
Шариғатты бұрмалау – қоғамды адастырады
Жасырып қайтеміз, шариғаттың амалдарын жасап, діннің талаптарын орындамай жүріп, өзін мұсылман санап, өзгені кәпірге теңейтіндер көбейіп кеткен. Яғни, «бетін қалқып», тереңге үңіле бермейтіндер дін мен шариғаттың аражігін ажырата алмай, өзі де адасып, өзгені де адастырып жүр. Мұндай жандар дінді ұстанбайтын адамнан да қауіпті екені айтпаса да түсінікті. Ел болып қалыптасып, бағыт-бағдарын түзеген мемлекет үшін дін мәселесі өте өзекті. Елдің амандығы, оның тыныштығы біз үшін аса қымбат. Қазақ халқы «жау жоқ деме, жар астында» деп, ұлтты әрдайым қауіптен сақтандырып келген. Экстремизм мен терроризм мәселесі біздің еліміз үшін де шетін тақырып еместігі белгілі.

Ақылмен ақиқатты тану – маңызды мәселе
Облыстың бас имамы Болатбек Абуовтің пайымдауынша, дін мен шариғаттың аражігін ажырату үшін ең алдымен, адам өзінің білімін жетілдіруі, исламды дұрыс түсінуі қажет.
– Шариғат – Алланың берген заңдары мен ережелері, ал дін – жалпы өмір сүру философиясы мен моральдық қағидалары. Бұларды дұрыс түсінбеу, соларға сәйкес әрекет етпеу адамды адастыруы мүмкін. Ислам дінінің негізі – жүрекпен сену, бірақ сол сенімді ақылмен растау, біліммен толықтыру да маңызды.
Ақыл мен білім адамға шынайы ақиқатты түсінуге көмектеседі. Ислам – ақыл мен жүрек үйлесімділігімен толықтай іске асатын дін. Шариғатты бұрмалау немесе оны жеке пікірмен араластыру – көпшілік қауымның адасуына әкелуі мүмкін. Бұл тұрғыда шынайы ғалымдар мен имамдар әрқашан ақиқатты айқындап, адамдарға дұрыс бағыт көрсетуі керек,-дейді ол.
Сонымен қатар адамдардың діни мәселелерге терең үңілуі мен мұқият болуы, иман мәселелерінде сабырлылық пен білімділік танытуы қажеттігі бас имамның пікірінде ерекше орын алады. Исламды тек сыртқы бейнелер мен сөздермен емес, жүректегі сеніммен қабылдау керек.
Білімсіздер өз ілімдеріне күмәнданбайды
Бұдан бұрын облысқа іссапармен келген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы адамның сана-сезімін улайтын, діннің атын жамылып теріс бағыт беретін діни секталардың арбауы халыққа зиянын тигізіп отырғанын айтқан болатын. Мұның бәрі айналып келгенде білімсіздіктің белең алып отырғанының көрінісі екені анық. Шынтуайында, Ислам деген сөздің өзі «бейбітшілік, тыныштық» дегенді білдіреді емес пе?! Осы орайда жастарды ақиқатты ақылмен тануға шақырудың маңызы зор.
Бас мүфтидің айтуынша, бірақ олар, білімсіздер, ешқашан өз ілімдеріне күмәнданбайды, Құран және Сүннетті өздеріне қажетті деңгейде түсініп, түсіндіреді екен. Олар бұл әлемді өз қалауына қарай өзгертуге тырысады, дәстүрлі құндылықтарды толығымен жойып жібергісі келеді. Радикализм мен экстремизмге жетелейді.
– Осы ретте айта кету керек, деструктивті ағымдар тек ислам дінін жамылып, өз ниеттерін жүзеге асырмайды, жат ағымның протестандық және шығыстық түрлері де бар. Ең қызығы, жат ағымдардың қаражат табу, билікке бару, өз идеологиясын тарату сынды көздеген мақсаты болады. Сондықтан экстремизмнің алдын алу үшін ұлттық салт-дәстүрді, дұрыс шариғатты дәріптеу қажет деп есептеймін. Дәстүр дегеніміз – елімізде қалыптасқан діни тәжірибелер тізбегі және біздің өмір сүру салтымыз. Бүгінде қазақтың дәстүрін жоққа шығарып, ел ішіне ылаң салып жүргендер жоқ емес. «Қазақ дінсіз болған» деген халық жат ағымның жетегіне ермеу үшін дәстүрлі дініміз туралы уағыздарды тек білімді дін мамандары айту қажет. Шала түсініктегілер елімізді ислам дініне енді тәй-тәй басқан баладай көрсеткісі келді. Шеттен келген теріс пиғылдағы идеология қазақ халқын ешқашан жарылқамайды. Осыны түсінуіміз керек, — дей келе шындығында қазақ дәстүрінің өзі дінмен сабақтасып жатқанын жеткізді.
