Шетелдік көлік: Атырауда нөмер алу қалай жүргізілуде?

200305153549406e Қоғам

«Ақ түйенің қарны жарылған» күні біз де мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына желмен жарыса жетуге асықтық. Шыны керек, «шетелдік «темір тұлпар» тізгіндегендер мемлекеттік номер алу үшін бірін-бірі баса, жапатармағай жанталасып, орталық іші нөпір халыққа толы болар» деген көз алдымыздағы картина далбаса болып шықты. Рас, жіліктің майлы басынан дәмелі халық қарасы көп. байқасақ, аталған орталық бүгінгідей науқанға алдын ала сақадай сай дайындалған. көріп, таңырқап қалдық.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес АҚ Атырау облысы бойынша филиалының директоры Мұса Хайруллиевтің айтуынша, мұнда отыздың үстінде маман қызмет етіп отыр.

Халыққа қызмет көрсету орталығында барлық жағдай жасалған. Ғимарат жанындағы ангарды да беріп, криминалистердің автокөліктің «тазалығын» тексеруіне мүмкіндік жасалыпты.

– Осыдан бір жыл бұрын Армения көліктеріне сары номер берген кезде де халық қарасы көп болды. Сол мезгілде ың-шыңсыз қызмет көрсеткен едік. Бұл жолы да мемлекеттің ұсынған бірреттік жеңілдігін пайдаланып, жерлестеріміздің тезірек көліктерін заңдастыруына, оларға кедергі болмауға мүдделіміз. Жоғары қабатты түнде ғана компьютер, жиһазбен толықтырып, дайындап қойдық. Ол жердегі 35 орында азаматтар өз-өздеріне қызмет көрсетсе, төменгі бөлікте 30 қызметкер консультациялық кеңес беріп, құжаттарын рəсімдеуде. Аудандардан қосымша мамандар да алдырып үлгердік. Жалпы, 60 шақты маман науқанға сақадай сай. Карантиннен кейін өзбек азаматтары келген кезде, мобилизациядан қашқан Ресей Федерациясының тұрғындары біздің орталық арқылы жеке сəйкестендіру номерлерін алған шақтарда да күніне бірнеше мың адамға қызмет көрсетілді. Сондықтан, мұндай науқандармен алғаш кездесіп отырған жоқпыз, – деген Мұса Қарашаұлы жұмыс орнынан түстеніп, түнгі 23-ке дейін көппен бірге жүргенін əзілдеп жеткізді.

Халыққа сапалы қызмет көрсетуді басты орынға қойған басшының бірреттік науқаннан əр қазақстандық тыс қалмай, үлгеріп қалса деген ниетін байқадық. Директор мырзадан «құжаттардың бəрі бірдей кедергісіз өтіп жатыр ма?» деп те сұрап үлгергенбіз.

Оның пікірінше, тиісті талапқа сай келмейтіндер аз емес. Соның бастысы тіркеуден шығарылмаған автокөліктер. Оның иелерінің сол кедергілерді жою үшін бірінші шілдеге дейін уақыттары бар. Содан қайтадан келіп осы жерге құжаттарын тапсыруларына болады. Иə, Қазақстанның жолдарында заңдастырылған көліктер көбейеді деп сеніп жүрміз. Яғни, шетелдік номерлер біртіндеп шешіле бастайды.

Мұнда келушілердің барлығы жат жұрттық тұлпарларын тіркеп, ақ номер тағуға асық. Орталық ішін айналып жүріп, 2-3 сағаттың қалай өтіп кеткенін де байқамай қалыппыз. Мемлекеттің ұсынған жеңілдігін пайдаланып, тезірек көліктерін заңдастырып алуға асыққан тұрғындар көп. Алдымен көлік иесі «Электрондық үкімет» порталы немесе ХҚКО арқылы өтініш беріп, көлігін іздестіру базалары бойынша тексертеді. Одан кейін көлікті заңдастыруға қажетті құжаттар қабылданады. Сондай-ақ, көлікті заңдастыру үшін алғашқы тіркеу, техникалық паспорт үшін баж салығын жəне мемлекеттік номер алу үшін тиісті алымдарды төлеу міндеттеледі. Барлығының құны 215 мың теңгеден аспайды.

– Шамамен жарты сағат, бір сағат ішінде шағым қаралады. Одан кейін азаматқа «Заңдастыруға болады, автокөлікті салыстыруға əкелсін» деген sms хабарлама келеді. Яғни, салыстыру деп кузовтың номерін қарайды. Барлығы сəйкес келген жағдайда ғана арнайы төлемдерді төлейді, – дейді сол маңда тұрғындардың еш кедергісіз қызмет алуларын бақылап жүрген Атырау облысы ПД Əкімшілік полиция басқармасы процессингтік орталық бастығы, полиция майоры Жеңіс Дəулетов.

Ал, смс хабарлама мақұлданбаған жағдайда көлік иелері ішкі істер органдарына жүгіне алады.

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз