Жарнама
Қоғам

СЕНІМ АЛҒА ЖЕТЕЛЕЙДІ

Елбасы «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінде атап айтқандай, «Таяудағы жылдар жаһандық сынақтардың уақыты болады. Барлық елдер осы күрделі кезеңнен ойдағыдай өте алмайды. Бұдан тек мықты мемлекеттер, жұдырықтай жұмылған халықтар ғана өтетін болады». Сондықтан, Нұрсұлтан Назарбаевқа халық алдына ұсынған «Нұрлы жол» бағдарламасын ел игілігіне айналдыруға, өзі бастаған кең ауқымды экономикалық, әлеуметтік және саяси жаңғыртулар мен стратегиялық бағыттарды толық жүзеге асыруға мүмкіндік беріп, сенім мандатын білдіруіміз қажет деп ойлаймын.

Мен әке жолымен Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын бітіріп, туған ауылымда мал дәрігері болып еңбек еттім. Тоқсаныншы жылдардың орта тұсында шаруашылық тарап, мемлекет мүлкі жекешелендірілген соң заман талабымен нарыққа бейімделуге тура келді. Шаруа қожалығын құрып, төрт түлік мал өсіріп, атакәсіпке ден қойдық. Қазір қожалықтағы асыл тұқымды қазақтың ақ бас сиырларын өсіріп, ет өндіру бағытында жұмыстанудамыз. Мемлекеттің мал тұқымын асылдандыру, малға қажетті жемшөп дайындағаны үшін берілетін жеңілдіктеріне қол жеткізіп, субсидияның да қайырын көріп отырмыз. Жалпы, мемлекетіміздің тарапынан қарапайым шаруагерлерге, шағын және орта бизнес өкілдеріне көрсетіліп жатқан қамқорлық пен қолдау Елбасының көрегендік саясатының жемісі десек, артық айтқандық болмас.

Аудандық мәслихаттың депутаты, «Нұр Отан» партиясы Исатай аудандық филиалы жанындағы жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшесі ретінде қоғамдық жұмыстарға қатысып, Елбасы саясатынан туындайтын міндеттерді жұртшылыққа жеткізуге, жергілікті бюджет қаржысының тиімді жұмсалуына, салынып жатқан құрылыстар мен күрделі жөндеуге қойылған әлеуметтік нысандардың сапасына партиялық бақылау жасауға қатысып, үлесімді қосып отырамын. Өйткені, Мемлекет басшысының да қазіргідей кезеңде жергілікті әкімдерден, мемлекеттік қызметкерлерден, партия мүшелерінен зор жауапкершілікті, бюджеттің әр теңгесінің орынды және мақсатты жұмсалуын, ешқандай ысырапшылдыққа жол бермеуін талап етуінің өзі жайдан жай емес. Жақында партия филиалы жанындағы қоғамдық кеңестің кезекті отырысында Елбасының Үкімет отырысында қойған басым бағыттарын белгілеп, жұмыс жоспарымызды бекітіп алдық. Енді соны жүзеге асыру – басты міндет.

Әнес СИДЕҒАЛИЕВ,

«Нұр Отан» партиясы Исатай аудандық филиалы жанындағы жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшесі.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button