Жарнама
Қоғам

ШЫҢҒА БІТКЕН ШЫРАЙ

 БҰЛАҚ БАСТАУЫ

Қазақ даласында өркениет өзгерістері әлі де толық белең ала қоймаған таңсәрі кез еді. Елдің көбі әлі де қараңғылық құрсауынан шығып болмаған «жабайылау» жұпыны шақ болатын. Оның үстіне сұп-суық қара көлеңкесін жайып, сұрапыл соғыс қаупі де әнтек ызғарын шаша салқын лебін сездіре бастап келе жатыр еді. Сондай қиыншылықтарға да қарамастан, Таумұш әуелі арабша, одан соң латын қарпімен хат танып үлгеріп, 1938 жылы Гурьевтегі (қазіргі Атырау қаласындағы) мұнай техникумын ойдағыдай бітіріп, жер қыртысының құпияларын ашуға құмар зергер-геолог болып шыққан.
Сөйтіп жүргенде күллі жарты әлемді өрттей жалмап, Еуропа құрлығының барша қалалары мен жер үстіндегі жасыл жұмақтай жасанған бейкүнә далаларын аяусыз күйе мен күлге айналдыра, 1941 жыл да келген. Өз келешегіне қарай қаймықпай батыл қадамын бастаған болашақ жас ғалымның бағына алдынан әуелі Қаныштай ұлы «феномен» кездесті. Алғашқы күндері-ақ қазақ ғылымының іргетасын қалаушы ұлы тұлғаның қырағы көзінен тасада қалмай, ол әуелі Алматының тау-кен, металлургия институтындағы студент кезінен геологиялық ғылыми ізденіс жұмыстарына арнайы тартылып, оған белсенді түрде қатысты. Сөйтіп, бірге туған ағалары неміс басқыншыларына қарсы қан майданда ұйқысыз-күлкісіз, қар жастанып, мұз төсеніп, толарсақтан қан кеше соғысып жүргенде, Таумұш та жарғақ құлағы жастыққа тимей, тылсымы мол қазына құпияларын әлмисақтан бері тұңғиық қойнауында берік қымтап, жасырып жатқан тусыраған тың өлке – Маңғыстау мен Каспий маңы ойпаты тереңінің «қара маржандарын» бірінен кейін бірін ақтарып, жауға қарсы атылатын «қапысыз оқтарын дайындауға» кірісті. Кейін Атырау өңірінен шыққан ұлы ғалым атанып, қазақ мұнайының Сафи Өтебаевпен қатар аталатын екінші атасы деңгейінде баршаға танылған Таумұш Нұрышұлы Жұмағалиевтың тынымсыз ғылыми ізденістермен, қауырт та қарбалас еңбекпен өрнектелетін өсу, қалыптасу және үлкен өнегеге толы бүкіл өмір жолы осылай басталған еді…
1960 жылдардың іші болатын. Бұрын Абай атындағы кеңшарының орталығында, Райгородокта (қазіргі Қаракөл селосында) тұрып, еңбек етіп келген, бізге немере ағайын болып келетін Мұқан, Сақи және Жаңбырбай (Жұмалиевтар) атты ағаларымның отбасылары Миялыға қоныс аударып, көшіп келді. Үлкен жеңгем Бегімова Дәмеш Нұрышқызы осы Таумұш ағаның ортаншы қарындастарының бірі екен. Ал, оның өзіне тете үлкен апасы Нұрышева Ағила Қазбек ауылындағы Қамыскөл деп аталатын бастауыш мектепте маған бірінші сыныпта алғашқы әріптерді танытқан сүйікті ұстазым болатын. Оған дейін Дәмеш жеңгемнен де бұрын мен әуелі сол кісіні жақсырақ білетінмін.
Нұрыш ата көзі ашық, көңілі ояу, аз-мұз жәлитше оқуы да бар, ақыл-парасаты мол, зерделі де өте зерек адам болыпты. Сондықтан да болар, сол кездегі ауыл басшылары мұндай ауқымы кең де аса өзекті істерді жүзеге асырған кезде оның ақылын пайдаланғаны, сірә, тегін болмаса керек. Ата жолын қуған Таумұштың да басқа бөлек арнаға түспей, тау мен тастың құпия тылсым сырларын ақтарып, жеті қабат жер астының терең қойнауларын зерттеуге ден қоюын осымен байланыстырған дұрыс па деймін…

