Семсер сөзді Сүлейменнің қызы еді…
Былтыр ғана ғасыр тойын дүбірлетіп атап өткен облыстық «Атырау» газетінің тарихында күні бүгінге дейін 24 бас редактор болған екен. Соның ішінде ел есіндегі айтулы тұлғалардың бірі Сүлеймен Сауырғалиев еді.
Өткен аптаның соңында Жамбыл облысынан суық хабар жетті. Сүлеймен ағамыздың жар жегенде жалғыз қызы, ғұмыр бойына «Атырау» басылымы редакциясымен тығыз байланыста болған Зылиха Сүлейменқызы Сауырғалиева 90 жасқа қараған шағында өмірден өтті.
Сүлейменнің өзі 1972 жылы бар болғаны 58 жасында дүниеден өткен осы Атырау өңірінің тумасы, Ысық руынан болатын. Әуелі еңбек жолын баспаханадағы әріп терушіліктен бастаған ол кейіннен облыстық газеттің бас редакторлығына дейін көтерілді. «Сол шақта бала болсам да, әкемнің күні-түні қағазға шұқшиятын тынымсыз қарекеті күні бүгінгідей көз алдымда. Анам Гүлсім де баспаханада әріп теруші болып жасады. Сондай-ақ, туған інісі Нұрмұхан редакцияда корректор, оның келіншегі Тәрбие де әріп теруші болды…» деп еске алатын еді Зылиха апамыз.
1943 жылдың 10 желтоқсанында редактор Сүлеймен Сауырғалиевтің «Социалистік құрылыс» (қазіргі «Атырау») газетінде «Ана тілін бағаламайтын, саясаттан кенже қалған бейшаралар туралы» деген көлемді сын мақаласы жарияланған. Бұл мақала хақында «Атырау» газеті ардагерлерінің бірі, драматург-жазушы, марқұм Берік Қорқытов былай жазған еді:
«…Облыстың бетке ұстаған бірталай басшыларының есімі аталды. Елдің іші ду ете түсті, құптағандары да, артын баққандар да болды. Көп кешікпей бұл мақала облыстық партия комитетінің бюросында қаралып, редактор сөгіс алып шықты. Сүлеймен сол бойда тәржімашы Қыдырғали Сасықовқа мақаланы орысша аудартып, машинкеге бастырып, Москваға, Орталық партия Комитетіне, Г.М.Маленковтың атына жіберді. «Редакторды жұмыстан алады екен» деген сыбыс та ел ішіне тарай бастады. Бір күні Сүлейменнің атына сыртында «Центральный Комитет ВКП (б)» деген жазуы бар пакет келді. Сүлеймен өзі оқып болғаннан кейін бәрімізді шақырып алып таныстырды. Ол хатта: – газеттің мақаласы дұрыс, облыстық партия комитеті бюросының шешімі теріс деп табылды, қаулы облыстық партия комитетіне жіберілді, сонымен танысыңыз» деп жазылыпты… Әлде қалай болады деп күдіктене жасып жүрген біздің де мерейіміз көтеріліп қалды. Ал, бұдан кейін редактормен сөйлесіп көр. Басшысымақтар да жым-жырт болды…». Мұның өзі оның әр сөзін дәлелді түрде тайсалмай жазатын өткір редактор болғандығын айқын дәлелдейді.
Сөзіміздің басында Сүлеймен Сауырғалиев баспахана әріп терушісінен облыстық газет редакциясына әдеби қызметкерлікке алынғанын айттық. Ал, 1934 жылы ол – өндіріс-транспорт бөлімінің меңгерушісі, 1938 жылы – жауапты хатшы, 1940 жылы – редактордың орынбасары, 1941 жылдың 1 тамызынан 1947 жылдың шілде айына дейін басқа облысқа қызметке ауысқанша редактор болған.
Иә, Зылиха апамыз Сүлейменнің жалғыз, әрі сүйікті қызы еді, баспаханада теруші болып та әкесіне көмектесіп еңбек жолын бастаған…
Ұрпақтар сабақтастығы осылайша «Атырау» газетінің ғасырлық белесінің өн бойынша Сауырғалиевтар әулетінің мысалында жарқын жарасымдылықпен өріліп еді. Сүлеймен ағамыздың осы Зылиха анамыздан туған жиені, Атыраудың белді азаматтарының бірі Серік Сәдуақасов та редакциямен ұдайы тығыз байланыста. Оның ұйытқы болуымен кезінде Атырау қаласынан бір көшеге Сүлеймен Сауырғалиевтің есімі берілген.
Амал қанша, асылдың сынығы Зылиха Сүлейменқызы да бақиға аттанды. Алды жарық, иманы жолдас болсын! Сарысу жеріндегі, Атыраудағы барша ағайын-туыстарына «Атырау-Ақпарат» медиахолдингінің, облыстық «Атырау» газеті редакциясының, ардагерлер кеңесі мен кәсіподақ ұйымы атынан көңіл айтамыз.
Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ,
«Атырау» газетінің 2010-2020 жылдардағы Бас редакторы,
Қазақстанның Құрметті журналисі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері