Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты: «Ғаламдық интеграциядан бөліне алмаймыз»

«Халық пен елдің мүдделерін басшылыққа алған ерікті интеграция – өркендеудің ең қысқа жолы да осы» деп Президент Нұрсұлтан Назарбаев айтқан егемен еліміздің бастамасымен дүниеге келген Кеден Одағы, Бірыңғай экономикалық кеңістік, Еуразиялық Одақ әлемдік алып державалардың нарығына жұтылып кетпеуімізге кепілдік бола ала ма?
Мәжілісмен Алдан Смайылмен осы мәселе төңірегінде пікірлескен едік.
- Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен дүниеге келген Кеден Одағының болашағы қандай?

– Кеден Одағы қанатын кеңге жайып келеді. Түркия одаққа енуге ниет білдіріп отыр. Мен алғашында бұл ұсынысқа қатты таңырқаған едім. Өйткені, Түркия – еуропалық мемлекет. Әрі  бұл  сауда-саттықтың барлығын ертеден меңгерген, нарыққа енген ел. Экономикалық мүмкіндігі әлдеқайда жоғары ел. Сондықтан, бұл одақ тиімсіз болса, әлдеқайда жоғары дамып кеткен ел мұндай ниет білдірер ме еді деп ойладым. Білуімше, Армения, Қырғызстан Кеден Одағына енуге өтініш берген. Вьетнамның да осы одаққа ықыласы ауды. Үндістан да кет әрі емес. «Кім Еуразияны билесе, сол әлемді билейді» деген идея да бар. Бұл табиғат, адами ресурстарды бір қолда ұстап, бағындыру деген сөз. Кейде қырқыншы жылдардағы Гитлердің соғысы да Еуразия үшін  болған ба деп ойлаймын. Осы орайда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразияның үлкен әлемдік маңызын ерекше түйсініп отырғандығын айтқым келеді.

 – Бірыңғай экономикалық кеңістікте отырып, Дүниежүзілік  сауда ұйымына жол сала аламыз ба?

 – Бүгінгі заманның басты талабы – халықтың, табиғи байлықтың әлеуетін тиімді пайдалану. Біз мұндай мүмкіндікке Еуразиялық экономикалық кеңістік құру арқылы қол жеткіземіз. Сондықтан, мұндай кеңістікке мәжбүр болып бармай, инициативамен барған дұрыс. Кей азаматтарымыз осыны ескере бермейді. Ендігі жерде одаққа кіргеннен кейінгі экономикалық қатынастарды сәйкестендіру керек. Одақ құрылғалы бері жиырмаға жуық заң қабылданды. Осы заңдарда ел мүддесі бірінші орынға қойылды. Өз басым бұл одақтың болашағы бар деп ойлаймын. Түркі елдерінің көпшілігі түбі осы одақтың құрамына кіретін болады. Украинаның да одаққа енетін ойы бар. Рас, күні бүгінде Украина халқы еуропашылдар, ресейшілдер болып екіге  жарылуда. Жаппай толқулар орын алып жатыр. Бірақ, халыққа дәл қазір сіз бен біз әңгімелесіп отырғандай осы мәселелерді  ұғындырып  жатқан кім бар? Көп кездесулерде боламын, сол кезде байқайтыным, одақтың маңызын халыққа түсіндіруі тиіс жігіттердің кейде білімі жетпей жатады. Ұлттық идеология, ұлттық мүдде деп жатамыз ғой. Одаққа осы тұрғыдан келу керек сияқты.

 – «Еуразиялық Одақ Қытай экономикасы мен Еуропалық Одақ экономикасының арасында көпір болуға міндетті» деген  пікір  айтылып жүр. Еуразиялық Одақ экономикасы халықаралық нарық бәсекесіне жауап беруі үшін сіздіңше нендей механизмдерді іске қосуы керек?

 – Ұлы  Отан соғысынан кейін  жапондар тауарлар  иммитациясы  деген экономикалық саясатты ұстанды. Ол дегеніңіз, елдегі  кез келген өтімді тауар, мәселен көйлек бола ма, көншек бола ма, машина бола ма, соның барлығын жылдам шығарып, әлемнің нарығына тез сатып отыру  саясаты. Жапонияның  экономикасын  көтерген осы  тауар иммитациясы. Қытай да қазір осы тәсілді қолданып отыр. Қытайдан қазір дүние жүзінің барлық елдеріне тауар шығады. Енді  олар автомобильді қойып, ұшақ шығара бастады. Бірақ, шығарады да, арзанға береді. Көрдіңіз бе? Біз Дүниежүзілік сауда ұйымына Қытай арқылы әлдеқашан кіріп кеттік. Тұтас ДСҰ, ұйымға мүше мемлекеттер бірігіп алып, Қытайдың арзан тауарын алып жатыр. Бірақ, әлемдік нарықты жаулап алған тауарларға төтеп беру үшін де, біздер ДСҰ-ға кіруіміз керек. Өйткені, «Арзанның жілігі татымайды» деген де сөз бар.

 Қалай десек те, жаппай жаһандану заманында біздің көштен қалып қоюға құқығымыз жоқ. Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осыны меңзеп жүр.

Әңгімелескен Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз