
Синтетикалық есірткіні тұтынатын жастар саны көбейген
Жыл басынан бері барлығы 21 есірткі тасымалдаушысы анықталды, олардың ішінде 3-і Ақтөбе, 2-і Ақтау, 3-і Қызылорда қалаларынан келгені белгілі болды. Солардың ішінде 5 жасөспірім, оның ішінде колледж студенттері бар, сондай-ақ біреуі Қызылордадан келген жасөспірім. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалы жанындағы Жастарды қолдау жөніндегі аймақтық қоғамдық кеңес отырысында айтылды.

Облыстық мәслихат депутаты Нұрлыбек Даралиев төрағалық еткен жиынға кеңес мүшелерімен қатар облыстық полиция департаментінің өкілдері, жастар мәслихатының депутаттары, аудандық жастар ресурстық орталықтарының басшылары және өңірдің белсенді жастары қатысты. Кеңестің күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Алдымен облыстық жастар мәслихатының депутаты Асухан Назымбеков Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауына қатысты баяндама жасады. Ол жастардың цифрлық дәуірдегі рөліне тоқталып, бәсекеге қабілетті болудың маңызын атап өтті.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе жастар арасындағы нашақорлық пен есірткі құралдарының заңсыз айналымына қарсы іс-қимылға арналды. Бұл тақырып бойынша Атырау облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Марьяна Жанғалиева баяндама жасап, өңірдегі жағдайға тоқталды. Оның айтуынша, жастардың есірткіге әуестігі қоғам үшін қауіпті құбылыс болып отыр, сондықтан оның алдын алу шараларына барлық мүдделі тараптар атсалысуы қажет.
Отырыста қатысушылар тарапынан ұсыныстар айтылып, пікір алмасу өтті. Кеңес төрағасы Нұрлыбек Даралиев жиынды қорытындылай келе, жастарды есірткіден аулақ болуға, білім мен ғылымға ұмтылуға шақырып, қоғамдағы осындай мәселелерді шешуге белсенділік танытудың маңызын ерекше атап өтті.
Еркеназ ҚАЛИЖАН