ШҰҒЫЛ ТАПСЫРМА
«Мәскеуде съезд өтіп жатқан күндерде, — деді Бас редактор Сапар Байжанов, — көптеген ұжымдар бес жылдық жоспарды төрт-төрт жарым жылда орындау жөнінде бастама көтеруде. Сондай ұжымдарда болып, олардың тыныс-тіршілігін газет бетінде жедел көрсетуіміз керек. Осындай ұжымдардың бірі – Алматыдағы Ю.Гагарин атындағы тігін фабрикасы. Осыған кім барғысы келеді?» «Мен барайын» деушілер қапелімде табыла қоймай, Сапекең ойланып отырды да: «Өнеркәсіп бөлімінің меңгерушісі Зұлқарнай Сакиев пен Гурьев облысындағы меншікті тілшіміз Құмарғали Ғабдешев барсын, — деді. — Тапсырма шұғыл. Түс қайта барып, фабриканы аралап, адамдармен сөйлесіңдер. Түнімен отырып, газеттің тұтас бір бетіне материал жазып әкеліңдер. Фототілші бірге барады».
Зұлқарнай екеуміз фабрикаға асығыс аттандық. Мұндағы жұмысымыз біткен соң, Зұлқарнайдың үйіне барып, жазуға отырдық. Таңғы сағат үштен өте мақаланы бітіріп, соңғы нүктесін қойдық. Ақылдасып, тақырыпшаларын, «шапкасын» қойдық. Ертесіне таңғы асымызды асығыс ішіп, редакцияға жеттік. Жазғандарымызды тездетіп, машинкаға бастыруға кірістік. Өйткені, материал келесі нөмірге шығуы тиіс. Абырой болғанда, мақаламыз жаман шықпаған секілді. Кейін тігіншілердің бұл бастамасы басқа ұжымдардың тарапынан қолдау тапты. Ал, кезекті лездемеде бас редактор Сапар Байжанов әріптесім Зұлқарнай Сакиев екеуміз жазған материалды мақтап, алғыс айтты.
1978 жылғы жаз айының бір күні Алматыдан меншікті тілшілер бөлімінің меңгерушісі Хайдар Баймұхамбетов телефон шалып: «Құмарғали, әуелі бері қара»,-деді. «Сіз жаққа қарап отырмын ғой»,- деймін мен. «Екі-үш күннің ішінде Алматыға кел. Басқасын келген соң естірсің»,-дейді. Жеттім. Бірден Хайдар Баймұхамбетовке келдім. «Сапекең Комитеттің бюро мәжілісінде. Қазір келіп қалар, кіріп шығарсың»,- дегесін, қасында отырып күттім. Бірер сағаттан соң «Сапекең келді» деген хабар жетті. «Құмарғали, — деді бас редактор әдеттегі байсалды қалпынан айнымай. – Саған бір жауапты тапсырма бергелі отырмыз. Естіп те жүрген шығарсың, Оңтүстік өңірден арыз-шағым өте көп түседі. Соның бірі — қалыңмалға байланысты. Ертең пойызбен жүріп кет. Шымкенттегі меншікті тілші Алтынбек Жолдасбеков қарсы алады. Ол кезінде бұл мәселемен айналысып, жазған болатын. Оған «әділ емес» деп дау айтушылар табылған. Әдейі бейтарап аймақтан тілші шақыруға ұйғардық. Әрі партиялық аппаратта істеген, тиянақты зерттер деген үмітпен сені қаладық. Екі-үш күннен кейін ол жаққа редакция алқасының мүшесі Бекболат Адетов те барады. Екеуің тексеріп қайтыңдар». Шымкент облысына осылай жол түсті. Мәселенің мән-жайына үңілдік. Арыз жас келіннің ата-анасының қалыңмалды азырқанып, разы болмауынан шыққан. Бірнеше айдан соң келін: «Мені зорлады»,-деп «аттан» салып, күйеуінің үстінен заң орындарына арызданған. Арызда көрсетілген фактілер тексеріліп, «Шылықтан туған былық» деген көлемді мақала жарық көрді. Арада бір жылға жақын уақыт өткенде нақақ сотталған жігіт түрмеден ақталып шықты. Жақсы ойларды жанымен қабылдап, оларды газет бетіне шығарғанша асыққан қаламдас достармен бірге өткізген күндер де ерекше оралмас бақытты шағымыз екен-ау, шіркін!
Қазақ баспасөзінің қарашаңырағында тілші боп қызмет жасаған жылдарымда Хайдар Баймұхамбетов, Сарбас Ақтаев, Уахап Қыдырханов, Бекболат Адетов, Мыңбай Ілесов, Әділ Дүйсенбек, Қойшығара Салғарин, Сабыржан Шүкіров, бүгінде әлі де газеттің беделін көтеруге бар күш-жігерін аямай жүрген Мамадияр Жақып, Сауытбек Абдрахманов сияқты қаламгер әріптестерімнің ыстық ықыласына бөлендім. Олардан журналистік адалдықтың лебі есіп тұратын. Міне, бұл шыға бастағанына 95 жыл толып отырған ел басылымы – «Егемен Қазақстанның» бір белесіндегі бір үзік сырым ғана… Шуақты күндер еді, ол күндер…
Құмарғали ҒАБДЕШҰЛЫ,
Қазақстанның
Құрметті журналисі.