Діннің атын жамылып, теріс бағыт беретін діни секталардың өкілдері қазақ ұлтының және еліміздегі басқа ұлттардың әдет-ғұрпына, салт-дәстүріне қарсы шығады, мәдениетін жоққа санайды, мемлекеттік мерекелер мен атаулы мейрамдарды, сондай-ақ беташар, тұсау кесу, сәлем салу, жеті нан тарату, әруақтарға құран бағыштау, дұға жасау сияқты дәстүрлерді мойындамайды.
«Олар зайырлы мемлекет заңдарына мойынсұнбайды. Мемлекеттік рәміздерді құрметтемейді. Қазақстандағы басым көпшілік ұстанатын Ханафи мәзһабын мойындамайды. Мұсылман мемлекеттердің және Орталық Азиядағы діни мектептердің білімін жоққа шығарады. Исламның дәстүрлі жолында жүрген мұсылмандардың сенімін күпірлікке балайды. Өзге дінді ұстанушылар мен дін ұстанбайтындарға түсіністік танытпайды. Дәстүрлі ән, суретшілік сияқты өнер түрлеріне өшпенділікпен қарайды. Әскерге бару, орта білім алу сияқты бекітілген міндеттерді орындаудан бас тартады». …Иә, иә, бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы тап осылай деді.
Тіпті оңалтудан бас тартатындар да көбейіп кеткен.
Сауатты болу маңызды
– Біз зайырлы елде өмір сүріп жатырмыз. Осы орайда діни сауатты болу маңызды. Оның деңгейін көтеру үшін алдымен тарихымызды жақсы білу керек. Абайдың қара сөздерін жетік білетін иісі қазақ баласы Құранның да философиясын терең түсінгені жөн. Абыз ақынның әр өлеңі мен қара сөзі сүйікті пайғамбар Мұхаммедтен (с.ғ.с) жеткен хадистермен үндесіп жатыр. Адамды ізгілікке, көркем мінезге баулиды. Дәстүрінен жаңылмаған бабалар жолымен жүрсек, біз де діннен адаспаймыз. Қазір діннің сан түрлі трансформацияға түсіп жатқаны жасырын емес. Асыл дініміз эволюцияға ұшыраған қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Осы ретте дәстүр мен діннің насихатын білікті мамандар мен өз ісінің білікті білгірлері жүргізуі керек. Әр насихатты халықтың сана биігінде ұғынатындай етіп ұғындыру абзал. Біз Аллаға, Отанға деген махаббатты алға қоятын халықпыз. Бірлік пен татулықты ту еткен елдің ұрпағымыз. Осыдан жаңылмайық,-дейді өзінің пікірін білдірген Қызылқоға ауданындағы Жаңашаруа мектебінің мұғалімі Мейрамғали Мүсілім.
Дінсіздікпен айыптауға құқы жоқ!
Айтпақшы, сол шараға отандық және шетелдік ғалымдар мен дін қызметкерлері қатысқан болатын. Өңірге ат басын бұрған Азһар университетінің докторы, Қазақстанда орналасқан Хусамуд-дин ас-Сығанақи институтының мұғалімі, доктор Ясир Ахмед Мурси Мухаммед Сетохи жат діни ағымдардың қоғамға зияны турасында әңгіме өрбітті.
Оның айтуынша, әу бастан-ақ, қараңғылықтан бас көтермеген мұндай жат ағымдар еш кінәсі жоқ мұсылмандардың қанын төгуді ұйғарып, мемлекеттік құрылымдарға зиян тигізіп, қоғам тыныштығына қол сұғуларымен қоймай, Отанды құрдымға тартып отыр. Ғасырымызда, жоғарыда аталған сипаттарға ие болған бір топ ағым иесі өзгені дінсіздікпен айыптауды жалау еткен, үлкен күнәға бой алдырған кісіні дінсіздікпен айыптап, алдыңғы хауариждер сынды, шариғатпен үкім етпегенді, өздерінің билігін қабылдамағандарды, өздеріне қарсы келіп, топтарынан шыққандарды дінсіз деп санаған екен.
Өзгені «дінсіздікпен айыптау» әсілінде басқа шариғи үкімдер секілді шариғи үкім. Тиісінше, ол үкімдер тек шариғи дәлелдермен шығуы керек. Өз қалауымен, не ойымен ол іске кірісуге жол жоқ! Ешбір мұсылманның не жамағаттың жекелей діндар бауырын не бір қоғамды дінсіздікпен айыптауына қақы жоқ. Дінде білімі қаншалықты биіктеген болса да үкім шығару жекелеген адамдардың ісі емес, керісінше бұл – үкім ету мақсатында арнайы құралған құрылымдар мен қазылардың міндеті, — деп надандық және діни сауатсыздық адасқан діни ағымдардың ойлары ашық жайылатын ыңғайлы орта болып бара жатқанын жеткізген-тұғын.
Рухани тәрбиенің маңызы зор
Тарихқа көз салсақ, мұсылмандардың арасында адасқан ағымдар өте көп болған. Осы тұста дінді тура ұстану мен қате ұстанудың арасын ажыратып алу маңызды. Басты қателік, көпшілік Құран мен сүннеттегі мәтіндерді сыртқы мағынасында түсініп, сол бойынша амал етеді. Исламдағы түрлі ағымдардың шығуына Құран мен хадисті өз түсінігімен түсіну себеп болған. Егер біз бір мәселеде дәлелді Құран мен хадистен қарасақ, бір адам басқаша түсінеді, екінші адам одан басқаша түсінеді. Соңында адасу туындайды екен.

Расында діни экстремизм көп жағдайда саясатпен бірігіп, қоғамды тұрақсыздандыруға бағытталған және ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретіні рас. Оның экстремизмнің басқа түрлерінен айырмашылығы, мемлекеттік құрылымдарды күшпен өзгертуге және билікті жаулап алуға, мемлекеттің егемендігі мен аумақтық тұтастығын бұзуға қарсы адамдардың діни ілімдері мен символдарын маңызды фактор ретінде пайдалана отырып, сенім мен діни наным үшін аяусыз күресуге бағытталады. Бұл бір ғана адам немесе топ қана айналысатын дүние емес, қоғам болып атсалысатын күрделі мәселе. Экстремизмге қарсы тұратын руханият деп айтсақ артық болмас. «Иманғали» орталық мешітінің наиб имамы Арман Исаев ата-бабамыздың сан ғасырдан бері ұстанып келе жатқан дәстүрлі дінін жоққа шығару, салтымыз бен ғұрпымызды мойындамау – жат ағым өкілдерінің бойында кездесетін жағымсыз әдет екенін айтты.
– Олар салт-дәстүрімізді «бидғат» (дінге кейіннен енгізілген жаңалық) деп таниды. Ал расында Ислам әлемдік дін болғандықтан, ол адамзат қауымына ақиқатты танытып, әрбір ұлт пен ұлысқа өзінің салт-дәстүрін сақтай отырып, ізгілік жолымен жүруді насихаттайды. Ардақты Пайғамбарымыз да (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) араб халқының Исламға дейінгі дәуірдегі шариғатқа қайшы келмеген әдет-ғұрыптарының сол қалпында қолданылуына тыйым салмады. Тіпті Ханафи мәзһабында шариғат ережесіне сай келген ғұрып шариғи дәлел ретінде қарастырылады, — деген наиб имамның пікірінше, өскелең жас ұрпаққа рухани тәрбие беріп, діни сауатын ашып, дәстүрлі дінімізбен сусындатып, ұлттық құндылықтарды бойларына сіңдірудің маңызы зор.
* * *
Айтпақшы, жуырда псевдодіншіл танысымның сәлем салуды Аллаға серік қосу деп санайтынын естігенде жағамды ұстағаным бар. Имамдар сәлем салу – Аллаға серік қосу емес, үлкен құрметтің белгісі екенін айтады. Сан ғасырдан бері жалғасып келе жатқан тәрбиелік мәні зор ұлттық құндылықтарымызды жоққа шығару үлкен қателік емес пе?
Рита ӨТЕУҒАЛИ
Коллаждарды жасаған Дәурен ҚУАНЫШ, Айнагүл ЖОЛДЫБАЕВА