СИЫР ӨСІРГЕН «СЕРИЖАН»
МАҚСАТТЫ ІСТІҢ ЖЕМІСІ
Кезіндегі он сегіз айлық қашарлар бір жылдай жергілікті табиғатқа, ауасы мен шөбіне үйретіліп, алғашқы төлдерін берді, 44 бұзау алынды. Өткен қыста қардың аз түсіп, жаздың аптабындағы қуаңшылықтың шаруагерлерді біраз тығырыққа тірегені де рас. Бөлінген жерден жемшөп дайындау мүмкін болмай, азықтық пішенді сатып алуға тура келді. Жалпы, қожалықтағы 100 бас аналық сиырдың бағым-күтімі зоотехникалық-малдәрігерлік талаптарға сай, мал ауруларынан ада. Былтыр ақпан, наурыз айларында төлдеген әулиекөл сиырларының бұзауларының салмағы бүгінде 170-180 келі тартады. Жақында аналық сиырлар екінші рет төл бере бастапты. Бірыңғай аппақ түсті бұзаулар аулада асыр салып жүр.
Канаданың және француздың сиырларын қазақтың ақбас сиырларымен будандастыру нәтижесінде алынған бұл қостанайлық әулиекөл тұқымы – тез ет алатын, өсімтал мал. Бұқаларының тірілей салмағы бір тоннаға дейін барады, ал аналықтары 750-800 келіге дейін салмақ тартады. Әрбір Қамбар ата тұқымы мал мамандарының жіті бақылауында.
Бақташы Әтиғолла Мәдіғалиев асыл тұқымды малдан алын-ған бұзаулар басқаларға қарағанда жем, шөпке тез оттығатындығын, салмақты тез жинайтындығын әрі қолға үйренгіш, жуас болатындығын айтты. Ол қыстақ басындағы құдық суының соңғы уақытта ашып бара жатқандығын жасырмады. Себебі, жаздағы қуаңшылық мезгілде құдық сулары тартылып, тұзданып кетеді. Қазір малға су каналдан көлікпен жеткізіліп тұрған көрінеді.
ҚҰМДАҒЫ ТҰРМЫС ТА ҚАЛАДАҒЫДАЙ
«Биылғы қыс мал баққан шаруаға жайлы болды ғой. Қыстақ басындағы үйілген пішеніміздің мұрты да мұқалмастан қалды. Үйімізге жылыту қазандығы орнатылып, батареямен жылиды. Телефон байланысы бар, ОТАУ ТВ хабарларын көріп, жаңалықтарды естіп отырмыз. Еңбегімізге қарай табысымызды аламыз. Дастарханымызда табиғи таза өнім – сүт, қаймақ, ірімшік, сүзбе. Ал, ішкенің – шұбат, жұтқаның – таза ауа. Бұдан артық не керек енді?» — деген Әтиғолла пікірінің жаны бар. Әтиғолла мен жолдасы Гүлсағида екеуі – бала-келіндерімен атакәсіпті осылайша жалғастырып жатқан жандар.
Қожалықтың бойдақ малдары «Айсақұдық» учаскесінде қыстатылады. Мұнда ерлі-зайыпты Сәрсенбай мен Сәулеге жаңа үй салынып, мал қора тұрғызылған. Күн батареясынан электр қуатын алатын қыстақтағы малшылар қаладағыдай тіршілік кешіп жатыр десе болады. Алға қарай малдың көңін биоотынға айналдыру арқылы жылу алу да ойларында екен.
— Негізгі мақсатымыз – осындай асыл тұқымды малды өсіру, сапалы етін өндіріп, халықты табиғи таза өніммен қамтамасыз ету. Өткен жылғы бұзаулар биыл күзде етке сойыла бастайды. Асыл тұқымды мал болғасын он сегіз айға жеткенде олардың тірілей салмағы кемінде үш жүз елу-төрт жүз келіден кем болмауы керек. Бұған бізде толық жағдай бар, — дейді «Серижан» шаруа қожалығының жетекшісі Рамазан Оразбаев бізбен әңгіме барысында.
ҚЫСТАҚТАҒЫ ҚАУЫРТ КҮНДЕР
Қожалық бағымдағы малға қажетті жемшөпті дайындауға баса назар аударып келеді. Азықтық пішен дайындауға екі трактор, комбайн мен шөп тайлағыш агрегаты алынған. «Сарыөзек» каналы бойынан 4 гектар жерге жоңышқа тұқымын сеуіп, жоғары өнім алып отырған қожалық биыл жер көлемін екі есеге дейін ұлғайтуды көздепті. Малға жұғымды жоңышқа шөбін дайындап, күзде қыстақ орынға жеткізу, Қостанай облысынан келісімшартпен азықтық жем алдырту сияқты шаруалар да қара күзге дейін жалғасты. Өйткені, азығы мол малдың азбайтыны белгілі.
Қожалық иесінің болашақтағы ойын да білдік. Алға қарай Қамысқала селолық округі аумағының канал бойынан жер телімі берілсе, мал бордақылау, сою, ет дайындау кешенін салу да жоспарында бар екен.
«Серижан» – аналық және аталық малын өз қаржысына сатып алған аудандағы бірден-бір шаруа қожалығы. Отандық асыл тұқымды малды бағып, өсіргені үшін мемлекеттен субсидияға қол жеткізді. Сондай-ақ, әулиекөл асыл тұқымды ірі қара малын облысқа алғаш әкелген шаруашылық ретінде Қостанай облысындағы «Әулиекөл» палатасының Құрмет грамотасымен марапатталды.
Өткен жылдың күзінде Атырауда Ресей мен Қазақстанның Мемлекет басшыларының қатысуымен өткен аймақаралық ынтымақтастық форумы аясында болған көрмеде «Серижанның» да асыл тұқымды малы Елбасы назарына ұсынылған еді. Көрмеге қатысушылар ет бағытындағы отандық ірі қара малының жай-күйін көріп, күтіміне көңілдері толғаны бар.
Бақытжан ЖҰМАТ.
Суреттерін түсірген автор.