ҰШТАҒАННАН БАСТАЛҒАН ЖОЛ
Арман асуында
Біздің әңгімемізге арқау болғалы отырған кейіпкеріміз Өмірзақ Зинуллин де 1956 жылы 11 қаңтарда Атырау (ол кезде Гурьев) облысы, Құрманғазы (ол кезде Теңіз) ауданының Үштаған ауылында дүниеге келді. Әкесі Хамзаев Зейнолла Қошалақ, Азғыр өңірінде ұстаздық қызметтен бастап, мектеп директоры, партия-кеңес органдарында, шаруашылық саласында жауапты қызметте болған. Аружамал анамыз да – сол өңірде талай азаматтарды оқытқан есімі көпке таныс ұстаз. Тал шыбықты ат қылып ойнаған балалық шақтың ең бір есте қалған елесі – 1962 жылы Сүйіндік орта мектебінің 1-сыныбына барғаны.
Оқуға ынтасы өз алдына, өзінің тұстастарындай ол да кітапханадан шықпайтын. Абайдан бастап қазақ ақындарын түп-түгел, Бейімбет Майлин, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов сынды қазақ классиктерінің ғана емес, Жюль Верн, Александр Дюма сынды әлем классиктерінің шығармаларымен сусындаған Өмірзақтың арманы асқақ еді. «Кім болам?» деген сұрақты өзіне тым ерте қойған ол 1972 жылы орта мектепті өте жақсы бітірді.
Сол жылы алтын ұямен қоштасқан бала қоржынына кітап толтырып, Үштағаннан Қарағандыға аттанды. Ауыл адамдары атын ғана естігенімен, түсінуге өресі жете қоймайтын «санитарлық дәрігер» мамандығын игеруге құлшынған талапты жас ақыры дегеніне жетті. Қарағанды мемлекеттік медицина институтының санитариялық-гигиеналық факультетіне оқуға қабылданды.
Медицина институтында оқып жүргенінде ол белсенді студенттің бірі болды. Факультет аралық жарыстарда көзге түсіп, студенттік отрядтар құрамында да жемісті еңбек етті. Аталмыш жоғары оқу орнын 1978 жылы «Санитарлық дәрігер» мамандығы бойынша аяқтап шықты.
Еселі еңбек жолында
Еңбек жолын Гурьев (қазіргі Атырау) облыстық санитариялық-эпидемиологиялық станциясының эпидемиология бөлімінің дәрігері болып бастап, 1982-1985 жылдары осы бөлімнің меңгерушісі қызметін атқарды. Әрине, бұның бәрі оңайлықпен келген жоқ.
Өмірзақ Зейноллаұлының өзі жанымен қалаған мамандығының білгірі ғана емес, өте еңбекқор, өзіне тапсырылған жұмысқа жауаппен қарайтын адам екенін ісімен дәлелдей білді. Сөйтіп, 1985 жылы ақпан айында Теңіз (қазіргі Құрманғазы) аудандық санитариялық-эпидемиологиялық станциясының бас дәрігері – осы ауданның бас мемлекеттік санитариялық дәрігері лауазымына ие болды.
Ал, 1999 жылдың желтоқсан айынан бастап оған Құрманғазы аудандық денсаулық сақтау бөлімі басшысы қызметі сеніп тапсырылды. Осы кезеңде ауданның денсаулық сақтау саласы қызметі келелі істермен марқайып, тың табыстарға қол жеткізді. Өмір өз арнасымен ағады. Бір орында тұрмайтын уақыт ағыны оны Атырау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық станциясының бас дәрігері, Атырау облысының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері қызметіне әкелді. Бұл 2001 жылдың 30 шілдесі болатын.
Елбасының Жолдауында көрсетілген тапсырмалардың орындалуына мән беріп, өз ұжымында үнемі талдау жасап, қадағалап отыратын Өмірзақ Зейноллаұлы 2010 жылы наурыз айында Махамбет ауданының әкімі қызметіне тағайындалды. Ауданның атағын шығарып, еңбек адамдарының алғысына бөлене білген іскер басшы 2012 жылдың қазанына дейін осы жауапты қызметте табыстарға жетіп, мерейі асты.
2012 жылы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті директоры лауазымына тағайындалған ол зор ынтамен өзіне бұрыннан таныс қызметке кірісіп кетті. Ал, 2014 жылдың 11 маусымынан бастап, құрылымдық өзгеріске байланысты, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі тұтынушылар құқықтарын қорғау комитетінің Атырау облыстық департаменті басшысы қызметін абыроймен атқарып келеді.
Алғыспен ер көгерер
Осы жылдар ішінде бір бүкілодақтық, үш республикалық гигиенистер мен эпидемиологтардың съезіне, Қазақстан дәрігерлері мен провизорларының II съезіне делегат болып қатысты. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының (ВОЗ) 2004 жылы өткен халықаралық симпозиумына қатысып, (Қазақстан атынан), ғылыми баяндама жасады. Мұнай-газ өндірістерінің қоршаған ортаға және адам денсаулығына әсерін төмендету бағытында озық технологиялармен танысу мақсатында Ұлыбритания, Канада, Италия, Голландия, Германия елдерінде болды. Ғылым жолында да үлкен табыстарға жетті. Медицина ғылымдарының кандидаты, МАНЭБ академигі ғылыми дәрежелеріне ие болды және әлеуметтік гигиена және денсаулық сақтауды ұйымдастыру, эпидемиология бойынша жоғарғы санатты дәрігер атағы берілген. Аталмыш мерзімде әртүрлі халықаралық және республикалық ғылыми басылымдарда елуден астам ғылыми еңбектері жарияланды, бір монографиялық кітаптың, бес әдістемелік нұсқаманың авторы болды. Медицина саласындағы еңбектері үшін 1998 жылы «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі» атағына ие болса, «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен де марапатталды.
Адамның ғұмыры оның қанша жасағанымен емес, қандай іс тындырғанымен өлшенсе керек. Ес білгеннен бастап алдына үлкен мақсат-мұрат қойып, соған жете білген жанның парасат-пайымы өзінен үлкенді сүйсіндірсе, өзінен кішіге үлгі-өнеге.
Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.