СӘТБАЕВПЕН
СЫРЛАСУ

Егер ежелгі қазақтың ата-баба жолын қуар болса, Таумұш та Қызылқоғаның Тайсойған шағылдары арасында малын бағып, апайтөсін тентек желге төсеп, ақ құба жүзін күн қағып, ен даланың «ерке баласы» болып қала берер ме еді, әлде қайтер еді? Бірақ, олай болмады. «Тау мен тау кездеспейді, адам мен адам ғана кездеседі» демекші, Тәукеңнің қазақ елінің аса көрнекті ұлы ғұлама ғалымы, Қазақ Ғылым Академиясының, жалпы қазақ ғылымының берік іргетасын қалаушы, ұлтымыздың қайталанбас біртуар ұлы перзенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаевпен кездесуі оның тағдырына мүлдем бөлек бетбұрысты өзгерістер әкелген-ді. Ол Алматының тау-кен, металлургия институтында оқып қана қоймады. Туған елінің, өскен жерінің әр тасымен, әр бетегесімен «шүйіркелесіп» сырласты. Таудан сылдырай құлаған мөлдір бұлақ та, желмен суси жылжыған жылы топырақ та, самалмен сыбырласып, бұлаң қаға майысқан сан түрлі өсімдік те оның алдында шынайы түрде ағынан жарылып ашыла берді, ашыла берді, ешбір құпиясын риясыз іркіп қалмастан оның алдына жайып салумен болды. Ал, Тәукең де оларды өз жадына, терең көкірек түкпіріне жай тоқып қана қоймады, оларды туған елінің алдына сол күйінде тосып үлгеруге тырысып бақты.

