Жарнама
Қоғам

Шетелдік көліктің шырғалаңы: Атыраудағы ХҚКО күшейтілген жұмыс режиміне көшті

Бүгінде елімізде 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін Қазақстанға әкелінген шетелдік автокөліктерді заңдастыру жұмыстарының аяқталуына тура бір апта уақыт қалды. Осыған байланысты кейбір азаматтар «1 шілдеге дейін көлікті заңдастыруға үлгермей қалуымыз мүмкін» деп, орынды алаңдаушылығын да білдіруде. Соған қарамастан, Ішкі істер министрлігі басқа мемлекеттік органдармен бірлескен түрде қызу жұмыс жасап жатыр.

Өтінім беру – басты шарт

Облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулеттің хабарламасына сүйенсек, көлік иелеріне қатысты ең басты шарт – 1 шілдеге дейін өтінім беріп үлгеру. Сосын оларға көрсетілген мерзімнен кейін автокөлікті заңдастыру құқығы беріледі. Ал, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылмаған және осы себепті заңдастырылмаған автокөлікті тізгіндегендердің мәселесі қазір айрықша назарда.

– Бұл жағдайда көлік иелеріне Қазақстан Республикасында 5 жыл мерзімге уақытша есепке қою құқығы беріледі. Мұндай автокөліктер тиісті мерзімнен соң кері әкету туралы міндеттемемен 5 жыл мерзімге уақытша есепке алу немесе бұрынғы тіркеу орны бойынша автокөлікті есептен шығарса, заңдастыру шарттарымен тіркеледі. Уақытша есепке қою кезінде көлік құралын тіркеу туралы куәлік және Қазақстанның мемлекеттік нөмірлік белгілері беріледі. Бұл белгілер үшін мемлекеттік баж көлемі – 9660 теңге, көлік құралын тіркеу туралы куәлік – 4313 теңге, әдеттегі тіркеу үшін алым – 863 теңге. Тіркеу туралы куәлікте иеліктен шығару және Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығу құқығынсыз уақытша есепке алу көрсетіледі. 1 шілдеден бастап заңдастыруға өтінім қабылдау тоқтатылады және заңдастыру мерзімі ұзартылмайды. Одан кейін шетелдік есепте тұрған автокөліктерді белгіленген заң талаптарын бұзып пайдалануды жалғастырған азаматтарға тиісті шаралар қабылданбақ, — дейді М.Ердәулет.

Шет мемлекеттің тіркеу құжаттары мен мемлекеттік нөмірлік белгілері «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына сақтауға тапсырылады. Егер Қазақстан азаматтары оларды елден тыс жерлерге әкету туралы шешім қабылдаса, олар отандық көлік құралын тіркеу туралы куәлік пен мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісін тапсыруы тиіс. Сосын оларға тіркеу құжаттары мен шетелдің мемлекеттік тіркеу белгісі қайтарылады екен.

Сондай-ақ, міндетті автосақтандыру және жол қозғалысы саласындағы заңнаманың соңғы өзгерістеріне сәйкес, Қазақстан азаматтары 2022 жылғы 1 қыркүйектен кейін әкелінген шетелдік автокөлікке міндетті автосақтандыру полисін ресімдей алмайды. Ал, оған дейін әкелінгенмен, заңдастырудан өтпеген шетелдік көлікке қолданыстағы автосақтандыру полисінің мерзімі ұзартылмайды. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес, міндетті автосақтандыру полисінсіз автокөлікті басқарғаны үшін 10 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Ондай көлікті полиция қызметкері тоқтатып, арнайы тұраққа жеткізуге құқылы.

b2bf91fe e2e7 4584 af5e d27c7e1088e7

KZ нөмір үшін жанталас

Биыл 22 мамырдан бері отандық есепке 7000-ға жуық автокөлік-конструктор қойылыпты. Қалған 7 күнде бұл көрсеткіш еселеп артары сөзсіз. Өйткені, Атырау облысы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығындағы кезектің шегі жоқ. Тиісті мерзім жақындаған сайын Атырау облысы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына ағылған халық тым көбейіп барады.

Мамандар бұрын күніне 100-ге жуық адамға қызмет көрсетсе, қазір 150-ден астам азаматты қабылдауға мәжбүр. Соған сәйкес мамандандырылған ХҚКО-лар күшейтілген жұмыс режиміне көшкен. Көлікті заңдастыруға өтінімдерді қабылдау енді 7 күннен соң тоқтатылса да, өтінім беріп үлгергендердің автокөліктері талапқа сай келсе, көрсетілген мерзімнен кейін заңдастыру құқығы беріледі. Облыста 23 қаңтардан бері 1150 автокөлік заңдастырылған. Оның 150-і конструкторлық көлік, тағы 464 өтініш қаралып жатыр. Көліктер Ресей, Грузия, Армения елдерінен жеткізілген. Техниканы тіркеу үшін өтініш, Кедендік базадан анықтама, автокөліктің және оның техникалық байқаудан өткені жөніндегі құжаттар мен иесінің жеке куәлігінің көшірмесі қажет. Осы құжаттар жинақталған соң Әкімшілік полиция басқармасына апаруы қажет. Бастысы, заңдастыруға берілетін өтінішті онлайн нұсқада да беруге болады.

– Сәрсенбі күні түскі уақытта осы жерге келіп, өтінімді жазбаша бердім. Құжат сәтті тіркелді. Криминалист маманға көлікті тексерту үшін сәрсенбіде түнгі сағат 22.30-да осы жерден кезек алдық, түнеп шықтық. Қазір бейсенбі, сағат 09.30. Біздің кезегіміз енді ғана таяп жатыр, — дейді Қызылқоға ауданы, Мұқыр ауылының тұрғыны Ренат Түгелбаев.

770fef1e 3f1d 4146 8ba3 b2c9dc2e4b88

Ал, өзін Жұмахмет Тайшыбаев деп таныстырған қала тұрғынының Ресейден әкелген автокөлігін заңдастыру үшін бірқатар мәселе кедергі болып жатыр екен.

 – Бір жыл бұрын Ресейден әкелінген автокөлікті 3 миллион теңгеге банктен несие ресімдеп, Атырау қаласынан сатып алғанмын. Көліктің бұған дейін үш иесі болған. Техниканы заңдастыру үшін еgov.kz жүйесі арқылы алғашқы өтінімім базаға тіркелмегендіктен, қабылданбады. Себебін іздесек, Ресейдегі алғашқы көлік иесінің төленбеген 6 айыппұлы бар екен. Оның мөлшері бір көліктің құнынан асып тұр. Маған бұл соманы өз қалтамнан төлеп тастау, әрине, өте қиын. Әрі қарай мәселе қалай шешілетінін білмеймін, — деді Ж.Тайшыбаев.

Орталықта ұзын-сонар кезектегілердің бірі тіркеуден сәтті өтіп жатса, бірқатарында түрлі мәселелер туындапты. Ал, құзырлы орган өкілдері шетелдік автокөлік иелеріне қалай болғанда да 1 шілдеге дейін техниканы заңдастыруға өтінім беріп үлгеруге кеңес беріп отыр. Тіркеу шарттары әрі қарай белгіленген тиісті заңдылықтар бойынша жүзеге аса береді.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button