Жарнама
Қоғам

СУ ТАСҚЫНЫНАН САҚТАНУ

Аймақтағы Жайық, Ойыл, Қиғаш, Жем және Сағыз өзендерінің тасуы ылғалдың мол болуы, қардың көп түсуіне байланысты. Оның үстіне Ресейдің Ирикла, Волгоград су қоймаларының суды мөлшерден тыс жіберуі тасқынның қаупін күшейтеді. Оған қарсы алынып жатқан шаралар туралы Атырау облысы төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Сағынбек Өмірзахов айтып берді.

Құтқарушылар су тасуына себеп болар жағдайларға назар аударып отыр. Жайықта күзгі топырақтың ылғалдылығы тиісті деңгейде. Дегенмен, оған құятын Шаған өзенінде бұл көрсеткіш екі есеге көбейген. Жинақталған қардың мөлшері туралы да осыны айтуға болады.

— Облыс аумағындағы су тасқынының қауіптілігі жоғары аймақта 3 мың әртүрлі нысан, 16 елді мекен бар. Онда 85 мыңдай адам тұрады. Бірнеше бағыттағы жолдар да аса қауіпті аймаққа жатады. Біз осы себептен, көлденең оқиғалардың алдын алуға жұмыстанудамыз, — деді департамент басшысы.

Сағынбек Сиратұлының пікірінше, атыраулықтар қазіргі уақытта Ресейдің Астрахан, Волгоград және Орынбор облыстарының төтенше жағдайлар бас басқармаларымен тұрақты байланыста. Су тасқынының гидрологиялық болжамдары да сұратылып отыр. Мұның бәрі –  қауіптің алдын алу мақсатындағы жүзеге асып жатқан шаралар. Алайда, аймақтың бас құтқарушысын алаңдатқан проблема да бар екен. Соның бастысы, су тасқынына қарсы қорғаныс бөгеттерінің жағдайы. 1967–1994 жылдар аралығында салынған, 515 шақырымды құрайтын нысанның әлсіз тұсы аз еместігі байқалады. Сондықтан, Тимуржан Шәкімов жауапты тұлғаларды алдымен осы мәселеге назар аударуды тапсырды.

— Табиғи апаттың алдын алу, жол бермеу – кезек күттірмес міндет. Оны жүйелі жүзеге асыруда аудан әкімдерінен жекелей жауапкершілік сұралады, — деді облыс әкімінің орынбасары.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button