ҚҰТҚАРУШЫЛАР ТӨЛ МЕРЕКЕСІН ТОЙЛАДЫ
Облыстық өрт қызметі гарнизонында сексеннен астам өрт және арнайы автотехника жинақталыпты. Ол жеке құрамды оқиға орнына жедел жеткізуге, өрт-техникалық жабдықтау мен авариялық-құтқару және басқа да арнайы жұмыстарды жүргізуге арналған. Жыл басынан бергі тоғыз ай ішінде 45 төтенше жағдай тіркеліп, құтқарушылар 32 адамның өмірін сақтап қалған.
Төтенше жағдайлар органдарының құрылған күні Құрманғазы атындағы мәдениет үйінде салтанатты түрде жалғасын тапты. Сала қызметкерлерін облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев құттықтап, ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітжан Дүйсекенов пен төтенше жағдайлар жүйесінде ұзақ жылдар қызмет еткен құрметті ардагер Радиус Латфуллин сөз алды. Қиындықпен күнбе-күн бетпе-бет келіп, әрдайым ерліктің үлгісін көрсетіп отырған жандарды төл мерекелерімен құттықтаған облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, өртке қарсы қызмет полковнигі Болатбек Омаров қызметкерлер мен ардагерлерді марапаттап, алғыс хаттар табыстады.
Құралай ОРАЗ.