Жарнама
Қоғам

ШАПАҒАТ НҰРЫН ТАРАТҚАН

Бұл сүренің түсуіне себеп болған оқиға жайында түрлі риуаяттар (деректер) бар. Солардың бірі мынадай: «Бірде Расулулла (с.ғ.с.) сахабаларына Исраил ұлдарынан бір кісінің Алла жолында мың жылдай жиһад (еңбек) еткендігі жайында айтып береді. Сахабалар бұған таң қалып, өздеріне мұндай мүмкіншілік берілмегендігін айтып, талқылай бастайды. Сол кезде Алла тағала осы Қадір сүресін нәзіл етеді (Бухари, Тәжридус-Сарих аудармасы VI, 313).

Бұл Қадір түнінің «қадірлі, құнды түн» деп аталуының бірқатар артықшылықтары бар:

• Құран Кәрім осы түнде түсе бастады: «Анығында біз оны (Құранды) Қадір түні түсірдік» («Қадір» сүресі, 1-аят).

• Бұл түннің өзі де мүбәрак түн: «Шынында біз Құранды мүбәрак түнде түсірдік» («Духан» сүресі, 3-аят).

• Бұл түнде жасалған құлшылық мың айдан да қайырлы болады: «Қадір түні мың айдан да қайырлы» («Қадір» сүресі, 3-аят).

• Алдағы бір жылда болатын барлық істер Алла тағаланың әзәли тағдырымен періштелерге осы түнде білдіріледі: «Сол түнде хикметті істің барлығы жіктеледі. Бізге тиіс тағдыр ісі ретінде» («Духан» сүресі, 4-5 аяттар).

• Бұл түнде Жәбірейіл және басқа да көптеген періштелер жер бетіне түседі: «Сол түні Алланың әмірімен барлық істі реттеу үшін періштелер және Жәбірейіл түседі» («Қадір» сүресі, 4-аят).

• Бұл түні таң ағарғанға дейін есендік орнап, әртүрлі жаманшылықтар аулақ болады. Жер бетіне түскен періштелер әр мүминге сәлем береді: «Бұл түнде таң атқанша сәлемет жалғасады» («Қадір» сүресі, 5-аят).

Қадір түнінің Рамазан айының ішінде екендігі белгілі бол-ғанымен нақты қай түн екендігі белгісіз.  Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жайында дәл турасын айтпай: «Қадір түнін Рамазанның соңғы он күнінің тақ күндерінен іздеңіздер» деген (Бухари, Ләйләтүл-Қадр 3; Муслим, Сиям 216).

Алайда басқа да деректерге сүйене отырып Рамазан айының 27-ші түні Қадір түні екендігінде басым көзқарас қалыптасқан. «Зир ибн Хубайш Убәй ибн Каабқа: Сенің бауырың Абдуллаһ ибн Масғуд «Жыл бойы құлшылық жасаған адам Қадір түнін адаспай табады» деп жүр ғой, деп едім, ол: «Алла ибн Масғудқа рақымын төксін. Ол жай ғана адамдардың Қадір түніне қатты сеніп кетпеулерін қалаған болар. Әйтпесе, Қадір түнінің Рамазанда, Рамазанның соңғы он күні ішінде, жиырма жетінші түнінде екендігін білетін», – деді. Мен:

– Уа, Убәй ибн Кааб! Сен мұны қайдан білесің? – деген едім, ол:

– Мен, мұны Пайғамбардың бізге ишарамен білдірген белгілеріне қарап білдім. Ол белгі: «Ол күні күн шуақсыз болып туады» деді (Муслим, Сиям 220).

Ислам шариғатына қарайтын болсақ, Алла тағала өз даналығымен Қадір түні мен одан өзге де кейбір нәрселерді жасырып қойған. Бұлар:

Жұма күніндегі жасаған дұға-тілек міндетті түрде қабыл болады, бірақ уақыты белгісіз; бес уақыт намаздың ішіндегі «Усто» намазы, яғни аятта келетін Саләтул-Усто (ортаңғы намаз); Алланың есімдері арасындағы ұлы есімі (Исмул-Ағзам); өмір соңындағы өлім мерзімі және заман соңындағы қиямет. Міне, бұлардың барлығы адамзаттан жасырылған. Мұның себебі адамдар әрқашан ояу болып, өмірлерін құлшылықпен, тағатпен және осы сияқты нәрселерден қапы қалмауға тырысып жүру үшін. Өйткені, аз да болса үздіксіз жасалған құлшылық қана адам рухын кемелдікке тәрбиелей алады. Сондықтан, мұсылмандар бұл түнде қапы қалмай, құлшылықпен өткізгендері жөн. Әбу Һурайра жеткізген бір хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді:

«Кім Қадір түнін оның артықшылығына сене отырып, сауабын Алладан күтіп құлшылықпен өткізетін болса, өткен күнәлары кешіріледі»(Бухари, Қадр 1).

Қадір түнін қалай өткізу керек! Қадір түнін намаз оқумен, Құран аяттарын оқумен, тәубе, истиғфар (кешірім сұрау) дұғаларын айтумен және Аллаға дұға жасаумен өткізген дұрыс.

Құптан және таң намаздарын жамағатпен оқуға үлкен мән беру керек. Себебі, Алланың Елшісі (с.ғ.с.): «Құптан намазын жамағатпен оқыған адам түннің жартысын, ал таң намазын да жамағатпен оқыған адам екінші жартысын құлшылықпен өткізгендей болатынын сүйіншілеген»(Сахих Муслим).

Айша ана (Алла оған разы болсын) Пайғамбарымызға (с.ғ.с.): «Уа, Алланың елшісі! Қадір түнінде не деп дұға жасайын», – деп сұрағанда, Ардақты Елші (с.ғ.с.): «Аллаһуммә, иннәкә афуун. Тухиббул-афуа. Фәғфу аннии»(Бухари, Тәжридус-Сарих аудармасы VI, 314).

Мағынасы: «Уа, Алла тағалам! Сен кешірімшілсің. Кешіргенді жақсы көресің. Мені кешіре гөр» – деді.

Жаратушы Алла тағала біздей пенделеріне күнәларымыздың кешірілуі үшін осындай керемет түндерді жаратты. Ендеше, мұндай сауабы мол Қадір түнін тек қана құлшылықпен өткізуді нәсіп етсін!

Батыржан МАНСҰРОВ,
ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі,
«Иманғали» орталық мешітінің бас имамы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button