ШАҢЫРАҚ ШАТТЫҒЫ ШАЛҚЫҒАН…
— Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Мерейлі отбасы» байқауы республикамыздың барлық түкпірінде өткізілуде. Ал, Отбасы күні мерекесі Елбасы Жарлығымен әр жылы қыркүйек айының екінші жексенбісінде аталып келеді. Отбасы құндылықтарын қалыптастыру, демографиялық өсім, ана мен бала денсаулығын сақтау Елбасының жыл сайынғы Жолдауында көрініс тауып отыр. Мемлекет басшысы басымдық беріп отырған бұл байқау да еліміздегі отбасылық құндылықтарды жаңғыртуға, мәртебесін көтеруге, жарасымдылықты насихаттауға бағытталған. Алғашқы кезеңде «Мерейлі отбасы» байқауына Атырау облысынан 69 отбасы қатысты. Үздік танылғандары облыстық кезеңге қатысып, жеңімпаздары белгіленді, — деген Шыңғыс Жұмабекұлы әр шаңыраққа бақ-береке тілеп, байқаудың бас жүлдегерін марапаттады.
Байқаудың бас жүлдесін иеленген Бешімовтер отбасына марапат табысталып, бір миллион теңге көлемінде ақшалай сыйлық пен шипажайға демалуға жолдама ұсынылды.
Бешімовтер отбасы Атырау облысы, Жылыой ауданы, Құлсары қаласында тұрады. Отбасы тірегі Наурызғали Ердәулетұлы – бүгінде сексеннің сеңгіріне шықан қадірлі ақсақал. Жұбайы Қалыш Мирманова әже екеуі екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан он немере сүйіп отыр.
Наурызғали Бешімов – мұнайшылар әулетінің үшінші ұрпағы. Атасы Бешім Қызылбасов жиырмасыншы ғасырдың басында 1926 жылы Жылыой ауданындағы Қосшағыл, Төлес кен орындарын ашқан. Осы жаңалығын «Доссор» мұнай кәсіпшілігінде орыс экспедициясына хабарлаған. Кеңестер Одағы Қызылбасов Бешімге 1931 жылы мұнай тапқаны жөніндегі №1124 куәлігін тапсырған.
Жалпыұлттық «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңіне отбасылар жеті ауданнан және қаладан қатысты. Олар жүлделі орындармен, түрлі аталымдармен марапатталды. Соның ішінде еңбектері көпке үлгі, өнегелі Аққайсиевтер отбасы байқаудың бірінші орын иегері атанды.
Аққайсиевтер отбасының тірегі, Махамбет ауданының азаматы – Үмбет Аққайсиев – Махамбет, Индер аудандарында ауыл шаруашылығының дамуына зор үлес қосқан, еңбек ардагері.
Жүлделі екінші орынға Хасановтар отбасы лайық саналды. Индер ауданынан қатысушы отбасының тірегі Асылбек Хасанов «Алау Жайық» мекемесінде жұмыс жасайды. Зайыбы Халы Ғұмарова екеуі өздерінің бір баласына қоса бес баланы бауырына басқан патронат отбасы.
Жүлделі үшінші орынды Құрманғазы ауданынан қатысқан Шаяхметовтер отбасы иемденді.
Мұхар Шаяхметов – Ауыл шаруашылығы саласында қызмет етеді. Әрі ұлағатты ұстаз. Ақтілек Уаһапқызымен екеуі төрт ұрпағынан жеті немере, екі жиен сүйіп отырған бақытты ата-әже.
«Салауатты отбасы» номинациясын Қабделовтер отбасы иеленді. Исатай ауданының азаматы Әміржан Қабделов «Жайықмұнайгаз» өндіру басқармасында қызмет етеді. Зайыбы — Айгүл Таниева да мұнай саласының маманы.
«Тату отбасы» номинациясы Салиевтер отбасына бұйырды. Мақсот Салиев — «Доссормұнайгаз» басқармасында ұзақ жыл басшылық қызметте болған, қазір зейнеткер. Отанасы Қарлығаш Оразымбетова еңбек жолын Доссор аудандық орталық ауруханасында бастап, аталған мекемеде ұзақ жыл талмай еңбек етіп зейнеткерлікке қалған.
«Парасатты отбасы» аталымы Диаровтар отбасына берілді. Мұфтах Диаров – өңіріміздегі бірінші геолог – ғылым докторы. Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының біздің аймағымыздағы бір ғана академигі. Мұфтах Диарұлы мен Раиса Александровна екеуі бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсіріп, үш немере сүйіп отырған бақытты ата мен әже.
«Өнегелі отбасы» номинациясы Қызылқоға ауданының азаматшасы Жарқын Пұсырманова, жолдасы марқұм Жүсіп Оразымбетов отбасына ұсынылды. Екеуі де темір жол саласында еңбек еткен. Бес ұл, бес қыз тәрбиелеп өсірген «Батыр ана» Жарқын Пұсырманова бүгінгі таңда еңбегінің зейнетін көріп отыр.
Жеңімпаздарды марапаттарымен құттықтаған «Құрмет» орденінің иегері, сазгер Донеділ Қажымов және ҚР еңбек сіңірген әртісі Гүлнар Дәукенова «Сағым жылдар», «Екеуміз» деп аталатын әндерді шырқап, ыстық ықыластарын білдірді. Парасат-пайым мен толайым тәрбиені тоғыстырып, Отанды дамыту, отбасын қолдауға бағытталған мазмұнды жалпыұлттық байқау соңы облыс өнерпаздарының мерекелік концертімен тәмамдалды.
Нұргүл ЫСМАҒҰЛ.