КАСПИЙДІҢ БОЙЫ – ЕН БАЙЛЫҚ

Тәукең, әсіресе 1972-1985 жылдарда Атырау қаласындағы қазақтың ұлттық мұнай-газ институтының (КазНИГРИ) директоры болып жұмыс істеп жүрген кезінде өзін аса зерделі зерттеуші әрі ұлағатты ұйымдастырушы ретінде танытып, жарқыратып көрсете білген-ді. Дәл осы кезеңде Каспий бойы ойпатының тұзасты қабаттарына геологиялық тыңғылықты барлау жасалуына да, Индер ауданының табиғи қорларын кешенді түрде игеру жұмыстарының кеңінен қанат жаюына да ол зор еңбек сіңірді. 1976 жылы КазНИГРИ-де кейін Атырау экспедициясы болып қайта жасақталған тәжірибе-әдістемелік партияның дүниеге келуіне де оның бірден-бір мұрындық болғанын айту ләзім дер едім. 1978 жылы Жаңажол ойпатының шығыс жақ бүйірінен мол мұнай көзі, ал 1979 жылы Солтүстік Қарашығанақ газконденсат кен орнының ашылуында да Тәукеңнің орны бір бөлек болды десек, тіпті де артық айтқандық болмасы сөзсіз-ді.
Ғалым, әсіресе сексенінші жылдарда іргелі сипаттағы зерттеулер саласында неғұрлым көп еңбек сіңірді. Қазақстан Республикасының геология-минералогия ғылымдарының кандидаты ретінде «Каспий бойы ойпатында мұнай мен газдың терең ұңғымаларын бұрғылаудың шапшаңдығын арттыру және өндірілген өнімнің өзіндік құнын кеміту жөнінде геологиялық-техникалық шаралар кешенін жасап, өндіріске енгізу» деп аталатын елеулі еңбегі үшін және «Жер қойнауы мен қоршаған ортаны қорғау мәселесіне байланысты тау-кен металлургия және химия өнеркәсіптері қалдықтарынан жасалған материалдардың ғылыми негіздері» үшін 1980 жылы ғалымдар мен өндірісшілердің бір тобына Қазақ КСР-ның ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығы берілуінде де ол елеулі рөл атқарды. Қазақстанның геологиялық барлау жұмыстарын дамытып, минералды-шикізат қорларын молайтқаны үшін ол 1967 жылы Қазақ КСР-на еңбегі сіңген геолог-мұнайшысы деген құрметті атақты да иеленді. Бозащы түбегінде жаңа мұнай кен орнын ашқаны және оны жеделдете игергені үшін 1980 жылы «Халықтар достығы», ал 1999 жылы «Құрмет» ордендерімен марапатталды.
Тәукеңді жете білген адамдар — ол кісінің «қаруластары», қатарластары, үзеңгілестері, қала берді барша мұнайшылар қауымы бүкіл Қазақстан бойынша қазақ мұнайы өндірісінің «бас операторы» Атырау қаласында отыр деп есептейтін. Шынында да, қай жерде, қандай мекемеде жұмыс істеп жүрсе де Таумұш Нұрышұлы үнемі жаңа кен орындарын ашуға ұйытқы болып, оларды мейлінше шапшаң игеру мәселесін әрдайым да бірінші орынға қойып отырды. Ол тұтқиылдан қарғыс атқыр қасіретті соғыстың басталып кетуіне байланысты ғана таза ғылыми жұмыстармен шұғылданудың орнына амалсыздан тікелей өндірісші болып кетуіне тура келген. Алайда, соған да қарамастан ол нағыз ғылым докторларынан тіпті де кем болмайтын өте елеулі ғылыми зерттеулерімен елімізге ерекше зор еңбек сіңірді десем, меніңше, еш қателеспеспін деп ойлаймын. Олай дейтінім, Таумұш Нұрышұлының 1936 жылдан бастап қолынан қаламы түспей, мұнай мен газ өндіру мәселелері жайында тыным көрместен ғылыми мақалалар жазумен болғаны бүкіл көпшілікке мәлім. Ол алып Қарашығанақ кен орнын ашудың зор маңызы туралы, Еділ мен Жайық қос өзендері аралығындағы кеніштердің плиоцен газдарын пайдалануға байланысты кездесетін көптеген проблемаларды шешудің ұтымды жолдары жайында, ғылым жетістіктерін және барлық тыңғылықты зерттеу жұмыстарының нәтижелерін өндірісте жете пайдалану мәселелері, сондай-ақ Жер-ананың бүкіл байлықтарын, пайдалы қазбаларын тиімді игере білу, әсіресе жаңа кен орындарын ашу мен игеру, соның ішінде осы кезге дейін қол тиместен тусырай тың жатқан Тайсойған тереңі мен Каспий теңізі түбіндегі мұнайды жедел ала білу жөнінде, бұл үшін ғылым мен өндірістің бірлігін қамтамасыз етіп отыруға ұдайы зор көңіл бөліп, жоғары Ғылым Академиясынан бастап, бүкіл мемлекеттік органдардың, министрліктер мен мұнай және газ өндірумен шұғылданатын барлық өндіріс орындарының да терең назарын аударып отырған еді.

