Жарнама
Қоғам

ШУАҚ ШАШҚАН ШАҢЫРАҚ

 

Бәкең ақшағылды Нарын өңірінде дүниеге келген. Осында өсіп, ер жетті. Орта мектепті бітірісімен қаладағы балық шаруашылығы техникумына оқуға түседі. Оны бітірісімен біраз жыл балық өндірісінде еңбек етеді. Бірақ, көңілді мазалаған бір араманы адам  жанының арашашысы -дәрігер болу еді.

Сол арманы оны 1963 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтына алып келді. Осындағы емдеу факультетіне оқуға түседі. Әне-міне дегенше алты жыл да өте шықты. Қолына дәрігерлік диплом тиісімен атамекені Атырауға оралды. Осындағы облыстық ауруханада дәрігерлік еңбек жолын бастайды. Бас аяғы екі-үш жылдың ішінде-ақ «қолы жеңіл, білікті дәрігер» атанды. Алдына келген науқастардың бәріне ықыласпен қарап, дертінен сауықтырып жіберуге тырысты. Жарғақ құлағы жастыққа тимей, үйден гөрі жұмысқа асығатыны, әрбір операциядан кейін де ойланып, толғанып жүретіні әрбір науқастың жағдайын ойлауы өз ісіне деген жауапкершіліктен болса керек.

Өмір белесіне бойлап отырса ол қатардағы дәрігерден бөлім меңгерушісі, одан бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасарлығына дейін көтерілді. Бұдан кейін біраз жыл облыстық қан құю стансасына басшылық жасады. Сонда да урология саласындағы қызметінен бір ажыраған емес. Содан осы қызметінен сұранып, облыстық аурухананың урология бөлімшесінің меңгерушісі болып қызметке келді.

Басаролла ауруханаға келсе, еңбектес жолдастары, бірге қызмет істейтін дәрігерлер күтіп отырады. Сарғайып, тосып жатқан сырқаттар және бар. Бұл жерде де оның ақыл кеңесі, көмегі қажет. Бұған қоса күн сайын бүйрек, несеп  жолы ауруымен науқастанғандарға да ота жасап, емдеп, сауықтыруға тура келеді. Ең бастысы ол – адам жанының арашашысы дәрігерге керекті қасиеттерді бойына жинақтай білді. Тәлімгер ретінде жас мамандарды өз ісіне баулып, білікті мамандардың қатарына қосты.

Бәкең отбасылық құндылықтарды, дәстүрлерді берік ұстайды. Жастарға адамгершілік, бір-біріне құрмет, сыйластық, мейірім, жанашырлық, үлкенге ізеттілік, жастарға қамқорлық сезімдер туралы жан-жақты әңгімелейді.

«Тәрбие – тал бесіктен басталады»деп халық айтса, қалт айтпаған болар. Өнегелі отбасында тәрбиеленіп, ұясынан қанат қаққан ұрпақтары өсіп жетілуде. Бәкең жасы жетпістің бел ортасына келсе де марқұм әкесі Харастың қанатты да мазмұнды сөздерін,анасы Балжанның аялы алақанының жылуы мен ақыл -кеңестерін әркез өзіне бойтұмардай ұстанып келеді. Бойындағы адамгершілік, адами қасиеттер, отбасын, отанды, елін сүю сияқты қасиеттері болса сол әкенің қаны, ананың сүтінен дарыса керек. Оның ерекше бір қасиеті ешкімді жатырқап, жатсынбайтыны, біреуге жақсылық жасауға жаны қалмай ұмтылып тұратын, пейілі кең, көңілі даладай дархандығы бар. Қай ортада болмасын ол әңгіме айтқанда шырайын келтіріп, әзіл-қалжыңын қатар өрбітіп, жанындағыларды еліктіріп, үйіріп әкетеді. Тағы бір ерекшелігі, әсіресе туған өлке тарихын жетік білетіндігі, қазақ ақындарының өлеңдерін жатқа айтатындығы, көп оқитындығы, өнеге сөздерімен көпшілікті тәнті ететіндігі бар.

«Екі жақсы қосылса, шам жаққандай»дегендей, Бәкеңнің құдай қосқан қосағы, ұл-қыздарының анасы, сүйікті жары Базаргүл де отбасының алтын діңгегі, шуағы. Екеуі медицина институтының соңғы курсында оқып жүріп, отбасын құрды. Жас отау иелері күндіз оқып, кешкілік жұмыс жасады. Пәтерден пәтер жалдап, қиындықты да бастан кешті. Өмірге ұрпақ әкелді. Оқуларын бітіріп, Атырауға келіп дәрігерлік қызметке араласқан уақытта да қиындықтан арыла қоймады.

Бүгінде Бәкең Базаргүл екеуі өздеріндей парасатты, тәрбиелі ұл-қыз өсіріп, шаңырақты мәуелі бәйтерекке айналдырды. Қазақы салт-дәстүрмен келін түсіріп, қыз ұзатып, құда-құдағи атанып, келінге қайын ата, ене болып отырған жайлары бар. Ойлап отырса, еңбек жолдарында қиын да қызықты күндер аз болмапты. Бірақ, қиындыққа шыдап, жақсылыққа құмар болуды отбасында сезініп, біліп өскен ерлі-зайыптылар біршама істің басын қайырып, ұрпақ өрбітіп,үлгілі отбасының бірі болды. Базаргүл ұзақ жыл облыстық тубдиспансерде фтизиатр дәрігер болып жасап, зейнет демалысына шықты.

Ал, Басаролла Харасұлы отбасының ұл-қыздарының біразы халық денсаулығын сақтауда, адам жанына арашашысы болуға бейімделген десе де болады. Әлібегі болса, бүгінде облыстық аурухананың урология бөлімшесінде уролог, бөлім меңгерушісі. Келіні Гүлсім облыстық балалар ауруханасында дәрігер болса, тағы бір келіні Бәну де медицина маманы. Ал, қызы Венера көз дәрігері. Немересі Балжан Алматыдағы Асфандияров атындағы мемлекеттік медицина институтының соңғы курсында оқиды, болашақ стоматолог. Нұрланы мұнай саласының маманы болса, Салтанаты телекоммуникация мекемесінде, ал, күйеу баласы Нұрлан мұнай саласында жұмыс жасайды. Осы ұрпақтарынан өрбіген немере-жиендері де – бір қауым ел.

 Ғайнолла ЗИНУЛЛИН.

Суретте: Харасовтар отасы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button