Жарнама
Қоғам

Шоқпартоғайдағы «Балдәурен» — «Игілікпен» іске асқан нысандардың бірегейі

  Соңғы уақытта шалғайда орналасқан ауылдарда жұртшылықтың рухын асқақтатар қуанышты сәттер көбейіп келеді. Сөзімізге дәлел, Жылыой ауданының Қара Арна ауылдық округіне қарасты Шоқпартоғай ауылында күні кеше пайдалануға берілген «Балдәурен» балабақшасын айтуға болады.

   Ерте жастан балаларды қабылдайтын тәлім-тәрбие орнының жабдықталуы қаладағы мекемелерден кем емес. Өз кезегімізде аталған бүлдіршіндер бақшасымен танысқан едік. Айта кетейік, аталмыш балабақша еліміздегі ең ірі мұнай-газ өндіретін кәсіпорын – «Теңізшевройл» ЖШС-нің қаржыландыруымен салынған. Еліміз тәуелсіздік алған жылдары қазақ жерінде жұмысын бастап, елмен бірге есейген кәсіпорын өңірдегі көптеген игі істердің ұйытқысы болып келе жатыр. Тарихқа көз жүгіртсек, 1993 жылғы 6 сәуірде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Кеннет Дерр Алматы қаласында «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорнын құру туралы 40 жылдық келісімге қол қойды. Қазақстан үшін ғана емес, «Шеврон» корпорациясы үшін де бұл мәміле 1970-ші жылдардың басынан бергі ең ірі халықаралық мәміле еді. Осы Қазақстан-Америка мұнай келісім-шартына қол қойылуының бүкіл дүние жүзі үшін экономикалық қана емес, саяси маңызы болды.

  1992 жылы Қазақстан, Ресей және Оман үкіметтері Каспий құбыр консорциумын (КҚК) құру туралы құжаттарға қол қойды. Теңіз-Новоросийск мұнай құбыры арқылы Теңіз мұнайының әлемдік нарықтарға экспортқа шығарылуын қамтамасыз етуге тиіс болды. Осылайша Қазақстанның орасан зор мұнай алыбының және жалпы ел экономикасы дамуының жаңа кезеңі басталды. «Теңізшевройл» ЖШС сан миллиардтап тартылған инвестицияларды тиімді игерудің арқасында «ТШО» өндірістің бүкіл инфрақұрылымын түбегейлі қайта құрып, өндіріс базасын кеңейтті. 1993 жылы «Атырау Бонус Қоры» деп аталатын бес жылға арналған бағдарламасын енгізуден бастады. Нәтижесінде, әлеуметтік, мәдениет және тұрмыстақ сала нысандары, аурухана, тұрғын үй салынып, халық игілігіне ұсынылды.

  Бес жылдық бағдарламаның орнына қазір «Игілік» деп аталатын әлеуметтік жобалар бағдарламасы келді. Жобаны іске асыруда Атырау қаласындағы Жайық өзенінен өтетін бас көпірді қайта жаңғыртудан бастады. Атырау университетінің жаңа ғимаратын салуды, қаладағы ғимараттарды жаңартуды және Жайық өзенінің жағасын бекітуді қолға алды. Сонымен қатар, Атырау облысының, Жылыой ауданындағы және Атырау қаласындағы мәдениет мекемелеріне, балалар үйлеріне, интернаттарға, қарттар үйіне, ауруханалар мен клиникаларға, мүгедектер ұйымдарына және тұрмыс деңгейі төмен адамдарға демеушілік көмек көрсетуде. Біз әңгімелеп отырған Шоқпартоғай ауылында ірге көтерген ерте жастағы бүлдіршінді қабылдайтын «Балдәурен» бақшасы да – «Игілік» бағдарламасының игілігі.

  Елдің данасы да, дарасы да ауылдан шыққан. Ертеңгі көш бастайтын азаматтар да ауылдан болып қалар. Сондықтан баланы ерте жастан тәлім мен тәрбиеге баулудың еш артықтығы жоқ. Ауылдағы 160 орындық жаңа балабақшаны салуға аталмыш кәсіпорын 362 миллион 483 мың теңге жұмсапты. Бұл туралы мекеменің құрылыс жұмыстарын жүргізген «АтырауРемСтрой Монтаж» ЖШС мердігер мекемесінің директоры Жәнібек Шәріповтен білген едік. Өткен жылдың сәуір айында басталған құрылыс белгіленген мерзімінен бұрын, яғни қараша айында аяқталыпты. Ағымдағы жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілген. — Балабақша биылғы жылы аналар мерекесі қарсаңында алғашқы түлектерін қабылдады. Екі қабаттан тұратын ғимараттың жалпы алаңы – 1782 шаршы метр. Екі жылыту қазандығы орнатылған, желі-жүйелермен толықтай жабдықталған. Жаңа заманауи үлгіде жасақталған балабақшада 1,5-5 жас аралығында жеті топта балдырғандар тәрбиеленуде. Төменгі қатарда – үш топ, жоғарғы қатарда төрт топ орналасқан,- дейді балабақша меңгерушісі Нелла Ешібаева. Балалар тамақтанатын ас үй, медициналық орын, кір жуу бөлмесі де қарастырылған. Оқу-тәрбие жұмыстары жүргізілетін топтық бөлмеден бастап, киіну бөлмесі, асхана, жатын бөлмесі, ән-күй мен дене шынықтыру дәрістерін өткізетін әмбебап залы, танымдық, шығармашылық қабілетін арттыру үшін үйірме, коорекциялық үйірмелері қызмет етіп тұр. Барлығы талапқа сай жиһаздармен, ойыншықтармен, оқу әдістемелік құралдармен, интерактивті тақталармен, теледидарлармен жабдықталған. «Отау» ТВ қосылған. Балабақша меңгерушісінің айтуынша, мұнда балақайлардың алаңсыз ойнап, тынығуына, жақсы жатып, жайлы тұруына қолайлы жағдай жасалған. Балабақшаның іші-сыртында 32 бейнебақылау жүйесі орнатылыпты. Сыртқы жарықтандыру үшін 20 метал бағанды шамдар қосылған. Ауылдың көшесі түнде де қала секілді жап-жарық болып тұрады.

  Өңірдегі қырықтан астам жұмыссыз жаңа нысанның пайдалануға берілуімен жұмыспен қамтылыпты. Атап айтқанда, «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша 16 жұмыссыз, мүгедек бала тәрбиелеп отырған аналар, «Алтын алқа» иегері мен ауған соғысы ардагері жұмысқа орналасқан. Ауыл тұрғындары балаларына шексіз қуаныш сыйлап, жайлы да сайлы жаңа балабақша сыйлаған «Теңізшевройл» ЖШС мекемесіне және іс басындағы азаматтарға алғыстарын жаудыруда. Көпшіліктің ризашылығына бөленген «Игіліктің» ілгері істері қала орталығында да жалғасын тауып отырғанын күнде көріп жүрміз.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button