ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ – АЙРЫҚША НАЗАРДА

Аз қамтылғанға – атаулы көмек

Елбасы өзінің «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында: «Менің назарымдағы басты мәселе – әр қазақстандыққа қамқорлық көрсету. Және бұл қажеттілік болып табылады, өйткені, әлеуметтік мәселелерді шешуге еліміздің барлық азаматтарының өмірі мен күн сайынғы өзін-өзі сезінулері тәуелді», - деді. Шын мәнісінде Елбасының әлеуметтік мәселеге ерекше мән беруі арқасында  күнкөріс деңгейінен төмен табыс алатын аз қамтылған халықтың үлесі соңғы үш жыл ішінде 3,3 пайыздан  2,8 пайызға дейін төмендеді. Кедейлік шегінен төмен табыс алатын аз қамтылған азаматтарға төленіп отырған мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны осы жылдарда 3301 адамнан 2562 адамға дейін, яғни 19,7 пайызға азайды. Тағы да осы аралықта оларға 265,2 млн. теңге көлемінде мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек төленді.

 

Елімізде, соның ішінде, біздің облысымызда ана мен баланы әлеуметтік қорғау жайына үлкен көңіл бөлінуде. Осы жылдары аз қамтылған отбасыларындағы 18 жасқа дейінгі балаларға 1522,4 млн. теңге мемлекеттік балалар жәрдемақысы тағайындалып, төленді. Жылма-жыл орташа есеппен 15,0 мыңнан астам бала мемлекеттік жәрдемақы алады.

Елбасының Бес институционалдық реформаны жүзеге асырудың «100 нақты қадамы» атты Ұлттық жоспарындағы 84-ші қадамында «Әлеуметтік көмекті оның атаулылығын күшейте отырып, оңтайландыру» мәселесі қойылып отыр. Бұл оңтайландыру әлеуметтік көмекті тек қана мемлекет тарапынан қолдауға мұқтаж азаматтарға ғана беруді көздейді. Үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен бастап оңтайландыру мәселесі біздің облыста да іске асырыла бастады. Соның нәтижесінде шартты ақшалай көмек жобасын енгізуге пилоттық өңірлерге Атырау қаласы мен Құрманғазы ауданы таңдалынып алынды. Осы жобаға жергілікті бюджеттен 6,0 млн. теңге қаражат бөлінді. 

Бағаға – берік байлам

Еліміздегі экономикалық өзгерістерге байланысты осы жылдың тамыз айында Атырау облысының әкімімен 2015-2016 жылдарға арналған экономикалық өсімді қамтамасыз етудің оперативтік жоспары жасақталып, бекітілді. Жоспарға сәйкес облыстағы азық-түлік тауары бағаларына күнделікті мониторинг жүргізіліп отыр.

Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы – теңгенің еркін айналымға жіберілуіне байланысты Атырау облыстық әкімдігі аз қамтылған азаматтарды әлеуметтік қорғау мақсатында бірқатар шараларды қолға алды. Айталық, облыс басшысының өкімімен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын өсірмеу жөніндегі штаб құрылды. Аталған штаб әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға бағытталған шараларды жүзеге асырады. Жыл аяғына дейін күнкөріс деңгейінің өсу мүмкіндігіне байланысты талдаулар жасалып, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларын қолдау мақсатында алдын ала есептер жасалды. Алдын ала алынған мәліметтер бойынша, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны өскен жағдайда, бұл мақсатқа бюджеттен қосымша қаражат бөлу қарастырылуда. Бұл шаралар аймақтағы әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға және кедейлік деңгейін мейлінше төмендетуге ықпал етеді. 

Меморандум жұмыс береді

Бәрімізге белгілі, әлемдік нарықта мұнай бағасының төмендеуі кейбір мұнай өндіруші компанияларды өндіріс қарқынын азайтып, қызметкерлер штатын қысқартуға мәжбүрлеп отыр. Осыған байланысты өндірістік процестерді тұрақтандыру, қызметкерлердің еңбек құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету және олардың жұмыс орындарын сақтап қалу мақсатында облыс әкімдігі 2474 жұмыс берушімен және кәсіподақтармен өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Алынған шаралардың арқасында жұмыс орындары сақталып, қысқартуға жоспарланған 2637 адамның 2227-сі жұмыс орындарында қалдырылды. Бұл –осынша отбасына жасалған қолдау-көмек деген сөз. 

 «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» демекші, бар игілік атаулының адал еңбектің арқасында келетіні белгілі. Облысымызда халықты жұмыспен қамту мәселесі бойынша да үлкен нәтижелерге қол жеткізілді. Облыс бойынша экономикалық белсенді халық саны 2010 жылғы 270,8 мың адамнан  2015 жылдың 1 тамызына 302,1 мың адамға дейін өсті, бұл 11,1 пайыз өсім. Жұмыспен қамтылған халық саны да жылдан-жылға артып отыр. Атап айтқанда, бұдан бес жыл бұрын жұмыспен қамтылғандар саны 256,1 мың адамды құраған болса, бүгінгі күнге 286,1 мың адамға дейін артты. «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы жүзеге асырылғаннан бері бұл бағдарламамен 18,4 мыңнан астам адам қамтылды.

Кәсіпкерлік негіздеріне 2884 адам оқытылған болса, 2,0 мыңнан аса адам шағын несиелер алды. Экономиканың түрлі саласында кәсіби оқуларын аяқтаған 9,0 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Халықты жұмыспен қамту мақсатында облыста іске асып жатқан инвестициялық жобаларға жұмысқа орналастыру жөнінде 2015 жылға арналған кешенді жоспар бекітілді. Жоспар бойынша 14,9 мың адамды жұмысқа орналастыру қарастырылған. Күні бүгінге 9,8 мыңнан астам адам (66 пайыз) жұмысқа орналасты. Осындай келелі жұмыстардың нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 5,4 пайыздан 4,9 пайызға дейін төмендеді.

Еліміздің тұңғыш Президентінің жүргізіп отырған сындарлы саясатын жергілікті жерде жүзеге асырушы орган ретінде біз әлеуметтік қорғау жұмысын барған сайын жандандыра беретін боламыз.

 

Клара МҰҚАШКЕРЕЕВА,

облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік

бағдарламалар басқармасы басшысы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз