СУДЬЯНЫҢ ҚЫЗМЕТІ – ХАЛЫҚТЫҢ КӨЗ АЛДЫНДА
Шара барысында сот төрағасы А.Дюсебалиев аудандық соттың 2015 жылдың бірінші жартыжылдығында атқарған жұмыстарын әңгімелей отырып, статистикалық деректерге, азаматтық, қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылық туралы істердің сотқа түсу деңгейіне кеңінен тоқталды. Сот төрағасы Айдарбек Сағынұлы жылдан жылға халықтың сотқа деген сенімі артып келе жатқанын, бұл тұрғыда Қызылқоға аудандық сотына 2014 жылдың бірінші жартыжылдығында – 165 арыз, талап арыздар түссе, 2015 жылдың осы мерзімінде – 320 арыз, талап арыздар түсіп, былтырғымен салыстырғанда, арыздардың сотқа жартыжылдық ішінде түсу деңгейі – 155 арызға көбейгеніне баса назар аударды. Сондай-ақ, 2015 жылдың бірінші жартыжылдығында сотқа 19 адамға қатысты 14 қылмыстық іс түсіп, былтырғымен салыстырғанда 6 іске кемісе, ал биылғы 6 айда сотқа 246 әкімшілік іс түсіп, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 44 іске азайғанын айтты.
Бұдан әрі сот төрағасы істерді медиация әдісін қолданып қарауда аудандық соттың жұмыс сапасы өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда, едәуір жақсарғанын тілге тиек етті. Нақты айтар болсақ, өткен жылдың осы мерзімінде медиация рәсімін қолданумен 7 азаматтық іс аяқталып бітсе, үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында бұл көрсеткіш 11 іске артып, яғни, медиация әдісін қолданылған істер саны 18 іске жеткенін мәлімдеді. Бұл тұрғыда, медиация әдісін насихаттаудағы жұмыстың нәтижесі бар екенін, халық медиация тәртібімен татуласудың тиімділігін ұғына бастағанының бірден бір дәлелі екенін атап көрсетті.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет – 100 нақты қадам» Ұлт жоспарында «Заң үстемдігін қамтамасыз ету» бөлімінің 20-қадамында барлық сот процестеріне бейне және таспаға жазу шараларын міндетті түрде енгізу нақты міндеттелді. «Судьяның бейне жазуды тоқтатуға немесе аудио жазу материалдарын редакциялауға мүмкіндігі болмауы тиіс, — деген сөзін қолдайтынын, бүгінгі шараның тақырыбы да осымен байланысты екенін, бұл тұрғыда, сот жүйесінде тиісті жұмыстардың басталып та кеткендігін жеткізді. 2015 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша аудандық сотта қаралған барлық істердің 84 пайызы аудио, бейне қондырғысын қолданып қаралған істер екеніне ерекше тоқталып өтті. Атырау облысы соттарының ішінде алдыңғы қатардағы соттар сапынан көрінгендерін, Елбасының тапсырмасын орындауда, істердің барлығын аудио және бейне таспа қондырғыларын қолданып қарауды қатаң бақылауға алатындығына баса назар аударды. Аталған технологиямен істерді жүргізу, тек сот жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, азаматтардың құқықтарының сақталуына зор септігін тигізеді. Аталған бейне таспада барлық сот процестерінде тараптардың сөйлеген сөздері нақты жазылып тұратынын, оны өзгертуге немесе тоқтатуға жол берілмейтініне тоқталды.
Мемлекет басшысы тапсырмасы үдесінен көріну үшін «Электронды үкімет» бағдарламасы аясында сандық электронды қолтаңбасы бар мүдделі азаматтар мен тараптар талап арыздары мен сот хаттамаларының көшірмесін «Электронды үкімет» (www.egov.kz) порталы арқылы жіберу мен алу мүмкіндігіне ие болды. Сот өндірісіне қабылданған арыздардың қалай қабылданып, қай сатыда қаралып жатқанын Жоғарғы соттың «Бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық талдау жүйесі» арқылы біле алады. Барлық соттарда құрылған «Е-суд» «электронды үкімет» порталы ендігі жерде арыздарды электронды түрде беруге, сот хаттамаларының көшірмелерін ешқандай кедергісіз, электронды түрде алуға кең жол ашты.
Тағы бір жағымды жаңалық – «Сот құжаттарымен танысу» сервисі ЖСН, логин, парольды енгізу арқылы электронды сот құжаттарын көруге мүмкіндік береді. Сот процесіне қатысуға мүдделі кез келген азамат логин мен парольды электронды поштасына немесе ұялы телефонына келіп түскен электронды хабарлама арқылы біле алады. Сервис қызметін пайдаланушының сот құжаттарын оқып, сақтауға, басқа электрондық мекен-жайға жүктеуге толық мүмкіндігі бар. Сот актілерінің шыққандығы туралы тез ақпарат беру үшін судьяның электронды-цифрлық қолтаңбасы қойылған SMS хабарламалар жіберіледі.
Мағрупа
БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ,
Қызылқоға ауданы.