Шәкірт жанының шырақшысы
Адами ұғымда «Ұлылар тұғырын өзі тұрғызады, ескерткішін халқы қояды» деген сөз бар. Нарын жағалауындағы Новобогат ауданындағы қалың елдің тұрғындары арасында өз тұғырын дамылсыз еңбегімен тұрғызған, ел-жұртының назарын өзіне бұрғызған ел ардақтыларының қалың тобының қалыптасқанын тарих парақтарына үңілген сайын зерделей түсеміз. Олардың қай-қайсысы да соғыстан кейінгі жабырқау тірліктің қамында жүрген қарапайым халықтың бірі көшбасшысы болып, бірі сөзбасшысы болған жандар еді.
Жаңа ғасырдағы жас ұрпаққа ұлағаты мен өнегелі өмір жылдарын мұра қылып қалдырған сол дараларымыз арамызда аман жүрсе, биылғы жылы ғасыр құрдастарына айналып, 100 жастың төріне көтерілетін-ді. Майдангер ұстаздар Жұмағали Қайыров, Шалағұл Қабделов, Ғайнеден Әпенов, Қаженбай Қойтанов, басшылық қызметтерде болған іскер азаматтар Орынғали Қарасаев, Смағұл Қалешов, Алдаш Исаев, Тәрен Біләлов, Тайыр Ғұмаров, Ғатих Маштаховтар және басқа да ел сыйлылары еді бұлар.
Абайдың әкесі Құнанбайды аға сұлтан сайларда ортақ бітімге келмей өзара сүзісіп, таласушы топқа қарап тұрып ақын Күдері қожа «Құнанбай көне арнаның ізі емес пе еді…» деп елді ортақ шешімге шақырған екен деседі. Жоғарыдағы есімдері аталған тұлғалар да артына тағылымды іздерін қалдырған халықшыл топтың өкілдері еді.
Біз, бүгін осы ортадан қысқа ғұмыры елдегі ашаршылық лаңы, репрессия дерті, соғыс өрті шарпуының жалынымен қашалып жазылған майдангер-ұстаз, III дәрежелі «Даңқ» орденінің иегері Қаженбай Қойтанов туралы ой қозғағалы отырмыз.
Қазан революциясынан кейінгі жылдары қараңғы қазақтың арасынан сауаттылықтары арқасында алғашқы кітаптар арқалаған ағартушылар, шәкірт көкірегінен ізгілік іздеген ұстаздар шоғыры бой көтерді. Сол бір зиялы қауым өкілдері арасында Нарын құмы өңіріндегі жер көпелерде мұғалімдік жолын бастаған дала ұстаздарының бірі – Қаженбай Қойтанов та бар еді.
Қажекең ұстаз да қыр өңірінде мектептердің ашылуы жолында іскерлігімен ерекшеленген, өмір өлшемі көрегендіктің көркем үлгісімен кестеленген қарабайыр ғана жан болатын.
…Құрылғанына бір ғасырға жуық уақыт мерзімін артына қалдырған Исатай ауданының шежіре кітабын қолға алып, туған өлкенің төл перзенті Қаженбай Қойтанұлының өмір жолдарын тағы бір сараладық. Солақай саясатты замананың былапытқа толы шырмауларын көре жүре, қиястыққа ұрынбай, қиянатқа бармай кісілікті мінезінен айнымай пәкизат ғұмыр кешкен абыройлы ағаның әр қадамы жаныңды сүйсіндіре түседі.
Қаженбай Қойтанов 1924 жылы Новобогат ауданы, Айбас ауылдық кеңесінде шаруалар отбасында дүниеге келді. Еңбек жолын колхозда есепшіліктен бастаған жас өрен 1942 жылы он сегіз жасында аудандық оқу бөлімінің бұйрығымен Айбас ауылдық кеңесіндегі Сазды бастауыш мектебінің меңгерушісі болып тағайындалды. Алайда, сол жылы Ұлы Отан соғысына аттанып, Сталинград, Керчь, Севастополь, Симферополь қалаларын неміс фашистері қоршауынан азат етуге қатынасты.
1945 жылы соғыстан оралған ержүрек жауынгер білім беру саласындағы еңбек жолын одан әрі жалғастырды. Нарын құмы бойындағы К.Маркс атындағы орта мектептің мұғалімі, «Қызыл ту» бастауыш, Жданов атындағы бастауыш және Қаштай бастауыш мектептерінің меңгерушісі, Жамбыл және Қызылтөбе бастауыш мектептерінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болды.
Қаженбай Қойтанұлы жоғарыда аталған мектептердің басшылық қызметтерінде бола жүріп, құм өресіндегі материалдық базасы қалыптаспаған білім ордаларының бала оқытуға бейімделуіне бар күш-жігерін жұмсады. Ат-көлігімен жүріп құм өңірін жайлаған басым бөлігі сауатсыз елдің балаларын оқуға тартып, ел арасында түсіністік жұмыстарын жүргізді. Өзімен қанаттас еңбек еткен Мағаз Неталиев, Ғабит Ідіркенов, Мұрат Ғұбайдуллин, Мұқыш Жүнісов, Темірғали Мырзашев, Ханима Мұқитова, Закария Жұмағазиевтермен бірге бірнеше шақырым қашықтықтан алды көлікпен, арты жаяу қатынап, мектепке келетін оқушыларының жүрегіне құнарлы білім дәнін еге білді. Ұлағатты ұстаздарының алдын көрген шәкірттері кейіннен еліміздің әр саласында еңбек етіп, Отанымыздың сәулеттене өркендеуі жолында өз үлестерін қосқан абыройлы азаматтар санатынан орын алды.
Білімге жаны құштар мұғалім жігіт 1948 жылы Гурьев педагогикалық училищесін қазақ тілі мен әдебиеті, 1958 жылы Орал қаласындағы мұғалімдер институтын тіл әдебиеті пәні мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп, өз білім деңгейін кемелдендіре түсті.
Майдангер ұстаз Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерліктері үшін III дәрежелі «Даңқ» орденімен, «Ерлігі үшін» және «Германияны жеңгені үшін», т.б медальдарды кеудесіне тақты. Ұлы Отан соғысы жылдарында алған дене жарақаты әсерінен бар-жоғы қырық бес жыл ғұмыр кешкен ұлағаты мол ұстаз шәкірт тәрбиелеудегі белсенді де, ерен еңбегі үшін «КСРО Халық ағарту ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Қаженбай қарттың ұрпақтары жыл сайын Нарын құмы етегіндегі Қызыл үй елді мекеніне жиналып, өмірден жастай өткенімен артына мол қазына қалдырған әкелерін еске алып отырады. Жасы үлкен ұлдары әкелерінің маңдай терімен сомдаған өмір жолдарын кейінгі ұрпаққа кеңінен насихаттап келеді.
Нарынның мен де бір түп қияғымын,
Тыңдап өскен ән-жырын, күй ағынын.
Сонау жылғы сүйір тіл бабалардың
Тастап кеткен артына тұяғымын, — деп Нұралы ақын жырлағанындай, есімдері жадымызда сақталған ел ағаларының әрқайсысы да кейінгі ұрпақ, біз үшін Нарынның тау-тау шағылдарындай асқақ көріне бермек.
Сайпеден СИДАҒАЛИЕВ,
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі