СОҢҒЫ ҚАЗАҚ ҚАЛҒАНША ОҚЫЛАТЫН ЖАЗУШЫ
— Мен Маралтай деген балаңызбын. Сіз мен туралы «Алатаудан дүбірлетіп Маралтай деген бала келе жатыр» деп жазып едіңіз. Алатау деген биік қой, мен – Жамбыл облысының Сарысу ауданынанмын,-деп едім, Әбіш ағам:-Алатау бүкіл қазаққа ортақ қой. Сен де соның бір баласы бол, -дегені.
Өзі де қазақтың қарапайым ғана қара домалақ баласы болып киелі Маңғыстау топырағында туса да, бүкіл қазаққа ортақ тұлға болып қалыптасып, Алатаудың кең құшағынан ұшар шыңына шықты, әлемге танылды. Қазақ өзін күллі әлемге танытатын бір перзентінен айырылып қалды. Біртуар Мұқағалидың «Соңғы қазақ қалғанша оқылатын бір ақын бар. Ол – Жұмекен» деген сөзі бар. Мен осы сөзді абыз Әбішке қарата айтқым келеді: «Соңғы қазақ қалғанша оқылатын бір жазушы бар. Ол – Әбіш Кекілбаев». Жатқан жері жайлы, топырағы торқа, иманы жолдас болғай!
Маралтай РАЙЫМБЕКҰЛЫ,
ақын, Қазақстан Жастар одағы және мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты.