МЕРЕЙГЕРДІҢ БАҚЫТТЫ СӘТІ

Жақында Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы Атырау музыка колледжінің негізін қалаушылардың бірі, ұлағатты ұстаз, ҚР Білім беру ісінің үздігі, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының құрметті профессоры Нариман Сиражұлының жетпіс бес жасқа толуына орай салтанатты кеш ұйымдастырылды.

Нариман Сиражұлы Құрманғазы ауданы, Утера селосы «Қызылтаң» колхозында қарапайым отбасында туған. Әкесі Сираж, анасы Тойдық балық аулау кәсібімен айналысқан. 1955 жылы Абай атындағы мектепті бітірісімен арман қуып Алматыға аттанады, консерватория студенті атанады.
Қобыз сазы ықылым заманнан бері Қорқыт пен Асан Қайғы, Қазтуған мен Ықыластардың мол асыл мұрасы арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Ал, құдіретті де қасиетті өнерді бойына сіңірген, қобыз аспабының үнін өлкемізде қайта жаңғыртуға сүбелі үлес қосқан Нариман Сиражұлының орны бөлек. Ол аспаптың қыр-сырын меңгеріп қана қоймай, жарты ғасырлық ғұмырын ұстаздық жолға арнаған жан. Бүгінде өмірлік қосағы Рахимаш Назкенқызымен бірге немерелерінің ортасында әдемі қарттықты бастан кешуде.
Атырау топырағынан шыққан алғашқы кәсіби қобызшының шығармашылық кешін тамашалауға келген көрермендердің көптігі соншалық, облыстық филармония залында ине шаншар орын болмады.
Кеш шымылдығын музыка колледжінің директоры, өнертану ғылымдарының кандидаты Гүлнар Сәдуақасова құттықтау сөзімен ашты:
– Өзіңіз тәрбиелеген педагогикалық ұжым мен студенттер атынан шын жүрегімізден мерейлі жасыңызбен құттықтаймыз! Сіз көптеген оқулық құралдарының, типтік оқу бағдарламасының авторы болып табыласыз. Осынау уақытта 50-ге тарта маман дайындаған болсаңыз, олар түрлі деңгейдегі облыстық, республикалық сайыстарда жүлделі орындарға ие болды. Еңбегіңіз мемлекет тарапынан лайықты бағаланып, ҚР еңбек сіңірген әртісі, ҚР мәдениет қайраткері атандыңыз. Ауырмай-сырқамай жастан-жасқа аман жетіп, ұрпақ қызығына бөлене беріңіз! – деп оқу орнының әкімшілігі атынан Алғыс хат және облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқанның құттықтау хатын табыстады.
Бұдан кейін мерейгер ағаны әріптестері, ағайын-туыстары құттықтап, өнер шеберлері әннен шашу шашты.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.
Суреттер автордікі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз