Жарнама
Қоғам

Үш портрет, үш Мұрат

Screenshot_23

Бейнелеу өнерінің бәсекесі

Осыдан тура жиырма бес жыл бұрын Атырау өңірінде зар заман поэзиясының тұлғалы өкілі Мұрат Мөңкеұлының туғанына 150 жыл толуына орай дүбірлі той өтті. Торқалы той қарсаңында Мұрат ақынның бейнесіне республикалық бәйге жарияланды. Қолы қалт еткенде қылқалам ұстайтын ауыл суретшісінен бастап, жалы күдірейген бейнелеу өнерінің профессорына дейін бәсекеге түсті де кетті. Бояудың бабын тауып, кейіпкердің түр-түсін қырық құбылта білетін қылқалам шеберлерін қинаған «Мұрат ақын қандай болған?» деген жалғыз-ақ сауал еді. Осыған орай, жыр жүйрігі жөнінде жазылған дүниенің бәрі қайта сүзгіден өтті. Әр суретші ақынды әр қырынан тұлғалауға талпынды. Бірі Мұраттың өршіл жырларын оқып, әсерленген соң оны Махамбетке ұқсата бейнеледі. Екіншісі жүзіне нұр, көзіне ой ұшқынын ұялатып, кәдуілгі Атырау қазағының суретін салды. Үшіншісі қиялы жүйрік, ойы озық жыр алыбының нағыз кейпін танытты.

Халық депутаттары Индер аудандық кеңесінің сол кездегі төрағасы, ақынның 150 жылдық мерейтойын өткізу жөніндегі аудандық ұйымдастыру комитетінің төрағасы Өтеп Нұриевтің «Дендер» газетінде 1993 жылғы 3 қыркүйекте жарық көрген «Ақпа ақын, жыр сүлейі» деген мақаласында төрт айға созылған конкурсқа тоғыз суретші қатысқаны, жұртшылықтың пікірін білу мақсатымен бір ай бойы көрме ұйымдастырылғаны, сол жылғы 9 маусым күні бәйге қорытытындысы шығарылғаны жөнінде айтылады.

Портрет бәйгесі қызған кезде «Оу, бұл кісіден қалған үрім-бұтақ, ұрпақ бар ма екен, тым болмаса, солардың суретіне қарап ақынның кескін-келбетін топшылап көрейік те» – деп мәселені бүйірден қойғандар да болды. Той өтетін жылы Атырауда болғанымызда мұраттанудың асқан білгірі, жазушы Берік Қорқытов:

– Мұраттың ақын ұлы Дәулетқалимен қаншама жыл аралас-құралас жүргенде суретке түсіріп алу ойымызға келмепті. Бұл енді менің үлкен қатем, – деп еді. Содан соң суреттен күдер үздік те, өңірге белгілі майталман ақын атанған Дәулетқали Мұратұлының кескін-келбеті қандай болғанын көрген-білгендердің айтуы бойынша қағазға түсіргенбіз. Бір күні Берік ағамыз «Дәулетқалидың суреті Жанаш Нұрмахановта бар екен» деп қуанышты хабар айтты.

Атырау облысы, Жылой ауданында тұратын білікті ұстаз, өрелі өлкетанушы Жанаш Нұрмаханов суретті Индер аудандық газетіне бастырып шығарыпты. Әдебиетшілердің облыстық слетіне қатысушы отыздан астам адамның бет-жүздері айқын таныла қоймайды. Дәулетқали сол жақ шетте домбыра ұстап отыр. Жанаш аға алғы сөзінде «Суреттің түпнұсқасы жоқ. Бірнеше көшірмесін әлдекімдер алып кетті. Хамит Ерғалиев «суреттің түпнұсқасы менде бар» деп еді – деп атап көрсетеді. Аудандық газетте жарияланған, бір жақ шеті жыртылған суреттің сапасы айта қаларлықтай емес-ті.

Шынында да суреттің түпнұсқасы Хамаңның атан түйеге жүк боларлық қомақты сурет қорының арасынан шықты. Ол кезде біз Алматы қаласының тұрғыны едік. Ақынның үйіне арнайы барып, бағалы фотоны ат-түйедей қалап, бір күнге сұрап алдық. «Жас алаштың» фототілшісі Рахымбай Ханалиев суреттің сапалы көшірмесін жасап берді. Хамит ақсақал Дәулетқалидың маңайындағы басқа кісілердің де есімін атады. Түпнұсқа болғанымен, көп адамның ішінде отырғандықтан Дәулетқалидың суреті өте анық емес. Анық болғанның өзінде Мұрат ақын дәл осындай болды деп топшылаудың өзі қиындау еді. Бірақ, бәрібір әйгілі жыр жүйрігінің портретін салғанда сүйенетін бір нұсқа табылды.

Сонымен, бұл мезгілде Мұрат Мөңкеұлының бейнесін кескіндегенде негізге алатын мынадай деректемелер бар еді. Біріншісі – Халел Досмұхамедұлының 1924 жылы Ташкентте жарық көрген «Мұрат ақынның сөздері» атты кітапты әзірлеген кезде жазған алғы сөзі. Екіншісі – 1942 жылы Алматыға арнайы шақыртылған Мұрын жыраудан ақын Мариям Хакімжанова жазып алған Мұрат ақын туралы естеліктер. Үшіншісі – 1947 жылы профессор Қажым Жұмалиевтің тапсырмасымен Атырауға арнайы ғылыми экспедицияға келген КазГУ-дің бірінші курс студенті Берік Қорқытовтың көнекөз қариялардан жазып алып, акаде- мияның қолжазба қорына тапсырған материалдары. Оған қоса, 1991 жылдан бастап Мұрат мұрасын зерттеуге ден қойған біздің мерзімді және ғылыми басылымдарға шыққан мақалаларымыз да жеткілікті еді. Сондай-ақ, «Жас күнімізде Мұрат ақынды көріп едік едік..» – деп естелік айтатын Өрлік ауылының тұрғыны Үмбетияр Есжанов пен Кулагин ауылын мекендеген Осиға Құбашқызының көздері тірі болатын. Оның сыртында Мұрат туралы атыраулық авторлар да дамылсыз жазып жатты.

Қысқасы, арқалы ақынның бейнесін жасаймын деген қылқалам шеберіне сүйенетін дүние аз емес-ті.

Бірінші суреттің бәйгесі

Мұратты кейіптеуге алматылық атақты суретші, профессор Мұхит Қалимов алдымен кірісті. Бірде оның шеберханасына барсақ, ақынның суретін енді ғана бастап жатыр екен. Шағын үстелінің үстінен Халел Досмұхамедұлының екі-үш жыл бұрын шыққан «Аламан» атты кітабы, біздің «Мұраттану мұраты» деген мақаламыз басылған «Жұлдыз» журналының 1993 жылғы 1-саны көзге шалынды.

Мұхит аға ақын бейнесіне салғаннан қайсарлық дарытты. Ол әдепкіде кейіпкерін шайырдан гөрі батырға көбірек ұқсатты. Бәлкім, бұған жыр жампозының өткір жырлары ықпал еткен болар. Бірақ, бірте-бірте оған нағыз ақынның болмысын сіңірді. Сөйтіп, оның туындысында қайраткерлік пен қаламгерлік қос өрім секілді қатар көрініс тапты. Бәлкім, Хамит Ерғалиевтің «Мұрат – қайта жаралған Махамбет» деген сөзі сезімтал суретшінің көкейіне ұялап қалған болар. Бір баласына Мұрат деп ат қойған Хамит ақын әйгілі шайырды ерекше жақсы көретін.

Санкт-Петербургтегі И.Репин атындағы көркемсурет институтының түлегі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, әлемнің ірі қалаларында талай рет сурет көрмесін өткізген Мұхит Ғалымұлы Атыраудың перзенті еді. Ол жоғарғы оқу орнында қырғыз халқының аса дарынды перзенті Сүйменқұл Чокморовпен бірге оқыған. Ресейдегі әйгілі қылқалам мамандарының шеберханасында шыңдалған. Ұзақ жыл Алматы көркемсурет училищесінде сабақ берді. Сол тұста Алматы театр-көркемсурет институтының кафедра меңгерушісі болып қызмет істеп жүрді.

Мұхит Ғалымұлы бұған дейін де бірқатар тарихи тұлғалар сериясын сомдаған-ды. Оның «Абылай», «Исатай-Махамбет», «Құрманғазы», «Сырым батыр», «Жанқожа батыр» туындылары жұртшылыққа жақсы таныс болатын. Енді солардың қатарына Мұрат Мөңкеұлы қосылды.

«Бастапқыда Мұратты шапан жамылып тұрған кейіпте кескіндеу де ойымда болды, – деген-ді ол бізбен әңгімесінде. – Бірақ, ол райымнан қайтып, шешімімді өзгерттім. Елінің жоғын жоқтап, мұңға батқан Мұратты сән-салтанатпен соншалықты әспеттегім келмеді. Қара түнектен ағараңдап тұрған ақынның келісті келбеті, сұсты жүзі, қатулы қабағы, торығу мен үміт сәулесіне толы ойлы көзі арқылы қылқалам тілімен көп нәрсе ұқтыруға тырыстым. Сонымен, Мұратты халқының қамын жоқтап, қабырғасы қайысқан, жырлары жасындай, ақыл-ойы телегей-теңіз қайраткер тұлға ретінде бейнелеуді жөн көрдім».

Танымал суретші «Еділді келіп алғаны, Етекке қолды салғаны, Жайықты келіп ал-ғаны. Жағаға қолды салғаны. Ойылды келіп алғаны, Ойындағысы болғаны!» деп жырлаған Мұраттың тұлғасын батырдың тұрпатына ұқсата бейнелеу туралы шешімге бекерден-бекер бел буған жоқ-ты. Ол бұл турасында «Кесек сөз айту кесек бітімдіге ғана жарасқан» деген қағиданы ұстанды. Бірақ, алдымен оның арынды ақын екенін де естен шығарған жоқ. Сондықтан өткір көзге ойлылық пен нәзіктік ұялатты, сөйтіп, ақын жанының мөлдір иірімдерін айқын көрсете алды.

Мұхит ағаның өз тағдыры мен Мұрат тағдырының тоғысатын жерлері де бар. Болашақ суретші алты-жеті жасында жетім қалып, Индер ауданының Өрлік ауылындағы балалар үйінде тәрбиеленді. Ал, Өрлік – Мұрат ақынның дүние салған жері. Демек, ол жастайынан Мұрат Мөңкеұлы хақындағы әңгімелерге қанық болды.

Мұхаң Мұраттың портретін жазуға бір ай уақыт жұмсады. «Жұлдыз» журналындағы «Мұраттану мұраты» деген мақаланы оқыған соң ақынға қызыл телпек «кигіздім» дейтін. Сурет салу барысында атыраулық журналист Әбуғали Ғабдуллин, «Егемен Қазақстан» газетінің суретшісі Жанұзақ Әбдіқұлов берген бірқатар деректер де профессордың кәдесіне жарапты.

– Аға, Мұрат бейнесіне жарияланған бәйгенің қорытындыланар күні де таяу. Бір суретшінің бағы жанатыны анық. Сол портреттің авторы сіз болып шықсаңыз ше? – деп біз тақымдап қоймаймыз.

Ол тым салқынқандылықпен жауап берді:

– Оны сарапшылар шешеді. Бәйге алмаған күнде де бұл шығарма менің маңдай терімнің өтеуі ретінде бағаланатын, жүрегіме жақын туындыларымның бірі болып қала бермек. Ал, егер сарапшылардың таңдауы менің Мұратыма түссе, «Байлықты билікпенен беріп тұрған, Бақыттың анық қонған аңғары еді» – деп ақиық ақынның өзі айтқандай, үлкен қуаныш болар еді…

Шынында да, профессор Мұхит Қалимов Мұрат ақынның портретіне жарияланған бәйгеде жеңімпаз болып, қуанышқа кенелді. Мерейтой кезінде барлық басылымдар оның суретін жариялады. Шеберлікпен салынған портрет кейін ғылыми айналымға берік еніп кетті. Мұраттың әр жылдарда әзірленген жинақтарында осы портрет жарық көрді. Ақын туралы туралы мақалаларға сол сурет қоса берілді.

Мұхаң 2002 жылы 71 жасында дүние салды.

Бауыржан ОМАРҰЛЫ,

ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі,

филология ғылымдарының докторы, профессор

(Жалғасы бар).

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button