СЕНІМГЕ САЙ СЕРПІН БАР
Иә, бұл – әлемдік құбылыс. Тұрақты дамудағы экономикамыз тұралап қалмау үшін барлық тиімді шаралар алыну үстінде. Айталық, бұған дейін мемлекетіміздің Ұлттық банк бағамды реттеп келген болса, ендігі жерде еркін айналымға жіберілген теңге жағдайында, тек мемлекеттің, халықтың мүддесін қорғау қажет болған күрделі сәттерде болмаса, Ұлттық банк бұл іске араласпайды.
Ауыл адамдары да мықты деген елдердің өзін дағдарыстың дағдартып отырғанын сезінулі. Үкімет азық-түлік өнімдерінің негізсіз қымбаттамауына толық кепілдік беріп отыр. Жергілікті жерде баға және тариф өсуін тұрақтандыру бағытында құрылған штаб жұмысын да көріп жүрміз. Шүкірлігінен жаңылмаған ел емеспіз бе, әзірге алаңдайтындай, қос бүйірімізден қыса қойғандай әнебір жағдай байқалып отырған жоқ. Халықтың ең қажетті, негізгі тұтынатын тауарларын сатып алу мүмкіндігі жақсы.
Майкөмген ауылында жуырда ғана таза ауыз су құбырлары тартылып, оны реттеп отыратын стансалық жүйе іске қосылды, бүгінде ол – халық игілігінде. Осы үлкен оқиғамен сабақтасып, дәрігерлерге арналып салынған екі пәтерлік тұрғын үй пайдалануға берілді. Қазір амбулаториялық емхана қалыпты жұмыс істеп тұр.
Өмірдің өзі – өзгерісімен өміршең. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша ауылдық округ аумағында балалардың ойын алаңын жасақтауға 1 млн. 389 мың теңге бөлініп отыр, енді оған дайындық жұмыстары өріс алды. Ауылды жасыл желекке бөлеу де – алғы күндердің еншісінде.
Бәсекелестікке қабілеттіліктің негізгі алғышарттрын жасау үшін алдымен өзіміз белгілі бір дәрежеде үлес қосуға талпыныс жасап, ел мүддесі үшін дағдарысты еңсеруде, адал еңбек арқауын ширата түсейік, ағайын!
Нұржарық САУЫТОВ,
Майкөмген ауылдық округінің әкімі,
Жылыой ауданы.