ОЛ ҒҰЛАМА
ДАРЫН ЕДІ

Таумұш Нұрышұлын нағыз шын мәніндегі терең ғұлама дарын, қазақ геологиясының берік негізін қалаған және тек қалап қана қоймай, оны жемісті дамыта да білген бірегей ұлы тұлға, көрнекті ғалым дей аламыз. Өйткені, ол бүкіл өмір бойы жай қарапайым адамдарша өмір сүріп көрген жоқ. Ол өзінің бүкіл бір ғасырға татитын тоқсан жасына дейін барша қазақ мұнайы мен газы өндірісінің әрбір тынысына дейін жаңаша дем беріп, қолдан келген көмегін тигізіп отыруға қажырлы еңбек сіңіре білген көзі қарақты, еңбекқор ғұлама, ата ғалым болып өмір сүрді. Тіпті сонау 1978 жылдары өзінің құрметті зейнет демалысына шыққаннан кейін де ол «мен енді осы болдым-ау» деп үйде қарап жатып қалмады, қолынан қарымды қаламын, аузынан бүкіл аймақты өзіне қаратқан уытты сөзін түсірмеді. Оның назарынан енді ғана өз тәуелсіздігіне қол жеткізіп, еркін де дербес даму жолына түскен мәрт мінезді, барыс қарпулы кең байтақ Қазақ елінің тәй-тәй басқан әрбір батыл беталысты қадамы да, Батыс Қазақстан мен Маңғыстаудың, соның ішінде ежелден өз сәтін сарыла күте-күте, бағы енді ғана бұрқырап жана бастаған туған қазыналы Атырауының мұнайы мен газын игерудің әрбір жаңалықтары тыс қалып көрген жоқ. Оған өзі де сәт сайын салмақты, салиқалы үнін қосып, елімен бірге қуанып, елімен бірге ойланып отырды. Әсіресе, атам заманнан бергі аңсаған қасиетті арманына қол жеткізіп, өз дербестігі жолымен батыл жүре бастаған Қазақ елінің, ана тіліміздің мәртебесін жедел көтеріп, оны одан сайын дамыту ісіне де белсене үлес қосуға ұдайы көңіл бөлуден де жалыққан жоқ. Орыс тілі мен қазақ тіліне бірдей жүйрік қалпымен көрінетін ол орыс және қазақ тіліндегі әртүрлі басылымдарды үзбей алдырып оқудан еш жалықпайтын.

ПАРЫЗ БЕН
ҚАРЫЗ

Бірде маған ғалым атаның айтулы тоқсан жасына толар қарсаңында ол кісімен өз үйінде кездесіп, әңгімелесіп, біраз мағлұматтарға қанығуымның оңтайлы бір сәті түскен-ді. Әріден ойлап, асықпай сөйлеп, өткен-кеткені мен бүгінгі жарқын өмірдің өзекті жайлары жайында терең толғана отырып, кәрі көкірек сырларының томаға тиегін еркін ағытып отырған қарт ғалым сол қарапайым, жай әңгімесінің өзінде де баяғы балаң шағынан өзіне жандай серігі, айырылмас досы болған сүйікті геолог мамандығынан мүлдем ажырамағандай еді:
— Қасиетті Жер-ана – күллі адамзат баласының талбесігі, туған топырағы, түтінін шалқытар үйі, мәңгілік мекені ғой. Алайда, сол адамзат та кейде әлі де есін толық жиып болмаған кәдуілгі сәби бала сияқты келеңсіз шалағай кейіп танытып, өрескел қателіктерге жол беретіні де бар-ау. Кейде өз игілігі үшін арналған сол әдемі қоршаған ортасына алдымен олардың өздері айуандық пиғылмен қарап, аяусыз бүлдіріп жататынына қалайша налымассың. Сонау өзіңнің Қызылқоғаңдағы күні кешеге дейін қасиетті қорықтан бір де кем емес болып келген атақты тарихи Қазбек тоғайын сол елдің өз адамдары әдейі отынға пайдаланып, өздері қолдан құртты емес пе? Сол елді басқарып отырған басшы адамдар қайда қарады сонда? Сол жердің өз ақылы дария, кенен ойлы абыз қарттары қайда қалды? — деген еді бір сәт тұңғиық ой құшағына шомған ғасырдың кенен құрдасы. — Атам заманнан, әлмисақтан өзіміз мекендеп, суын ішіп, ауасымен тыныстап отырған Еділ мен Жайық – екі судың аралығындағы терең тұңғиық қойнаудан шығып жатқан, өздерің бейнелеп айтып жүргендей қисапсыз «қара алтын» кені де сол барша адамзат үшін жаралған мол ризық. Оны «шашпай-төкпей» өндіріп алу да, елдің, байтақ халықтың өмірлік игілігіне айналдыру да – сол адамдардың өздерінің қасиетті парызы. Міне, бір ғасырдан бері біздің өңір де осы жомарт игіліктің мол қызығын көруде дей аламыз. Алайда, меніңше, бұл әлі де болса, тым аз деп ойлаймын.
Біздің жас мемлекетіміз әлі де жете зерттелмеген, тұңғиық терең қойнаулары өз құпия сырларын әлі де толық ашып болмаған, әлі күнге сол баяғы берік қымталған, жабулы күйінде жатқан «Қақпақты қара қазан» атанған Тайсойғанның тереңі мен басқа да тың алқаптарға жіті назарларын аударғандары дұрыс болар еді. Мұндай өрелі ойға әзірге кедергі болып отырған сол Тайсойған аймағындағы Ресей мемлекетінің әскери сынақ алаңын түпкілікті жабу, ол жерлердің байыпты геологиялық зерттелуіне толық мүмкіндік беру бірден-бір маңызы өте зор іс болар еді деп санаймын.
Ғалым атаның бұл ойлары біздің де, облыстың ең алыс шалғай аудандарының бірінен саналатын қызылқоғалықтардың да көкірек кеуделерін шірей кернеген аңсаулы арман-тілектерімен орайлас болғанына менің ешбір шүбәм болған жоқ…

