Сүт өнімдеріне қатысты таңбалау талаптары күшейтілді
Сүт өнімдерінің жоғары сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған өзгерістер күшіне енеді.
«Биылғы 22 қыркүйектен бастап Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2022 жылғы 23 қыркүйектегі №143 шешімі негізінде «Сүт және сүт өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентіне елеулі өзгерістер күшіне енеді. Бұл өзгерістер сүт өнімдерінің жоғары сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған», — делінген Қазақстан стандарттау және метрология институтының мәліметінде.
2013 жылдан техникалық регламент алғаш рет қолданысқа енгізілген кезде, оны қолдану практикасы сүт өнімдерін өндірушілерге де, тұтынушыларға да қатысты бірқатар маңызды мәселе бойынша нақтылау жұмысы қажет екені анықталды.
Аталған институт сарапшыларының айтуынша, өсімдік майларының қосылғаны туралы ақпаратты сүт өнімдері құйылған қаптамада міндетті түрде орналастыру негізгі өзгерістердің бірі саналады. Бұл өз кезегінде адамдарға өнімді сатып алу кезінде дұрыс мәлімет алуына ықпал етеді.
Сонымен қатар, балалар тағамы өнімдерін сәйкестендірудің физика-химиялық көрсеткіштері өзгерді. Бұл ретте Д дәрумені мөлшерінің шекті деңгейі ұлғайтылды. Осы өзгерістер балалар тағамын өндіруді тұрақтандыруға және тұтынушыларды жоғары сапалы өнімдермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жаңа түзетуде айран, сүзбе, құрт сияқты ұлттық сүт өнімдері қамтылып, олардың нарыққа кеңінен шығару ескерілген.
ҚазАқпарат