ТҰРҒЫНДАР МҰҚТАЖЫ – БАСТЫ НАЗАРДА
Қоғамдық қабылдауға алғаш боп кірген «Сарайшық» мұражайының директоры Молдаш Бердімұратов аталған ескі қаланың қоршауы қирап, құлама жардың барлық жерінен адам сүйектері мен табыттар далаға шығып тұрғанын айтып, аймақ басшысынан бұл мәселені шешуге ықпал етуді сұрады.
— Бұл мәселені өткен жылдан бері көтеріп келемін. Бұл нысан негізінен мемлекет қорғауында болғандықтан, ең алдымен, республикалық деңгейде шешілуі тиіс. Қазірде Үкіметтік комиссия қарап, жобалық-сметалық құжаттарын дайындауға тапсырма берілді. Аталған құжат дайындалған соң мәселені шешетін боламыз, — деді облыс әкімі Б.Ізмұхамбетов.
Сондай-ақ, мұражай басшысы облыс орталығынан тұрғын үй бөлуге көмек сұрады. 2001 жылы Атырау қаласының әкімдігіне арызданып, тұрғын үйі апаттылар тізіміне енген. Қазіргі уақытта реттік саны – 20. Облыс әкімі пәтер Заң талаптарына сәйкес кезек ретімен берілетінін айтты.
Сол сияқты баспана жайымен келген Батыр ана, ІІ топтағы мүгедек Жайсалған Төлегенова, зейнеткер Қарипа Әубекерова, «Алтын алқа» иегері М.Иманғалиеваға пәтерді заңды кезегімен алатындығы түсіндірілді. Балжан Төлемісованың 1988 жылы дүниеге келген ұлы Рүстем сирингомиелия ауруымен ауырады. Енді Ресейдің Мәскеу қаласының дәрігерлері аталған ауруды емдеуге келісімін беріп отыр. Ем алуға 700 мың теңгедей қаражат керек. Ұлының болашағынан, науқастығынан айығатынынан үміт үзбеген ана облыс басшысынан қаржылай көмек сұрады. Бұл мәселеге орай аймақ басшысы жуық арада қаржы тауып беретінін айтып, ананы бір қуантып қойды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының шақыруымен жаңадан ашылған №7 емханаға келген лор маманы Масура Жамалова үй жалдап тұрады. Көп жылдары Исатай аудандық ауруханасында бас дәрігер және басқа да қызметтерде жұмыс жасаған оның еңбегін ескерген облыс әкімі көмектесетінін айтты.
— Денсаулық сақтау қызметкерлеріне бес қызметтік пәтер бөлгелі отырмыз. Тағы бір пәтер қосып, осы кісіге беру керек. Қырық жылға жуық денсаулық сақтау саласында, оның бірқатарында басшылық қызметте болып, пәтерсіз жүру – ерекше жағдай. Сондықтан, көмектесуіміз керек, — деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы басқа да көптеген тұрғынды қабылдап, көкейкесті мәселелерінің шешілуіне үміттендіріп, риза етті.
Айгүл ЕРТІЛЕУ.