МҰНАЙ СЕЛІН ТАСЫТҚАН

Атыраудан Доссор мен Мақат арқылы сонау Ақтөбе қаласына қарай жарыса жүйткіген темір жолдың бойында аракідік толассыз «бас изеп» тұрған жапырлаған мұнайсорғылары көзге шалынады. Бұлар баяғы өз тарихын бір ғасырмен есептейтін, бір кезде бүкіл дүниені дүр сілкіндірген қара шаңырақ — Доссордың «перзенттері» деуге мүлде келмейді. Ол – күні кеше ғана бүкіл әлемге жар салып, көк байрағын асқақтата биікке көтерген қасиетті Қазақ елінің қасиетті Тәуелсіздігінің нәтижесі. Ол – Қазақ елі геологиясының түп қазығын алғашқы болып қаққан, Батыс Қазақстан мен Маңғыстаудың және Еділ-Жайық аралығының мұнайы мен газы қоры байлығының алғашқы бірегей картасын жасақтаған, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақ еліне елеулі еңбегі сіңген геолог-мұнайшы, «Халықтар достығы» және «Құрмет» ордендерінің иегері, Жер қойнауының үздік барлаушысы, Атырау мұнай және газ институтының «Құрметті профессоры» Таумұш ата Нұрышұлының алпыс екі жылдық қажырлы еңбегінің де жемісі. Бұл – дарынды ғалым атаның өз туған жеріндегі алғашқы болып «ту тіккен» «Қайнармұнайгаз» басқармасы кен алаңдарының мұнайсорғылары. Одан әріде «Кенбай» мен «Орысқазған», ал Қызылқоғаның Ойтаң алқабына қарай кіре бастайтын «күре қақпасының бойында» «Уаз» бен «Қондыбай» кеніштері де өз «қара маржандарын» толассыз ағытып, ағылтуда.
Қазақта «батырдың аты өлмейді, ғалымның хаты өшпейді» деген ежелден келе жатқан аса бір ұлағатты сөз бар. Соңына ел кәдесіне жарайтын жүздеген ғылыми еңбектері мен монографиялық туындылары, өз қолымен ашып, өндіріске қосып кеткен және әлі де ойдағыдай өнімді жұмыс істеп тұрған жомарт кенішті алаңдары қалған Тәукеңнің екінші өмірі осылай жалғасып бара жатыр. Олардың ішінде, әсіресе, Теплов-Токарев тобы кен алаңының орны мүлдем бір бөлек деуге болар еді.
Ал, ғалым атаның бастаған ісін одан әрі жемісті жалғастырып келе жатқан оның төл перзенті, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген геолог-барлаушысы атанған ұлы, «Қазақстанкаспийшельф» акционерлік қоғамының бөлім бастығы Болат Таумұшұлы Жұмағалиев және ата жолын қуған Тәукеңнің қыздары Гүлжан мен Айгүл және кейінгі толқын жас буын немерелері мен шөберелері ғалымның өнегелі істерін жалғастырып жатыр.

Хамит ӘУБӘКІРОВ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button