«ЖУСАН ИІСІ» – биылғы жылдың басты шығармасы

Кітаптың орнын ештеңе ауыстыра алмайды. Өйткені, оның қасиеті мәңгілік. «Оқымасаң ой тоқырайды» демекші, оқу, білім тоқтаған жерде  рухани өсу, жетілу тежеледі. Дегенмен, соңғы кезде ақпарат құралдарының және жаңа интернет технологиялардың көбеюі салдарынан көркем әдебиетті оқу үрдісі төмендеуі белең алуда. Бұл жағдай бүкіл әлем зиялыларын да алаңдатып отырғаны анық.

 

Жастар арасында көркем әдебиетті оқуға деген құштарлықтың бәсеңсуі  күрделі мәселеге айналып отыр. Осыған орай,  Астанада 2007 жылы  сәуір айында өткен халықаралық оқу Конгресінде АҚШ-тың Чикаго университетінің профессоры Маргарета Тэкс Чолдин «Бір ел – бір кітап» акциясын бастама етіп көтерген болатын. Содан бері игі дәстүрді Қазақстанға енгізу бірауыздан мақұлданды.  

Сөйтіп, жастар арасында  көркем әдебиетті насихаттауды  дамыту мақсатында осы акция бойынша жұмыстар жүргізілді. Акцияның беташары ретінде  Абайдың «Қарасөздері» таңдалған еді.  Одан кейінгі жылдары М.Әуезовтің «Қилы заман», М.Жұмабаевтың «Сен сұлу», Ж.Молдағалиевтың  «Мен – қазақпын», Ж.Аймауытовтың  «Ақбілек», О.Бөкейдің «Қайдасың, қасқа құлыным» атты туындылары  әр жылдардағы «Бір ел – бір  кітап» акциясының арқауына айналды. Өткен жылы аталмыш акция аясында республика оқырмандарының назарына  белгілі ақын Фариза Оңғарсынованың «Дауа» жыр жинағы ұсынылған еді.                          

Жақында Астанада акцияның ұйымдастыру алқасының кезекті отырысы академик Ғарифолла Есімнің төрағалығымен өтті. Бұл жиында Немат Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді», Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі», Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» атты шығармалары зиялы қауымның қызу талқысына түсті. 

Биылғы жылғы «Бір ел – бір кітап» акциясының арқауы болатын шығарма ретінде қазақ прозасында ерекше болмыс-бітімі бар, көркем сөздің хас шебері атанған халқының сүйікті жазушысы Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі» атты хикаяты  таңдалынды. Соғыс  салған жараны жазушы «Жусан иісіндегі» бір аяғын сылти басатын Аян бейнесі арқылы шебер бейнелеген.  Бұл шығарманы оқығанда соғыс жылдарындағы балалардың тағдырына жаны ашып егілмей бейжай қалатын жан болмас. 

Жазушы Сайын Мұратбеков – әдебиеттің алып бәйтерегінің бірі. Бейімбет Майлин салған қазақ әдебиетіндегі көркемдік сөз өнері мектебін жаңа биікке көтерген классик жазушы. Оның «Менің қарындасым», «Ауыл оты», «Көкорай», «Дос іздеп жүрмін», «Қалың қар», «Отау үй», «Жабайы алма» атты прозалық кітаптары да – қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған асыл қазына. 

Нақты мәліметке қарағанда, Сайын Мұратбековтің шығармалары әлем бойынша ең көп оқылатын туындылардың қатарына енген. Оның шығармалары орыс, өзбек, татар, украин, белорус, грузин, әзірбайжан, араб, литвалықтардың  тілдеріне аударылып басылған. Сайын Мұратбеков тәуелсіз «Тарлан»  сыйлығының, Мұхтар Әуезов атындағы әдеби сыйлықтың, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанған.                                                                                                                                                                            

Гүлжан ЕСКЕНДІР,
Ғ.Сланов атындағы Атырау облыстық ғылыми-әмбебап
кітапханасының әдіскері.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз