Жарнама
Қоғам

ШЫН ЖҮЙРІККЕ ТҰСАУ ЖОҚ

Сонау ертеректе, әр аймаққа, әр өңірге, тіпті үш жүзге аты мәшһүр тұлғалар аман-саулығын айтып, жарты жыл,  тіпті бір жыл бұрын хабарланып, өткізілетін аламанды жария қылатын. Ондай ас берулер, ат жарыстары, бәйгелер ұшқан құстың қанаты талатын кең байтақ жерімізде талай дүркіреп өткізілгені де тарихтан белгілі. Мәселен, Арқа жерінде өткен Сағынайдың асы. Бұл Құлагердің өлімімен аяқталатын ас беру. Оған тек Арқаның жүйрік тұлпарлары ғана емес, исі қазақтың барлық өңірлерінен жүйріктер қатынаспап па еді. Ондай ат жарыстары біздің өңірде де өтті. Жүйріктердің аты шықты, шабандоздың бағы жанды, талайлар топты жарып, бәйгеге тігілген байрақтарды еншіледі. Аламан бәйгелердің қазіргі уақытта да жиі ұйымдастырылып жүргеніне куә болып келеміз.

Менің ат спортының дамуына жанашыр жан ретіндегі айтпағым мына мәселелер еді. Соңғы кезде кейбір аудандарда  Жеңіс мерекесіне, Тәуелсіздік күніне, басқа да тарихи атаулар мен мерейтойлардың құрметіне орай өткізіліп жүрген ат бәйгелеріне «басқа өңірден келген аттарды қатыстырмаймыз» деген келеңсіз көріністердің қылаң беруі көңілімізге қаяу түсіреді. Жақында облыстық ұлттық ойындар қауымдастығының төрағасы ретінде маған Махамбет ауданынан белгілі атбегі Оразов Еділ деген азамат хабарласты. Ол «Қыстай атымды баптап, күннің суығына, қар мен жаңбырға қарамастан еңбектеніп, енді атымның бағын Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесіне орай ұйымдастырылатын аламанда сынап көрейінші деп отырғанмын. Бірақ, «Сен басқа ауданнансың, атыңды қоспаймыз» дейді. Сонда біз қайда барамыз?» деді. Өте орынды айтылған мәселе. Шынында да, қазір атбегілікті кәсіп еткен жандарды табу қиындап барады. Әрі кеткенде бір ауданнан үш-төрт атбегіден аспайды.  

Ат – ердің қанаты. Бәйге атын аламанға жаратып, баптап қосу оңай шаруа ма? Ат бәйгесін ұйымдастыру еріккеннің ермегі емес. Халықтың мерекелік көңілін көтеріп, ұлттық ат спортын кейінгі жас буынға насихаттаудың бір түрі ғой, бұл. «Баласы атқа шапса, атасы тақымын қысып отырады демекші, нағыз жүйрік тұлпарлардың желдей жарысқан шабысы керек көрерменге. Ал, басқа облыстан, аудандардан ат бәйгесіне бабында тұрған сәйгүліктерді қатыстырмай, өз ауылының қой бағып жүрген, жарауы жоқ аттарының бәйгесін өткізу кімге керек? Осынау байрақты бәсекені өзіміздің атбегі, шабандоздар алсын десек, онда елдің намысын қорғау үшін жағдайы бар, мал шаруашылығын дөңгелентіп отырған азаматтар, жақсы қаны бар ат алып баптап, ауылдың тігілген бәйгесін өздері қанжығаласа,  нағыз азамат сол емес пе? Сонда ғана біз ұлттық спортымыздың қарқынды дамуына үлес қосқан болар едік. Бәйгеге бапталған атты қатыстырмау – қазақы дәстүрімізге жат.

«Жақсыныкі жария» демекші, бәйге өтеді екен, демек, оған өзге өңір, аудандардан тілек білдірушілердің қатысқаны жөн. Сондықтан «Байрақ ошақ басында қалсын», «Менің атым жүре тұрсын, жұрттыкі тұра тұрсын» деген сияқты бақай есепті естен шығарып, қайта, өзгенің жүйрігін көріп, тұқым алуға, өзімдікін өзгеге бұлдап өткізудің ең тиімді жолы екендігін естен шығармағанымыз дұрыс. Себебі, бәйге десе, делебесі қозып, қаны қызбайтын қазақ жоқ. Ендеше, жарыс ортақ. Шашасына шаң жуытпайтын сәйгүліктер сайысын бәйге алаңында  бәріміз бірге тамашалайық, ағайын!  

 Өнербай ЖАНБАЛА,

Атырау облыстық ұлттық ойындар қауымдастығының төрағасы,

ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button