдері мен ұйымдастыру, инновациялық технологиялар мен басқару әдістері», сондай-ақ «Мұнай-газ саласына арналған жобалық және техникалық тапсырмалардың инженерлік шешімдері» тақырыптарында «Интра» компаниясының директоры Александр Шилов пен «Интра Проект» компаниясының даму мәселелері жөніндегі директоры Людмила Шайбович баяндама жасады.

Күн тәртібінде белгіленгеніндей, конференцияның пленарлық бөлімі аяқталғаннан кейін қатысушылар өз салалары бойынша өткізілген сессиялық мәжілістерге бөлініп кетті. Бұнда да көптеген қызықты тақырыптар қамтылды.

Дәулетқали АРУЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз