ШАТТАНҒАНЫ ҚАНДАЙ ЖАҚСЫ СӘБИДІҢ!..
Мәселен, өткен жылы «Қазақстан балалары – Нұрлы жолмен» деп аталған республикалық акцияға еліміз бойынша 3 миллионға жуық бала қатыстырылыпты. Олардың қатарында мектеп жасына дейінгі балалар мен оқушылар және студент жастар да бар.
Осы орайда облыстық отбасы үлгісіндегі балалар ауылы және жасөспірімдер үйіндегі шара еліміздегі маңызды қоғамдық оқиғалармен орайластырылып өткізілді. Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы, ҚР Конституциясының және Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы да шарада кеңінен қамтылды.
— Еліміздегі осындай қайырымдылық мерекесін бастаған Сара Алпысқызына ризашылығымызды білдіріп, балалардың қолынан жасалған бұйымдарымен қоса, құттықтауымызды жыл сайын жіберіп отырамыз. Еліміздің көптеген жетім балалары үшін Сара Алпысқызы туған анасы іспетті. Біздің балалар үйінің тәрбиеленушілері де бұл мерекені асыға күтіп жүреді. Әрбіреуі өз үлестерін қосқысы келеді. Қағаздан қиып жүрек жасап, жүректен шыққан шынайы ойларын жазып бір-біріне таратады. Олар мерекеге орай балалар үйіне келген әрбір мейманға ыстық ықыластарын білдіріп, ішінде жақсы сөздері жазылған жүрекшелерді таратып, ізгі тілек айтып, мәз болады, — дейді облыстық отбасы үлгісіндегі балалар ауылы және жасөспірімдер үйінің директоры Гүлсара Ботатаева.
Балалар өздеріне көрсе-тіліп жатқан әлеуметтік қамқорлық пен рухани қолдауды сезіне алғандай. Қаладағы «Атырау мұнайөнімдері», «Косми Қазақстан», облыстық сот, қылмыстық сот, экономикалық сот, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті ұжымдары, шағын кәсіп иелері мен еріктілер тобы, жеке адамдар балаларға азық-түлік, сабаққа қажетті оқу-құралдарын алып келіп, қайырымдылық көрсетуді дағдыға айналдырған. Өз кезектерінде балалар үйінің өнерлі жастары да жомарт жандарға арнап елімізде тұрып жатқан әр ұлттың әнін айтып, биін билеп, концерт ұсынды.
Шара барысында «Гербалайф» компаниясының Атыраудағы өкілі Жасұлан Шамиев балалар үйіндегі қайырымдылық шарасына алғаш рет қатысып отырғанын айтады. Дұрыс тамақтану клубының өкілдері балаларға салауатты өмір салтын насихаттап, спорттық құрал-жабдықтар, қалың киім-кешек пен аяқ-киім, азық-түлік алып келіпті. Сонымен қатар, қаладағы мешіт өкілдері мен ерікті жастар тобы да балаларға тәттілер мен киім-кешектерін молынан сыйлады.
Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.