Жарнама
Қоғам

ШЫНАЙЫ АҚПАРАТ – ШЫНДЫҚ ШЫРАЙЫ

Шараға еліміздің әр өңірінен келген 40-қа жуық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен ақтөбелік журналистер қатысты. Журналистердің кәсіби шеберлігін арттыру, өзара тәжірибе алмасуына арналған медиа-форумның пленарлық мәжілісінде Қазақстан Журналистер Одағы басқармасының төрағасы Сейітқазы Матаев бүгінгі Қазақстан баспасөзінің, соның ішінде, батыс өңіріндегі журналистиканың дамуына тоқталды. Ол өз сөзінде БАҚ — халық пен қоғам арасындағы алтын көпір екенін баса айтып: «Қазіргі кезде журналистиканы дамытудың небір технологиясы бар. Соған орай газеттерді жабу керек деген де сөз шығып жатыр. Бұл мүлдем дұрыс емес. Әрбір ауданның, әрбір облыстың өзінің аудандық, облыстық газеттері болуы тиіс.  Жергілікті билік сол аудандық немесе облыстық газеттерге көңіл бөліп, көмектесулері керек»деді.

«Елді, халықты, бірлікті ойлайтын қазақ тілді БАҚ деп білемін. Біреулер тарихты көп жазады, батырлар мен билерге көп орын береді деп сынамақ болады. Осы тақырыптар арқылы қазақ тілді басылымдар мен телеарналар елдің мүддесін қорғап отыр. Ал, орыс тілді БАҚ қылмыстық оқиғалар, тәрбиелік мәні жоқ жеңіл ақпараттарға әуес. Осылайша, өздерінің оқырмандары мен көрермендерін көбейткісі келеді. Бірақ, көзі қарақты халық ненің жақсы, ненің жаман екенін айыра алады. Қазақстанда журналистердің он ұйымы бар. Соның ішінде сұрауы зоры – біздің одақ, 10 мыңдай мүшеміз бар. Билікпен де қатынасымыз жақсы, солай болу керек те» деді С. Матаев.             

Қазақ тілді басылымдардың көптеп жарық көріп жатқаны құптарлық. Десек те, бұл жерде санға емес, сапаға да баса мән берген жөн. Бұл жөнінде «Телекомпания Эра» ЖШС директорлар кеңесінің төрайымы, Бас редакторлар клубының президенті Бибігүл Жексенбай тарқатты:               

— Журналистердің  кәсіби шеберлігін арттырып, тәжірибе алмасуда мұндай шараларға  шөліңкіреп қалғаны рас. Сондықтан, біліктілікті арттыруда осындай кездесулер жиі өтуі тиіс. Бір айта кетерлігі, бүгін журналистерге қай жерде де орын табылады. Себебі, қазір басылымдар көптеп ашылуда, тілшілер қауымы  жұмыссыз қалмайды. Десек те, санға емес, сапаға мән беріп, жұмыс орны көп деп бір жерден екінші жерге  ауыса беруге болмайды. Себебі, журналист бір қызмет орнын таңдап, сол жерде біраз жыл кәсіби шеберлігін арттырғаны жөн, — деп, әр журналист өз ісіне асқан жауаптылықпен қарау қажеттігін баса айтты.

Журналистердің өз білімін ұштап, өзара тәжірибе алмасуына арналған медиа-форумның пленарлық мәжілісінен кейін қатысушылар үшін тақырыптық шеберлік сыныптары өткізілді. Екі күнге созылған форумдаұшқыр қалам иелері мен телерадио және электронды БАҚ өкілдері Қазақстан мен Ресейдің белгілі тәлімгерлерінен шеберлік сыныптарынан өтіп, біліктілігін шыңдады. Шеберлік сыныптарында Қазақстан Журналистер Одағы басқармасының төрағасы Сейітқазы Матаев, «Эра» телекомпаниясы ЖШС директорлар кеңесі төрайымы, «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті Бибігүл Жексенбай, «Абай.kz» порталының бас редакторы Дәурен Қуат, «Түркістан» газетінің бас редакторы Шамшиддин Паттеев, профессор, режиссер Гүлбану Үкітайқызы журналистиканың қыр-сыры туралы өз ойларын ортаға салып, тәжірибелерімен бөлісті.

Сондай-ақ, мәскеулік тәлімгер, белгілі дизайнер, «Мой район» газетінің арт-директоры Алексей Коньков «Шығармашылықпен ойлау: газет дизайны» тақырыбында шеберлік сыныбын өткізді. Газеттің тартымдылығы оның безендірілуіне көп байланысты. Сондықтан, Алексей Коньковтың бұл шеберлік сыныбы қазақстандық газетшілер үшін қызықты болды. Тағы бір мәскеулік тәлімгер, режиссер, сценарийші, деректі фильм түсірудің шебері Евгения Головня  «Кино мен телевизиядағы деректілік» тақырыбында дәріс берді.

Шеберлік сабақтары барысында форумға қатысушылардың БАҚ-тардың жұмысын жаңғырту, оның жергілікті жердегі қызметі, жаңалықтарды жеткізу үлгісі, ғаламторды тиімді пайдалану тәсілдері, тележүргізушінің сөйлеу шеберлігі, әлеуметтік роликтер режиссурасы, оператор жұмысының қыр-сырына үңілу сияқты шеберліктері бойынша тәжірибелі мамандардан көп нәрсе үйренулеріне мүмкіндік туды. Мәселен, «Абай.kz» порталының бас редакторы Дәурен Қуаттың «Заманауи бағыттар: ғаламтор және БАҚ» тақырыбындағы шеберлік дәрісінде дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет журналистиканың ерекшелігі туралы айтылды. Ол өз сөзінде дәстүрлі БАҚ пен жаңа медиа бір-біріне қарама-қарсы деген ойдың қате екенін айтып, оның аражігіне тоқталды.

Сондай-ақ, шеберлік сыныбына қатысушылар бүгінгі журналистикада жанрлардың көптеп көрінбей жатқанын алға тартып, тілшілердің фельетон, очерк, репортаж, басқа да жанрларға баса мән беруі қажеттігін айтты. Ал, тележурналист, БАҚ саласының топ менеджері Қалыбек Атжан өткізген «БАҚ-тардың жұмысын жаңғырту: мақсаттар мен мәселелер» тақырыбындағы сабақта журналистің қандай да бір жаңалықты немесе оқиғаны оқырмандарға шынайы жеткізе білуі қажеттігі кеңінен сөз болды. Сондай-ақ, редакция мен оқырманның арасындағы кері байланыстың үзілмеуі қажеттігі де айтылды. Оның бұқаралық ақпарат құралдары жұмысын жаңғыртуда басты құрал екенін ұмытпаған жөн.

Медиафорумның екінші күнінде шара қонақтары «Қазақстан-Ақтөбе», «Рика — ТВ» компаниясы мен «Эврика» газетінің редакцияларында болып, олардың жұмысымен танысты. Одан әрі форум ұйымдастырушысы, Ақтөбе облысының «Саясаткер әйелдер клубы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, «Білезік» журналының редакторы Әлия Тұрниязова әр аймақтан келген журналистердің басын қосып, жиын өткізді. Мұнда да салмақты әңгімелер айтылып, тілшілер еркін пікір алмасты. Журналистер форумның жүру барысы жөнінде ойларын ортаға салып, «журналистердің біліктілігін шыңдаудағы мұндай жиындар Қазақстанның әр өңірінде өткізілсе» деген ұсыныстарын да білдірді.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА,

Атырау-Ақтөбе-Атырау.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button